Біздің қоғамда соңғы кезде қыздар тарапынан жігіттерге жиі мін айтылады. Елімізде олардың саны аз болғаны бір бөлек, мінездің ұсақталғандығы бір бөлек әңгіме. Әрине, оларға Абылай, Қобыланды болып жауға шап, Қайрат, Ербол болып төңкеріс жаса деуден аулақпыз. Дегенмен, заманауи ер азаматқа қойылатын талаптар бар. Осы жазбамызда ер мен ездің әрекеттерін салыстыра отырып, шынайы жігіттің кейбір қасиеттерін анықтамақшы болып отырмыз. Әрине, бұл қыз бен жігіт қарым-қатынасына байланысты. Бәрі де алғашқы кездесуден басталады емес пе?
1-мысал.
Ердің әрекеті:
Жігіт ханымға есікті ашады. Есікті аша отырып, оның шынтағынан, белінен, иығынан жай ғана ұстайды. Мұнда екпінді жігіттің батылдығына қою керек. Осындай әрекет арқылы қыз жігітке сеніп, өзінің қорғаны бар екендігін түсінеді, арқа сүйеуге бейімделеді. Бұл қимыл түрі кездесуге арналған. Және қызға деген қызығушылығы бар екендігін байқатудың бірден-бір амалы.
Ездің әрекеті:
Тура сол сценарий: жігіт ит көзбен қызға есік ашады, бірақ қорқыныш пен сенімсіздіктен бойын алыс ұстайды, бір жеріне тиіп кетпейін деген оймен айдалада жүреді, ойын ашық айтуға ұялады. Бірақ іштей ұнатып тұр. Қыздан сескенеді. Бұл оларға ұнамайды. Жалпы, қоян жүректі болу ешбір азаматқа жараспайды.
2-мысал.
Ердің әрекеті:
Ол кездесуге өзі шақырады. Кездесу орнын да өзі таңдайды, әрине, қыздың пікіріне де құлақ асады. Ал әдепті қыз таңдауды жігітке қалдырады. Жігіт кездесуге бастан-аяқ жауапты. Тіпті, соңында да қаржыны өз қалтасынан шығарады, өз көлігімен шығарып салады немесе таксиге төлейді. Есіктің алдына дейін шығарып салуды да өзінің міндеті деп санайды.
Ездің әрекеті:
Ол мың ойланып, жүз толғанып жүріп, кездесуге шақырады. Кездесу орнын таңдауды да ұмытып, жай ғана серуендегеннің өзін қанағат тұтады. Ал қыздар мұндайға көңілі толмағандықтан, бір жерге баруға ұсыныс жасайды. Тамаққа, киноға төлеу керек кезде қыздың ақша шығарғанын қалыпты санайды. Көше ортасында қоштасуға да ыңғайсызданбайды.
3-мысал.
Ердің әрекеті:
Ер жігіт ғашықтықтың тілін түсінеді. "Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл" деген даналы сөзді Абай бекер айтпаса керек. Ол қыздың сезімін бірден түсінеді. Ол босқа үміттенбейді, қиялдамайды, ашық сұрайды. Ал әдепті қыз жауапты бетке баспайды, құпия белгілер арқылы сезімін жеткізеді. Егер қыздың жүрегін жаулап алуға болатынын білсе, қолдан келгенді аямайды. Ал қыздан қайыр болмаса, басын тік ұстап, өз бақытын іздеуге аттанып кете барады. Қыз көңілінен шықпаған болса, әуреге салмастан, ештеңе шықпайтынын да ыммен білдіреді.
Ездің әрекеті:
Ол сезім білдіруге жасқанады. Оның ойынша, кездесуге шақыру – сезім білдіру деген сөз. Сол оймен екі тарапты да ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Бойжеткен сезімін тыйып ұстаса, тәкаппарлыққа балап, өзі де көкіректене түседі. Қысқасы, қарым-қатынас түсініспеушілікке ұласады. Тіпті, қыздың бірінші болып хабарласуын күтетін, я болмаса оның ишараларын ұқпайтын бөріктілеріміз де жоқ емес. Жарайды, қыз оған ұнамай қалды дедік, ол мұнымен қоймай қызға қорлау сөздерін айтуға дейін барады, өзгеге өсек қылып жеткізеді.
4-мысал.
Ердің әрекеті:
Ер жігіт көшбасшы бола біледі. Ол жауапкершілікті қай жерде мойнына алу керек екендігін түсінеді, алдағы қарым-қатынасқа жоспар құрады. Қыздар жігіттерге сөз бергеннен кейін ештеңе ойлағысы келмей, бәрін де сүйіктісіне қалдырып, жай ғана арқа сүйегісі келеді. Ал ол мұндайда екеуі үшін де шешім қабылдау керек екендігін жақсы біледі.
Ездің әрекеті:
Өзіңіз байқап отырғаныңыздай, ез ердің қарама-қарсы бейнесі. Оның бойында шешім қабылдау, көшбасшылық қасиеттері байқалмайды. Қыз сөзін берді, іс сонымен бітті. Бір қыздар сабыр сақтауы мүмкін, ал басқалары мұндайға шыдамайды. Кейінгі кездесулер де алғашқыдай өтеді. Қыз сүйіктісін сағынып шығады да: "Жаным, бүгін қайда барамыз?" деген сұрағына жігіттің: "Білмеймін" немесе "Сенің қайда барғың келеді?" деген жауапты алады. Ылғи да солай. Қыздардың жігіттің алдына шығуы, жігітті жетектеуі деген ұғымдар осыдан пайда болмай ма?
Мінеки, алғашқы қарым-қатынастан-ақ кімнің кім екенді байқала бастайды. Ал одан кейінгі отбасылық өмірді өзіңіз де елестете беріңіз...
Сіз не дейсіз? Сіздің ұғымыңыздағы нағыз ер азамат қандай?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com