Біреудің шешімін, пікірін өзгертуге ұмтылмаңыз. Жақын адамыңыз сіздің қалауыңызбен шешім қабылдауы екіталай. Оның пікірін тыңдап, қабылдаңыз. Өзіңізбен өзіңіз өмір сүріңіз.
Даналар «ешкімге және ештеңеге бауыр баспа» деген екен. Жылдар өте келе әр адам мұның мәнін түсіне бастайды. Алайда көбі бұл сөзді ақылға қондырып, ұстаным етіп алмайды. Неге? Бауыр басу деген сезімнен қалай бас тартуға болады?
Бас тартуыңыз керек. Бауыр басу – еркіндіктен бас тартумен тең. Бауыр басу темекі, шарап, ойын азартымен тең келеді. Мұның бәрі адамның тұлғалық ерекшелігінен арылуына әкеледі. Сүйгеніне бауыр басқан адам сағат сайын бақылап, іздеп отырады. Қайда болғанын, кіммен сөйлескенін, бүгінге қандай жоспары бар екенін қадағалайды. Бұл әдет оның өзінің емес, өзгенің өмірін сүруіне әкеліп соғады.
Не істеу керек? Жауап айдан анық: жібере біліңіз. Өзінше өмір сүруге мұрша беріңіз. Әрине, сыңарыңызға жиі сіздің кеңесіңіз, қолдауыңыз, көмегіңіз керек болып тұрады. Ондай кезде жанынан табылып, шын жүректен көмектесуіңіз керек. Бірақ сіздің кеңесіңізді тыңдамай, бас тартуы мүмкін екеніне дайын болыңыз. Себебі, әр адам әртүрлі. Біреуге жақсы зат, басқаға орынсыз көрінеді. Бұл сіздердің «бір біріңізге лайық емес» екеніңізді көрсеткіші деп түсінбеңіз. Екі бірдей адам кездесіп, бірге өмір сүруі өте сирек кездесетін құбылыс.
Сіздің басты міндетіңіз – өз өміріңізді, тұлғалық қасиеттеріңізді, әдет-қылықтарыңызды билеп, жақсырақ етуге тырысу.