Қазақта «Қудың ажалы амалынан, қомағайдың ажалы тамағынан» деген мақал бар. Қомағайлық, қанағатсыздық адамды сан соқтырып кететін жаман әдет.
Эскимостардың қасқыр аулау тәсілі өзгеше әрі өнімді. Олар қақаған аязда қылпылдаған өткір пышақтың жүзіне хайуанның таза қанын жағады. Қан қата бастағанда, тағы да ыстық қан бүркеді. Міне, осылайша қайталана келе пышақ жүзіндегі қан тастай берік мұз қатпарларына айналады.
Сонан, пышақ жүзін жоғары қаратып, жерге берік орнықтырады. Қан иісіне еліткен аш қасқыр алмас пышақты іздеп табады да, әй-шайға қарамастан пышақ жүзіндегі қатқан қанды обырлана жей бастайды. Буы бұрқырап, ери бастаған жануардың ыстық қаны бөрінің сілекейін онан ары шұбырта түседі. Кәніккен қасқыр ендігі жерде аласұра пышақтың жүзін ес-тұссыз сорып, қатыр-құтыр шайнайды. Өткір семсер тілін қан жоса қып орып кеткенін де сезбей қалады.
Қар бораған аязды түнде аш қасқыр өз қанын өзі сүліктей сорып тұрғанын қайдан білсін. Дірдектеп аққан ыстық қанды көрген сайын қомағайлана түседі. Сөйтіп, бірте-бірте қансыраған қасқыр сол жерде сеспей қатады екен.
Аш көздік аң түгілі адамды да аздырады. Дүние мүлікке көз тоймайтын жемқорлар бар. Тек, көз тоймас көп дүниенің астарында алмас қанжардың барын ұмытпаған абзал!
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidul.com