Бүгінгі қарбалас тіршілік жастардың өмірлік мақсаттары мен армандарын өзгертетін күшке ие болғаны рас. Соның бірі – ерлі-зайыптының балалы болуға асықпауы. Мұның себебін жастар немен түсіндіреді екен?
Басты себеп – «Жағдайымызды жасап алайық»
Қай жақтан жұққан салт екенін қайдам, әйтеуір бүгін жастар үйлене салып, жасалмаған жағдайдың ортасында өмірге бала әкелуге түбегейлі қарсы. Өйткені «Балалы болуды жоспарлау» деген нәрсе шықты. Олар үшін баланы өмірге әкелген соң барлық жағдайын жасау керек. Мұндай ата-аналар бала ешқандай қиындықты көріп өспеуі үшін, жас баланың жоқшылық пен қайыршылықта өмір сүріп, кедей тұрмыстың дәмін татпауы үшін оны өмірге әкелгенге дейін материалдық қажеттіліктерін жасап алуды көздейді.
Қазақ «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатады. Әйткенмен, бүгінгі қоғамдағы түрлі көріністің әсерінен жастар жағдайдың реті келмей тұрса, бала туа беруді қоя тұру керектігіне көзі жетіп отыр. Бес-алты бала-шағасымен далада қалып, түрлі себеппен отын-сусыз, ішер ассыз жүрген отбасыларды көргенде кез келген саналы адам ойлануға мәжбүр болады. Сондықтан да жас отбасылар осы шешімді қабылдауға амалсыз бел буады. Бірақ бұл «Ерлі-зайыпты бала сүюге неге асықпайды?» деген проблемаға жауап емес.
Сонда «Бір бала туса, бір түп жусан артық шығады» деген аталы сөз қайда қалды?
Қазақтың тарихында «бала жоспарлау» деген сөз атымен болған емес. Әлдеқашан топырақ жамылған ата-бабамыз тіріліп келер болса, мынаны естіп жағасын ұстар ма еді? Әлде балалы болып, ұрпақ сүюге асықпайтын жастарды таяғымен қуар ма еді? Көптің ойынша, қазақ халқының саны жағынан азайып бара жатуының ең басты себебі – осы. Баланы жоспарлап дүниеге әкелетін ата-ананың бала өсіруге келгенде қоятын талабы жалғыз осы емес. Өз әйеліне өзі қалаған кезде ғана бала көтеріп, босануына ерік беріп қойған ер адам ертең әйелінің бір не екі баладан соң дене-бітімі мен жүйкесі үшін осыдан артық туғысы келмейтінін айтса да көнуге дайын тұрады. Ұлт ретінде жойылудың алғашқы көріністері осыдан байқалып та жатыр.
Қу дүние мен жағдайға қарап құрсақты құлыптап жүрген ананың мұнысын көп қазақ құп көрмейді. Өйткені әйелдің парызы – жар атанып, өмірге бала әкелу. Ол ерімен жағаласып жағдай түзеуге міндетті емес. Мазарға айналудың алдында тұрған шаңырағына әр кіргізіп, баланың дауысымен жаңғыртып базарға айналдырып отырса, үйде де береке болады. Ер адам да сонда ғана өзінің әкелік міндетінің ауырлай бастағанын сезініп, солардың қамымен тіршілік ете бастайды.
Барлық жағдай жасаулы тұрған отбасында өскен бала шүкіршілік етуді аса біле бермейді. «Әкенің малы балаға мал болмайды» дейді атам қазақ. Бала аш болмай, жалаңаш болмай өссе де, жетеді. Бар жағдайы жасалған бала көбіне жалқау болады. Мұндайлар еңбек, адал тер деген сөздерді түсінбейді. Ал бала шағында «жоқ» деген сөзді аз болса да естіп өскен бала «бардың» қадірін жақсы білетін болады.
Әйткенмен, біз ешкімнің өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарын бұза алмаймыз. Тек балалы болу тақырыбына келгенде мұны ауқымды мәселе ретінде қарап көрейікші. Бұл бір сіздің отбасыңыздың ғана емес, бүкіл Отанның мәселесі екенін түсінейік. Өйткені адам санының өсуі ұлттық тақырыпқа келіп тіреледі. Ертең сіз бен біз өмірге әкелетін ұрпақ қазақ ұлтының көшін жалғастырмай ма? Болмаса болашаққа қай бетімізбен қараймыз?