Сонымен, дос, өзіңмен әңгімелеспегелі көп болыпты. Айтайын дегенім, біз күнде «ертең-ертең» деп, еркімізді ұмыттық. Біз үшін ертең бәрі жақсы болады.
Есіңде ме, бала кезімізде де «өскенде бай болам, өскенде анау-мынау боламын» дейтініміз. Бала бола алмай жатып, есеюге асықтық. Күлкілі сияқты ғой. Солай ғана болса игі еді. Өсе келе осы әдетті тастамайтын болдық. Мұның атын еріншектік, жалқаулық деп те қойып үлгердік. Жоқ. Бұл «ертеңді» сағынған «кешегі». Біз «бүгінімізді» қадірлемейміз. Сол «бүгін» бізді неліктен, не үшін қадірлеуі керек деп ойлайсың? Ақыл айтып кеттім бе? Мен олай ойламаймын.
Ағылшын жазушысы, пәлсапашысы «Аз адам ғана бүгінімен өмір сүреді, ал көбі ертеңімен өмір сүруге дайындалып жүр» депті. Аудармаға назар аудармай-ақ қой, мағынасын түсіндің. Сонымен, «бүгінмен өмір сүру» дегеніміз не?
1. Психолог мамандар айтады: «Ақшаның соңына түскен адамдар бақытсыз болады». Рас па? Рас. Келіспеуге де болады. Күні-түні шытырлаған ақша қолына тигенін елестетіп, түсінде де сол ой торып жүрсе бұл енді артық, тым артық. Бүгінімен өмір сүру дегенді біреулер «бар қызықты көріп қал» деумен шатастырады. «Бүгініңмен өмір сүруді» «ертеңіңді ойла»-мен шатастырмау керек.
2. Әрбір істі жасағаныңда оның нәтижесі ешқандай да маңызды емес екенін білу керек. Егер іс барысы дұрыс әрі саналы, тіпті нақтыланған болса жақсы. Осыған байланысты кішігірім мысал ұсынайын:
«Бірде атасы жігіттік шаққа келген немересін тауға апарып, бір «кереметті» көрсетуге уәде береді. Баласы бұдан кейін шын көңілімен қуанып, әлдеқандай ғажаптың куәгері болатынын асыға күтеді. Екі апта өткен соң атасы тауға баратындарын айтып, жол жүреді. Тау басына шыққан немересі атасынан титықтап сұрай бастайды.
- Ата, 3 сағат жүріп келдік. Келген шығармыз?
- Иә, келдік, құлыным. Мен саған мына жерде жатқан қарапайым тасты көрсеткім келді.
- Тас?! Мұның не кереметтігі бар?
Сонда атасы:
- Кереметтігі сол – мен сенің екі апта және үш сағат бойы қуанышты жүзіңді көрдім. Білесің бе, бастысы нәтиже емес, бастысы – сәт...»
3. «Еріншектің ертеңі бітпес». Бізде жаман әдет болмаса мұндай сөз қазақта қалай пайда болды? Көреген халықтың қалып айтпаған көрінісі осы. Жасағың келген істі қазір жасау керек. Әманда осылай болса дейтін ниет бар.
Ал сен, бауырым, қазір не істеуің керек еді?
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: vk.com