Көңілі түсіп, мазасыз күй кешетін жағдай барлығының басында болады. Алайда үнемі үнжырғасы түсіп, қашан көрсең тұнжырап жүретіндер бар. Мұндай адамды “құрбан күйіне” (жертва) түскен жан деуге болады.
Мұндай адам өмірінде болып жатқан жайсыздықтың бәріне өзгені кінәлайды. Өз әрекетіне жауап беру, өзі үшін таңдау жасау деген атымен жоқ. Тіпті тамақтанатын жерге барғанда қандай тағамға тапсырыс берерін білмей дал болады да, өзгелер не таңдап жатса, соны ала салады.
Құрбан күйіндегі адам айналасындағының барлығын өктем, өзін өте әлсіз сезінеді. Сондықтан күштілер әлсіздерді қорғап, қажеттілігін қамтамасыз етуі тиіс деп есептейді. Үнемі ата-анасының, күйеуінің, кейде тіпті баласының қанатының астында, қалқаланып өмір сүреді.
Бұл туа бітті пайда болатын қасиет емес
Түптамыры балалық шақта жататыны да белгілі. Сәби жаны әлденеден жараланса, автоматты түрде денесі “аман қалудың” жолын қарастырады. Содан барып “Не болса да сендердің дегендерің болсын, тек мені жақсы көрсеңдер болды” деген сенім пайда болады да, барлығына жағынуға тырысады. Бұл қайталана-қайталана, адам ғұмыр бойы осы ұстаныммен өмір сүріп кеткенін аңғармай қалады.
Бала жүрегі ата-анасының махаббаты жетіспеуінен, өзіне көп көңіл бөлмейді деп ойлағанынан өтірік ауыру, жылап-сықтау секілді айла ойлап тауып, іштей “маған қараңдар, халім мүшкіл” дегендей кейіп танытады. Сәйкесінше, ата-анасы да “ауырып қалған” баласына қарайласады. “Қулығы іскен асқан” бала өскен соң да сәл қиын жағдайға тап болса, миына жазылып қалған осы әдісті қолдана береді.
Ол ешкімнің қолын қақпайды, бетін қайтармайды. Барлығына ұнау үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Кішкентай кезінен ата-анасының көңілінен шығып, мақтау естіп, жағынған кезінде ғана махаббатқа бөленген бала ересек өмірге қадам басқанда біраз қиналады. Әлдекім оны қолдамаса, ұсынысынан бар тартса, бірден өзін тастап жібереді, түкке тұрғысыз біреу сезінеді.
Құрбан күйіндегі адам мұндай жайдан арылғысы да келмеуі мүмкін. Себебі жауапкершілікті мойнына алып, өзі қалаған өмірді сүрудің орнына, әлдекімге бағынышты болса да, өмір бойы келеңсіздікті өзгеге жаба салып, не болса да біреуге кінә артып өмір сүруді жеңілірек көреді. Алайда жақындары да оның үнемі өміріне шағымдана беруінен, оны қиындықтан алып шығудан шаршайды. Сондықтан кез келген жан өзін дамытып, білімін, танымын жетілдіріп, өзін ересек адам екенін мойындап, жауапкершілікті мойнына алып үйренгені абзал.
Құрбан күйіндегі адамның тілдік қорында мына сөздер жиі кездеседі:
– Сұмдық!
– Масқара!
– Мұндай жағдайда жұмыс істей алмаймын!
– Қолымнан келмейді!
– Үнемі жолым болмайды!
– Неге барлығы менің басыма төніп тұрады?!
– Бәріне өзім кінәлімін!
– Не болса да көнеміз!
Мұндай күй біз ойлағандай пайдалы емес екенін әрі ұзаққа апармайтынын түсіндік.
Одан қалай арыламыз?
• Өміріңізге шағым айтуды азайтыңыз. Шағымданғыңыз келгенде жай ғана өзіңізді тоқтатыңыз. Алдымен сағат сайын, күн сайын, одан кейін әптасына қанша шағым айтқаныңызды бақылаңыз. Ал әлденеге көңіліңіз толмаса, қарқылдап тұрып күліңіз немесе би билеңіз. Иә, ақымақтың әрекетіндей көрінуі мүмкін, алайда пайдасы тиеді.
• Өзіңізге көңіл бөліңіз. Отырып, өзіңізге ұнайтын істің тізімін жазыңыз. Біртіндеп осыны өмір салтына айналдырыңыз. Өзіңізге ұнайтын таңғы ас жасап ішіңіз, көшеде серуендеңіз, денсаулығыңызға қарауға уақыт арнап, дене бітіміңізді түзеңіз. Массажға жазылыңыз, салонға барыңыз. Сізге ешкім қой демейді, алдымен байқап көріңіз.
• Жүрісіңізді түзулеңіз. Басыңызға кітап қойып, арқаны тік ұстап жүруді үйреніңіз. Жанарыңызды төмен салмай, қақшиып жүруді әдет қылыңыз. Әңгімелесіп отырған адамыңыздан қаймықпай, көзіне тік қараңыз. Өзіңізге деген сеніміңіз арта түседі, көресіз!
• Арыз-шағым сөзіңіздің орнын мынадай сөзбен алмастырыңыз:
– менің шешімім осы;
– осындай шешім қабылдадым;
– осыны аламын;
– қолымнан келеді;
– бәрі өзіме байланысты.
• Ұнайтын ісіңізбен айналысыңыз. Ішіңіздегі баланың армандарын орындаңыз. Айналаңыздағылардың пікіріне құлақ аспаңыз. Ақырындап олар да сіздің "жаңа меніңізге" бойы үйреніп, қабылдай бастайды. Бастысы – мұндай әрекеттерді аяқсыз қалдырмай, әдетке айналдыру.
• Жаңа нәрселерді байқап көріңіз. Бұрын жүрмеген жолмен жүріңіз. Бас сұғып көрмеген кафеге кіріңіз, атын естіп көрмеген тағамға тапсырыс беріңіз. Осылай миыңыз жаңа нәрсені қабылдауды үйренеді.
• Таңдау жасауды үйреніңіз. Алдыңызға екі түрлі киімді, екі түсті далапты, шай мен шырынды қойып, қайсысын таңдайтыныңызды шешіп тәжірибе жасап көріңіз. Бұл жерде ұзақ ойланбай, бірер секундта шешім қабылдау маңызды. Ешкімнің кеңесіне жүгінбей, өзіңіз таңдап дағдыланасыз.
• Жеңістің ұлы, кішісі жоқ. Қолыңыздан келген әр әрекет үшін өзіңізді іштей мақтан тұтып, сол үшін өзіңізге сыйлық жасауға да болады. Әр жетістігіңізге қуана біліңіз. Оны елеусіз қалдырмаңыз.
• Айналаңыздағыларға алғыс айтып үйреніңіз. Рақмет жаудырғыңыз келетін төрт-бес адамды еске түсіріп, олардың атын жазып қойыңыз. Өзіне хат жолдасаңыз да болады.
Осы нәрселерді үнемі қайталап отырсаңыз, өміріңіздегі қара жолақтар азайып, керісінше қуанышты, бақытты сәттер көбейе бастағанын бірден байқайсыз.