Қазақстанда 2009 жылы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» екі заң қабылданды.
Көп адам әкесінің анасына қол көтергенін көріп өсті. Балаларының көзінше ұрсысу, төбелесу әсіресе қыз бала үшін үлкен қорқынышқа айналғаны рас. Онымен қоймай, қыз бала бойжетіп, етек жиған соң, өзіне қол көтеретін жігітке кездессе ше? Жігіті күйеуі болмай тұрып, қызын ұрып, оған күш көрсетсе ше?
Бұл – әлбетте, өте ауыр сұрақ. Ешкімнің тағдырына араласуға құқымыз болмаса да, біз осы сұрақтың жауабын бірге іздеп көрейік.
Көп қыз тіпті ең жақын құрбысына жігітінің өзін ұратынын айтудан қымсынады. Нәтижесінде бұл мәселе тереңдеп, іштен тынудың ақыры орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жігітіңіз бір рет қол көтерсе, жақсылап ойланыңыз.
Ер адамды жерден алып, жерге салып, айыптамас бұрын бұл жағдайға дейін қалай жеткендеріңізді ой таразысына тарту керек. Ер адамның әйелге қол көтеруінде бірнеше себеп жатыр. Оның көп таралғаны:
1. Мас күйде есін білмей ұруы;
2. Хроникалық алкоголизм. Бұл адамның тоқырауына әкеліп, еркек адамшылығын жоғалтады;
3. Ер адамның психикалық ауытқуы.
4. Ер адамның тым қызғаншақ болуы;
5. Әйелдің өзін ұруға дейін жеткізуі;
6. Әйелдің ер адамға өзі бастап қол көтеруі.
Ең сорақысы қыз бала жігіттің қол көтеруіне шыдап, оған тұрмысқа да шығып, басын тәуекелге байлайды. Одан кейін еркектің әйелді ұруы отбасындағы үйреншікті жайтқа айналып кетеді. Нәтижесінде, зардап шегетін – тек ерлі-зайыпты емес, балалары да.
Бірден айтайық, "еркек – бас, әйел – мойын". Қандай ұрыс болмасын, кінә екі жақтан болса да, ұрысты ауыздықтау әйелдің қолында. Ұрмақ түгілі, дауыс көтеруге дейін жеткізбеген ләзім! Ер – әйелдің тұңғыш баласы тәрізді. Еркекті тәрбиелеу, оған жылы қабақ танытып, кез келген жағдайда қолдау білдіру әйелді өрге сүйрейді. Ер адам жылылық бар жерден ешқашан жерінбейді.
Қазіргі таңда қоғамдағы еркектің орны төмендеп бара жатқаны ешкімге жұмбақ емес. Осы жағдайда ер адам әйелге өзінің билеп-төстеушілік қасиетін көрсетем деп, әйелін бағындыру үшін қол көтеруі мүмкін. Бірақ есті еркек мұндайға ешқашан бармайды.
Әйелдер өзінің тілімен ер адамды қол көтеруге итермелеуі де көп таралған. Мәнісі – әйелдің өзін құрбан етіп көрсеткісі келуі. Кез келген жағдайда он ойланып, мың толғанып сөйлеу, сабырлылық таныту әйелдің басты қаруы болуы керек. Еркекті отбасы алдында төмендетіп, өзін жоғары көрсеткісі келетін, бар кінәні ер адамға аударатын әйелдер де жоқ емес. "Ерлі-зайыпты арасына есі кеткен түседі". Екеуара мәселеге ешкімді араластырмауға тырысқан жөн.
Егер ер адам тәрбиеге көнбесе, ұруын тоқтатпаса ойланыңыз... Сіздің тағдырыңыз бір адамға ғана байланып қалмаған! Сіздің де бақытты болуға құқыңыз бар!
Бұл өмірде бір-бірін ыммен түсініп, тату-тәтті өмір кешіп жатқан ерлі-зайыптылар, жұптар жоқ емес. Қарым-қатынасты сақтауға жұмыс істеген дұрыс. Бір мәселенің шеті шықса, оны ұрыссыз да шешуге болатыны есіңізде жүрсін.
Сөз соңында айтарымыз, әйел ерді "ерім" деп құрметтеп, төбесіне көтерсе, ер әйелді ханшайымдай көріп, алақанында аяласа, бақыт деген сол болмақ...
Автор: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: ostanovinasilie.org