- Негізгі бет
- Психология
- Еркекті тізгіндеймін деп...
Еркекті тізгіндеймін деп ойламаңыз
Адам періште емес, бәрі қателеседі, періште де алтын көрсе, жолдан таяды. "Мен қателік жібере беремін" деп, жылы жауып қоя беруге болмайды. Нәзік жандылардың қатарында кейбірі бір қателікті жиі жіберіп алатындары бар. Қандай қателіктер екен?
1-қателік: Болжау
Адамдар бір-бірінің ойларын оқи алады дегенге сенуі. Адамның көзқарасынан, әрине, көп нәрсе түсінуге болады, бірақ сіз ешқашан оның не ойлап тұрғанын толықтай біле алмассыз. "Мен оған ештеңе айтпаймын, керек болса, өзі түсініп алсын" деген ойлар әлбетте дұрыс емес. Жігіттердің көбісі қыздардың не ойлап отырғанын білуді армандайды, бірақ керек кезде гүл сыйлап, кешірім сұрамаған сәттері талай болады. Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – ашық тілдесу. Сөйлесіп, шын ойыңызды айтудан ұялмаңыз. Уақыт өте ол сізді бір көзқарастан да түсінуге үйренеді.
2-қателік: Өзім-ақ тәрбиелеп аламын
Адамның мінез-құлқы өмірінің алғашқы 5 жылында қалыптасады. Ал адамның тұлға болып негізгі қалыптасуы 21 жаста аяқталады. Яғни осы уақытта адам өмірінен не қалайтынын, өмірлік ұстанымдары мен қызығушылықтарын нақты белгілеп қояды. Сондықтан екі ондықтан ары өткен адамды өзіңізге ұнайтындай тәрбиелеп алу әлбетте мүмкін емес. Әрине екі ғашық махаббаты үшін келісімге келуге, кейбір сұрақтарда өзінің ұстанымдарын құрбан қылуға дайын болады. Алайда адамды түбегейлі өзгертемін деп ойламаңыз. Мәселенің шешімі оп-оңай: оны осылайша қабылдаңыз. Ал ұсақ-түйектерді ортақ келісіммен шешкен дұрыс.
3-қателік: Қызғаныш
Қызғану, ұрыстар, бақылау... Бұның бәрі ақыр соңында адамды шаршатып, сізден бас тартуға көндіреді. Ғашығыңызға неғұрлым көп тәуелсіздік берсеңіз, ол соғұрлым сіздің қасыңыздан шыққысы келмейді. Мәселе шешімі – сенім. Оның адалдығына шын сенсеңіз, өзіңіз де уайымдамайсыз, сүйгеніңіз де сенімді ақтауға лайықты болғысы келеді.
4-қателік: Жігіттердің бәрі бірдей...
Осылайша ойлайтын қыздардың көзінде расында барлық жігіт бірдей болып көрінеді. Ол міндетті түрде уақыт өте алдап кететініне сенімді болады. Бұл ойдан арылсаңыз, әр жігіттің жеке тұлға екенін байқар едіңіз. Олардың әрқайсысының қызығушылықтары, тағдыры сан түрлі. Солардың арасындағы өз ханзадаңызды жіберіп алмаңыз.
5-қателік: Асырып айту
"Қоңырау шалмағанына көп болды, ол мені ұнатпаған болар", "Телефоны сөндірулі, басқа қыздарға кеткен болар"... Қыздар ғашығы келеңсіз жағдайға ұшырап, не басқа қыздың құшағында отырғанына, оның телефонының батареясының отырып қалғанынан көбірек сенеді. Бұның себептері көп болуы мүмкін. Өзіңізге, жігітіңізге қаншалықты сенетіңізге, қиялыңызға да байланысты. Шешімі – сабырлық. Сабыр сақтап, жігіттің түсіндіруін тыңдаңыз.
6-қателік: Мен байғұс...
Жігітіңіз үшін бұрын-соңды жасаған жақсылықтарды еске салудың қажеті жоқ. Сіз оны шын сезімнің әсерінен істедіңіз емес пе? Ал оны қайта-қайта еске салу еш көмектеспейді. Рақмет пен жауапты істерді жасау-жасамау – жігіттің ісі. Ал сіз келесі жолы мейірімді істерді артынан болатын пайдаларын ойламай істегеніңіз жөн.
Тағы қандай қателіктер бар деп ойлайсыз?
Г. Берік