Біздің елімізде ерлер шамамен жалпы халықтың 48%-ын, ал әйелдер 52%-ын құрайды. Білім беру ұйымдарындағы әйелдер саны күн санап артып келеді. Осыған қарамастан, қыз-келіншектерге қарағанда, ер азаматы көп ұжымдарды да кездестіріп жатамыз. "Дәл осы қыз-келіншектердің орында болсақ қой" дейтін бикештер аз ба? Шын мәнінде бұл сондай адам қызығарлық көрініс пе?
♦ Ер-азаматтар ұжымдағы қыз-келіншектерді аялап, оларға жұмыстың тек оңайын ұсынады деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі әркім жұмысқа өзі үшін, өз отбасы үшін еңбек етіп, ақша табуға келеді. Сондықтан «мен әйел затымын, неге маған көмектесіп жібермейді?» деп ойлау қате көзқарас.
♦ Кейбір бикештер орынсыз еркелеп, жігіттерді тәтті-пәтті алдыруға дүкенге жұмсағысы келеді. Ешкім сізге жеке қызмет көрсетуге міндетті емес. Егер барлығы тиын-тебендерін қосып, ортақ тамаққа салса, әңгіме басқа. Керісінше, шәй-пәй ішкеннен кейін, қыздар істей салады деп, өз ыдысын жумай тұрып кететін азаматтар да баршылық. Олардың ыдысын жууға да міндетті емессіз.
♦ Өзіңізді табиғи да байсалды ұстаңыз. Егер жұмыста бірдеңені бүлдіріп алсаңыз, орнына келтірудің орнына «мен қызбын, маған кешірімді» деп болған іске салғырт қарамағаныңыз абзал. Алайда бұл әріптестердің көмегінен бас тарту деген сөз емес. Сол себепті кейбір кездерде ер-азаматтар қол ұшын бергісі келсе, тәкаппарланып, «жоқ, өзім істеймін» деп сыздану да ыңғайсыз.
♦ Ұжымдағы жігіттердің жұмысына орынсыз араласып, ақыл айтудан аулақ болыңыз. Өйткені ол бұны кемсіту, тіпті кей жағдайда қорлау деп те ұғуы мүмкін.
♦ Келесі бір көңіл аударатын жайт - қызметтік роман. Бір жігіттер комплимент айтып, қалжыңдап, тіпті ойнаған болып, қолын қыздың денесіне тигізгісі келеді. Ондайда сыпайы, бірақ үзілді-кесілді тойтарып тастаған жөн. Әрине жұмыста танысып, отбасын құрып жататындар да аз емес, дегенмен мұндай қарым-қатынас жұмыстан тыс ортада жүзеге асуы тиіс.
♦ Ашық-шашық киінбеңіз. Сонда ретсіз қалжыңнан да, ұрлана қараған көзқарастардан да құтыласыз.
♦ Әріптес жігіттен сыйлық қабылдаған дұрыс па? Егер 8 наурыз секілді мейрамда бүкіл ұжым жігіттері қыздарды құттықтап жатса, оның еш айыбы жоқ, қуана қабылдаңыздар.
Бақытты болыңыздар!
Сурет: ©Николай Киреев
Оқи отырыңыз:
Жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасуға қалай дайындаласыз?
Сіздің құрбыңыз қандай адам?
Табысты болуға дайынсыз ба?
Табысты болуға дайынсыз ба? #2
Жұмыста табысты болудың жолдары