Кез келген адам жақсы өмір сүруге ұмтылады. Бәрі де бақыттан дәмелі. Бірақ ер азаматты өмір жолында көп нәрсе жолынан тайдырып, бағытынан адастырады. Ер азаматтың өзгеруіне себеп болатын не жағдай?
Адамдар. Адамды туа біткен мінезі мен болмысынан өзгерте алатын күштің бірі – адамдардың өздері. Жан-жағыңдағы адамдар мен жақыныңыз сіздің өміріңізге айтарлықтай әсер етеді. Сөйтеді де, сізді өз жағына бейімдеп өзгертіп алады. Өзгерудің жақсы және жаман жағы болады. Адам адамның мақсатын, арманын, бағыты мен бағдарын өзгерте алады. Тіпті ойына кіріп, жаман пиғылдар тууына да әсер ете алады.
Дүние мен ақша. Материалдық жағдайы дұрысталған адам көбіне жан-жақты өзгере бастайды. Жүріс-тұрысы, киім-киісі мен ішім-жемінен бөлек менталитеті мен таным-түйсігі өзгере береді. Бай адамдар көбіне ақшаға сараң келеді. Олардың осы сараңдығы оларды бай етеді. Бақуаттылардың өзгермегендері, өзгермейтіндері де болады. Мұндайда бірінші топта айтылған адамдар өзгере бастайды. Яғни, адамдар. Сыртқы дүниесі ішкі дүниесін өзгертпеген адамдардың алдында жағымпаздар мен жалтақ адамдар шауып жүреді. Сонымен, дүние адамдарды екі түрде өзгерте алатын күшке ие екен.
Тауқымет. Тағдыр тауқыметін көп тартып, өмірдің көп өткелінен соққы алған адамдар мен өміріне өкпелі жандар да тез өзгереді. Олар жақсылықтан күдерін үзіп, болашақты жарқын елестетпейді. Олар өздерінің баяғы мұңсыз кездерінің алыста қалып қойғанын түсініп, бүгін өмірі де, өзі де өзгергеніне көзі жетіп отырады.
Мансап. Мансабы мен дәрежесі өсіп, жайлы креслоға отырған адамдар да күрт өзгере бастайды. Олардың өзгерісі ең алдымен «Беке», «Көке», «Жәкеден» басталады. Есімі өзгерген мансапты адамдар жүре-жүре есінен айырылып, тұмсығымен көк тіреп жүреді.
Тәртіп. Тәртіп бар жерде де адам өзгере алады. Қатаң тәртіп кез келгенді болмысынан айырады. Тәртіпке бағынған адамдар да өзгерісті басынан өткереді. Олар белгілі бір мақсат үшін өзгеруге бел байлайды.
Сурет: Нұржан Қыдырбай
Ұқсас жазба:
Жігіттікке сын