- Негізгі бет
- Психология
- Ешкімге тәуелсіз қыздар...
Ешкімге тәуелсіз қыздар қандай болады?
Қыз баланың тәуелсіз болуы міндетті түрде феминист (феминизм – әйелдердің еркектермен құқықтағы теңдігі жолындағы қоғамдық қозғалыс) болу деген сөз емес. Бұл - бойындағы ұялшақ, сыпайы, нәзік немесе табандылық, өз дегенінен қайтпайтын мінезінің бар екеніне қарамастан, өз пікірін айта білуі. Айтып қана қоймай, оны жүзеге асыра білу. Сондықтан қоғамдағы пікірге қарамастан, тәуелсіз болуға септігін тигізетін бірнеше кеңес ұсынамыз:
1. Өзіңізді өзге қыздармен салыстырмаңыз. Өзгелерге деген қызғаныш сізді жаңа істерге жігерлендіргенімен, өзіңізге көңіліңіз толмаушылыққа алып келеді. Ең бірінші қызғаныш сырт келбетке байланысты туады, әсіресе күнделікті фильмдер мен жарнамалардан көретін қыздардың сұлулығына сұқтанудан. Нәтижесінде қыздардың барлығы өз бойынан кемшіліктер іздей бастайды.
2. Қызғаныш сезімін жеңе біліңіз. Мысалы, өзіңізбен қатар оқитын құрбыларыңыздың сәнбике болып түрлі жарнамаларға түсетініне қызғанышпен қарайтын болсаңыз, оларға дәл осылай әдемі жүрулері үшін ақша төленетіндігін ұмытпаңыз. Және сурет пен жарнамаларға сене бермеңіз. Оның барлығы суретті өңдейтін бағдарламалар көмегімен өңделеді. Ал «Ана тілі аруы», «Қазақ аруы», «Қыз сыны» секілді жарыстардың жөні бөлек. Ондай жарыстарға табиғатынан сұлу қыздар қатысады.
3. Өзіңіздің жағымсыз қасиеттеріңізді өзге қыздардың жағымды мінезімен салыстырмаңыз. Әрбір қыз өзінше сұлу. Біреуінің көздері қарақаттай мөлдір болса, екіншілерінің табиғатынан аяқтары түзу болады, тағы біреулерінің шаштары селдір келеді және т.б.
4. Сүйіктіңізбен қарым-қатынасыңызды бақытпен шатастырмаңыз. Жігітіңіз өміріңіздің мәніне емес, тек маңызды бөлшегіне айналуы тиіс. Қанша жерден махаббатты жоғары қойсаңыз да, бірінші кезекте өзіңіз үшін өмір сүріп үйренгеніңіз жөн.
5. Мәңгілік еш нәрсе жоқ екенін түсініңіз. Ең жақсы, ыстық махаббатқа толы деген қарым-қатынастың өзі де әйтеуір бір күні үзілуі мүмкін. Сол себепті айырылысқан кезде қиын болмау үшін өз аяғыңызда нық тұрғаныңыз жөн.
6. Ата-анаңыз және туған-туысқандарыңызбен, салауатты өмір салтымен жақсы қарым-қатынаста болуды ұмытпаңыз.
7. Міндетті түрде сәнге ілесудің қажеті жоқ. Тәуелсіз қыздар сәнге де тәуелсіз. Олар үшін атақты брендтердің киімі емес, өзіне жарасатын киімдер маңызды. Сәнді өзіңіздің көңіл-күйіңізді білдіру құралы ретінде ғана пайдаланыңыз.
8. Дизайнерлердің киімін арық қыздар ғана таныстыратынын есіңізге алыңыз. Яғни сәндегі киімдер сізге мүлдем жараспауы мүмкін.
9. Әрине, сәнге ілесуде тұрған еш нәрсе жоқ. Сәнді киімдер киетін болсаңыз, сізді ерекшелендіріп тұратын акссесуарлар қосуды ұмытпаңыз.
10. Білімді болыңыз. Мектепте оқысаңыз да, ЖОО-да білім алып жатсаңыз да, білімді болуға тырысыңыз. Бұл кейін мансап жолын қалыптастыруға септігін тигізіп, өзгелер сізді сыйлайтын болады. Жинақтаған біліміңіз мәдениеттілігіңізді көрсетеді.
11. Білімді өз бетіңізше оқып алуға болады. Саясаттағы, ғылым мен техникадағы, сән әлеміндегі соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырыңыз. Шет тілдерін меңгеріңіз, деректі фильмдер көріп, көркем шығармалар оқыңыз.
12. Өзіңізді қорғай біліңіз. Сізді біреу өз мүддесі үшін пайдаланып кетпесін десеңіз, өзіңіз үшін жауап бере біліңіз. Біреу сіздің көңіліңізге жақпайтын, намысыңызға тиетін сөздер айтса, мұндай сөздерді мүлдем қабылдай алмайтындығыңызды айтыңыз. Міндетті түрде салғыласып, айқайласудың қажеті жоқ, бұл әрекетінің мәдениетсіздік екенін түсіндірсеңіз жетіп жатыр.
13. Адамдар сізді ренжіткенін білетін болсын. Біреу сізді ренжіткен болса, одан бұл өкпеңізді жасырмаңыз. Осы әрекетіңіз арқылы, дәл осындай қылықтың болашақта қайталанбауына себепші боласыз.
14. Денеңіздің сымбатты болуына мән беріңіз. Жеке күш физикалық, ақыл, эмоция түрінде көрініс тауып отырады. Мықты болғыңыз келсе, осы үшеуін үйлестіре біліңіз.
15. Күніне 1 сағат жаттығу жасаңыз. Міндетті түрде олимпиада чемпионы болудың қажеті жоқ, бар болғаны үйдің айналасында быраз жүгіріп, велосипед айдаңыз. Денсаулық көтеріңкі көңіл-күйдің кепілі.
16. Жемістер мен көкіністерді, сүт тағамдарын, дәруменге толы етті көбірек жеңіз. Май мен қанттан бойыңызды аулақ салыңыз.
17. Қаражатыңызды ретке келтіріп отырыңыз. Өз қаражатыңызды дұрыс реттеу арқылы, шын мәнінде тәуелсіздікке қол жеткізе аласыз. Түкке қажеті жоқ майда заттарды сатып алмастан, ақшаңызды айламен жұмсаңыз.
18. Өз бетіңізбен қанша ақша таба алатыныңызға мән беріңіз. Мейлі ол ақшаны түскі асқа деп ата-анаңыз берген болса да, жинап көріңіз. Ал жалақысы бар жұмыста жүрсеңіз, ақшаңыздың қанша бөлігінің қайда аударылып жатқанына да мән беріңіз.
19. Ақшаңызды жұмсаған кезде қажеттілік пен рахатты ажырата біліңіз.
20. Өзгелерге көмектесе біліңіз. Өзіңіздің үстемдігіңізді өзгелерге көмектесу арқылы көрсете аласыз. Бұл үшін міндетті түрде бай болудың қажеті жоқ. Өзіңізді қызықтыратын ауқымды шараларға қатысып, волонтер ретінде үлес қосыңыз. Көмек сұрағандардан аянып қалмаңыз. Қарияларға сөмкесін көтерісіп, автобуста орын беру арқылы жақсы істер жасаңыз.
Ал сіз қаншалықты тәуелсізсіз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: filmz.ru
Қ. Бүйенбай