- Негізгі бет
- Психология
- Ешкімге ренжімеуді үйрену...
Ешкімге ренжімеуді үйрену
Реніш – ең нашар сезім. Кімге, неге ренжігеніңізді ешкімге айтпай, «ішімдегіні тап» деп жүре беретін тоңмойын болсаңыз, тіпті жаман. Өзіңіздің де, өзгелердің де көңілін түсіресіз, ешкімге жақсылық әкелмейсіз. Болымсыз өкпенің соңы үлкен дауға ұласып, жақын адамыңмен араңыз мүлдем үзіліп қалуы да мүмкін.
«Мені ренжіту оңай емес» деп ешкімге ренжігісі келмейтін кейіп білдірсе, «Менде өкпе жоқ, тек бауыр бар» деп жарқырай әзілдеп жүрсе, шынында да, болар-болмасқа ренжіп, текке көңілін түсірмейді.
Мысалмен түсіндіріп көрейік. Сізге анаңыз не енеңіз, болмаса сүйіктіңіз, әлде әпкеңіз, құрбыңыздың біреуі «Мына еденді дұрыс жумапсың» деп айтты (не пісірген тамағыңыз, не киген киіміңіз жөнінде сынады) делік. Қандай сезімде боласыз? Бірден ашу шақырасыз. Бұлқын-талқан болып «Мен оны бірнеше рет көбік сумен жудым». «Онсызда жұмыстан шаршап келіп, бағанадан бері терлеп-тепшіп жүрген еңбегімді бағаламадың». «Ұнамаса өзің жуып ал» деп кейідіңіз. Сіздің бұл сөздеріңізге ол ренжіді. Не болды?
Ал бәрі басқаша болса ше? Санаңызды басқаша дағдыландырасыз. Дәл сол жағдай. «Мына еденді дұрыс жумапсың» деді. Сіз өзіңізді сабырға шақырыңыз да неге олай ойлайтынын сұраңыз. Тек бұл емес, қандай жағдай болса да, үйретуін, үлгі көрсетуін сұраңыз.
Мүмкін, шынында да, сіздікі дұрыс болмаған щығар. Кез келген істе себебін анықтауға тырысыңыз. Мәселенің мәнісі табылды. Бәрі оңынан шешілді. Енді бір кезде босқа бұртиып жүрген кезіңіз бен қазіргі жайдары шағыңызды салыстырыңыз. Қайсысы жақсы? Әрине, жайдары жүрген жан бәріне жағады.
Санаңызды тура басқарып, жағдаятты шешу керек. Осыны ұранға айналдырыңыз. Өміріңіз өзгеріп сала бергеніне куә боласыз. Мұны тек бүгін, ертең бір сәт қана емес, ғұмыр бойы есте ұстаңыз.
@. @assel_assanova