Балалық шақтың бағасын кеш түсінеміз. Ал дәл бала болып жүрген кезде оның қадірін ойламаймыз. Себебі балалық – ақылдың қалыптаспаған шағы. Ойын қуып жүрген шақта тезірек мектепке баруға асықпаймыз. Тек ойнап жүре бергіміз келеді. Ал мектеп табалдырығын аттаған соң бәрі өзгереді. Себебі жыл сайын сынып ауысып, жоғары сыныпқа өткен сайын қызығушылық арта түседі. Ең жаманы есеюге асығамыз.
Бастауыш сыныпта оқып жүріп, тезірек есейіп 10-11 сынып оқысақ екен дейміз. Оған тікелей себеп үлкен адамдардың күші көп немесе олардың қыздарды өзіне қаратуға мүмкіндігі көп деп түйеміз. Ал ол себепке алып келетін сыныпта оқитын қыздарымыздың өзінен үлкен жігіттерге көз тастауы еді. Біз өзіміздің күш-жігерімізді есею өлшемімен салыстарымыз. Егер сол кезде қазіргі ақыл болса бәлкім есеюге асықпас па едік.
Жоғары сыныпқа жеткен кезде қаладан ағамыз келеді. Жоғары оқу орнында білім алып жатқан оның әр кезде келіп-кетіп жүргенін көріп, «қандай рахат, университетте сабақ оқымайды» деп ойлаймыз да, тезірек мектеп бітіруге асығамыз. Тағы да есею. Тезірек мектеп бітіріп, студент атанып еркін жүргіміз келеді. Бірақ студенттердің де оқитынын ескермейміз, ол өмірдің мектеп қабырғасынан да қиынға соғарын сезінбейміз.
Уақыт тоқтамайды. Ақыры ол күнге де жетеміз. Өзі-ақ алып келеді. Есейіп-ер жетіп, оқуға түсеміз. Университет қабырғасында жүріп білім аламыз. Өткенге бір үңілеміз де күлеміз. Тіпті қайта баруға деген аңсау болады. Себебі біз университет қабырғасындағы тапсырмалардың ауыр екенін сезінбедік. Басқа түссе баспақшыл деген осы кезде басталады.
Университетте жүрген кезіңізде жоғары курстың студенттері бітіріп, жұмыс істеп ақша тауып, үйленіп үй болып жатады. Оны көріп тіпті ес кетеді. Тағы да есею. Ендігі есею әдемі қыздарды өзіңізге қарату емес, материалдық құндылықты тез табуға асығу. Жұмыс жасау. Тезірек университетті бітіріп, жұмыс істегіміз келеді. Айлық алып, көп ақша тапқымыз келеді. Бірақ жұмыс істейтін қоғамның ең қатал әрі ең қиын екенін білмейміз.
Қазір жұмыстасыз. Ұйқымен, ойынмен өткізген сенбі мен жексенбіні енді аңсап жетесіз. Тіпті жеті күннің ішінде ең кереметі сол екі күн болып көрінеді. Ақша табудың оңай емес екенін түсінесіз. Бірақ кеш, сіз есейдіңіз. Сол күнге асықтыңыз. Ал дәл сол күн алдыңызға келген кезде сіз шаршай бастадыңыз, жалықтыңыз, тіпті өмірдің қатал күндеріне шыдай алар емессіз.
Иә, өкініштісі бала күнімізден ешкім бізге өмір жайында сабақ бермейді. Себебі ол күнге жеткенше бәрі уақытымен келеді деп түйеміз. Шындығында олай емес. Уақыт өз керегін алады. Ал арасынан өзіңе қажетіңді ұстап қалу сіздің қолыңызда.
Есеюге асықпаңыз. Әр жастың, әр сәттің қадірін біліңіз. Себебі жастық шақ, балалық бал күндер қайтып келмейді. Тек еске аламыз, аңсаймыз, сағынамыз. Бітті.