- Негізгі бет
- Психология
- Ескі ренішті еске...
Ескі ренішті еске сақтау қатынасқа қалай әсер етеді?
Қатынасты анықтау кезінде ол адамның көрсеткен ескі реніші мен қылығын қаншалықты жиі еске аласыз? Сіздің ойыңызша, ол қатынасты реттеуге көмектесе ме? Тіпті, ең кішкентай және бір қарағанда зияны жоқ болып көрінген сөздер атысының өзі өткен қателіктерді еске түсіру кезінде сөйлескіңіз келген адам үшін неге айналатынын білесіз бе? Бұл сұрақтардың жауабын білетініңіз анық, бірақ оған мән бермеген боларсыз. Мүмкін, ол жаттанды бағдарлама бойынша жүретін шығар.
Ойланып көріңіз. Барлық жаман нәрселерді ыңғайы келгенде еске түсірудің не қажеті бар? Әлде, сіз есте сақтау қабілетіңізді жаттықтырып жүрсіз бе? Ештеңе ұмытпағаныңызды тексересіз бе? Мұның барлығын есте сақтаудың не қажеті бар? Оның қандай пайдасы бар және қалай көмектеседі? Ол кезде серігіңіз өзін қалай сезінеді? Мұндай жағдайда сіз өзіңізді қалай сезінер едіңіз? Біреу сіздің бұрынғы қателіктеріңізді еске сала берсе, қандай жағдайда боласыз? Сіз ол ісіңіз үшін бірнеше рет кешірім сұраған болсаңыз да, әр ыңғайы келгенде қайталап айта берсе, бейбіт келіссөзге келер ме едіңіз? Сондықтан да ол адам сіз шабуыл жасағанда қорғана бастайды. «Сол кезде ... есіңде ме? Сенің ... әлі есімде. Сенің сол кезде істегеніңді ұмытпадым. Сен әрқашан ...» деген сөйлемдер басталғанда сіз қатаң айыптаушыға айналасыз. Нақты осы шақтағы жағдайды талқылаудың орнына өткенге орала бересіз. Әдетте, мұндай әңгіме жақсы аяқталмайды. Себебі өткен ренішінде тұрып қалған адамға бірдеңе түсіндіру де қиын. Мұндай уақытылы еске түсірулер ең керемет және мықты қатынастың өзін бұзуы әбден мүмкін. Тағы бір кезекті шабуылдан соң серігіңіз ештеңе түсіндіргісі келмейді. Оның қорғанатын орнықты әдеті өңделеді. Кейде агрессиялық болса, кейде үндемейді. Уақыт өте «біреудің» қылықтарын білетін, бірақ өзінікі туралы ұмытатын адаммен сөйлесуге ықыласы да болмайды. Қатынаста бір-бірінен қашу немесе толық елемеу басталады. Себебі, не айтса да, не түсіндірсе де, соңы өткенді бетке басумен аяқталады. Егер оның барлығын айтқан соң, өзіңіз жақсы болып қалсаңыз екен. Бірақ, олай емес. Өзіңізді одан әрі ауыр күйге түсіресіз. Терең бақытсыздық сезімі мен жан ауруы іштен жеп жатқандай болады. Бірден өзіңізге деген аяушылық туындайды. Өзіңізді құрбанмын деп есептейіз. Ашу, жек көрушілік және агрессия сіз үшін сөйлейді. Жаңа ғана болған кішкентай мәселені талқылап жатқанда өткенді айтып, қайтадан үлкен ауыруға әкелесіз.
Өткенді еске түсіре отырып, жағымсыз сезімдерді мың есе арттырасыз. Өзіңізді қайнау нүктесіне дейін апарасыз. Тіпті, ашудан тісіңіз сықырлайтын жағдайға дейін жетесіз. Мұндай жағдайдағы адам жаңа туындаған мәселені дұрыс бағалай ала ма? Басқа адамның түсініктемесін тыңдай ала ма? Оның әрекетін түсініп, қабылдай ала ма? Әрине, жоқ! Мұндай жағдайда кінәлау және қайтадан ренжіп қалу оңайға түседі. Яғни, кінәлау тізіміне тағы бір тармақ тіркеледі. Бұл шексіздікке дейін жалғаса береді. Реніш мөлшері көбейе береді. Бірі өзінің ренжіген ауруына батып, құрбан рөліне кіріп жүрсе, екіншісі әр кез болып жатқан жағдайды түсінбей қалады. Серігіңіз бұл сандырақ театрына қатысуға ықыласы жоғала бастайды. Жұптар арасындағы қашықтық алшақтай береді. Олар бірін-бірі түсінбейтін және естімейтін жағдайға дейін барады. Ендеше, не істеу керек?
Ренішіңізді созып жүруді тоқтатыңыз. Өткенмен өмір сүруді доғарыңыз. Ыңғайы келген әр жағдайда бұрын болған істі еске түсірмеуді үйреніңіз. Егер серігіңіз сіз күткендей нәрсені басқаша жасаған болса, нақты сол жағдайды талқылаңыз. Қазір болғанды анықтаудың орнына өткенге оралмаңыз. Ол реніштерден бұрында құтылуыңыз керек еді. Ол өткендегіні не істесеңіз де өзгерте алмайсыз. Қазір серігіңіз не айтса да, не істесе де, ол өтіп кеткенді өзгерте алмайды. Өткен сол үшін де өткен деп аталады. Қазір және осы жерде бір-біріңізді түсінуге және естуге мүмкіндік бар. Екі адам ешқандай жазғырусыз, жыламай, байсалды түрде қандай да бір сұрақты шешетін болса, дұрыс жауабын таба алады. Бір-біріне деген құрмет сақталады. Жазалап, талап еткеннен гөрі байсалды түрде сұрағанға келісу жеңілге түседі. Себебі, кез келген кінәлау жүйкеге тиеді. Ал талап қарыздар статусына итермелейді. Бірінші және екінші жағдайда да сұрақты тату талқылауға ұқсамайды. Бір жақтан кінәлау көп болған сайын, екіншісінде ішкі қарсыластығы көбейе бастайды. Сондықтан екіншісі де бірдеңені еске түсіріп, кінәлағысы келіп тұрады. Не ашуына тиіп, одан да жаман бірдеңе істеуді ойлайды. Қатынас жүйке тоздыруға айналып, әрбіреуі өзінің дұрыстығын дәлелдеумен болады. Егер уақытында тоқтамаса, жексұрын жауларға айналады, қатынас осымен тоқтайды немесе үзілмес ұрыс әрекетіне айналады. Сізге осы керек пе?
Татуласуға қадам жасау ешқашан кеш емес. Жаманды еске алу әдетіңізді тек жақсы нәрсені еске алумен алмастырыңыз. Себебі қатынасыңызда жақсы әрекеттердің де көп болғаны анық. Қатынасыңыздағы мейірімді, жылы, күлкілі сәттерді соңғы рет қашан есіңізге алдыңыз? Қашан шынайы әрі байсалды сөйлестіңіз? Бір-біріңіздің армандарыңыз туралы соңғы рет қашан сөйлестіңіз?
Кезекті сөзге келгенде өткенді айтқыңыз келіп тұрса, бірден терең тыныс алыңыз. Бірнеше рет тыныс алған соң, қазіргі сәтке оралып, сол мәселені ғана талқылауға кірісіңіз. Серігіңізбен келісіп алуыңызға болады. Қандай да бір құпия сөз ойлап тауып, келіспеушілік кезінде бір-біріңізді ашу үстінде байқамай кінәлай бастасаңыздар, сол сөзді айту арқылы тоқтау керектігін түсінесіздер. Себебі, бұл әдетке айналып кетсе, бастапқы кезде өздігіңізден одан арылу қиынға түседі.
Өткен реніштерді ұмытуға не көмектесетінін ойлап көріңіз. Ескі реніштерден ойыңызды бөліңіз, тіпті, олардан құтылыңыз. Ойланыңыз, мүмкін, бірдеңе жасағыңыз, үйренгіңіз, көргіңіз, оқығыңыз келетін шығар. Серігіңізбен бірге не істегіңіз келер еді? Жоспар жазыңыз, оны серігіңізбен талқылаңыз. Екі адамның ортақ мақсаты болған кезде – ол әрдайым оларды жақындата түседі.
Таңдау жасаңыз. Барлығын жақсы жағына өзгерту ешқашан кеш емес. Қуаныш пен махаббатта өмір сүріп үлгеріңіз. Осы шақта өмір сүріп үйреніңіз. Түсіну мен қабылдауға бағытталыңыз. Өміріңіздің қалай өзгергеніне таңғаласыз. Сол кезде өткенге оралғыңыз келмейді.
А. Жапатова