Қыз бала жігітіне не ұнамайтыны туралы айтқысы келсе, оны қалай жеткізуі керек? Өзіңіздің реніштеріңізді айтуда «сен» есімдігін қолданбауға тырысыңыз. Яғни, «сен телефонға жауап бермедің» дегеннің орнына «саған шыға алмай қатты қобалжыдым» деп айтқаныңыз дұрыс. «Сен маған көмектеспейсің» деудің орнына «балаға қарау мен үй шаруасынан қатты шаршаймын» дегеніңіз абзал. Сіз «сен» деген есімдікті қолданғанда ер адам сіздің сөздеріңізді шабуыл ретінде қабылдап, қарсы шығуға ыңғайланады екен. Яғни, әйел адам наразылық білдіруге асықпай, өзінің сезімдері туралы айтқаны дұрыс.
Ер адамдар астарлап айтқанды түсінбейді! Сіз «не қаламайтыныңызды» емес, «нені қалайтыныңызды» нақтылап алыңыз. Мысалы, «сен маған мүлде көмектеспейсің» деп емес, «аптасына екі рет демалыста баламен қыдырғаның маған үлкен көмек болар еді» дегеніңіз дұрыс. Немесе «біздің арамыз суып бара жатыр, романтика жоқ» деу де қате. Оның орнына «аптасына бір рет киноға не ресторанға, аптаның бір күні гүл сыйлау, күнде таңертең бетінен сүю» секілді нақты не қалайтыныңызды айту керек, ары қарай өздеріңіз шешесіздер. Мұндағы айтайын дегенім: бірдеңеге ренжулісіз бе, бір нәрсе қалайсыз ба, оны сіздің еріңіз түсінде көрмейді, астарлап айтқан сөздеріңізді түсінбейді, оған нақты қалай бар, солай айтуыңыз қажет.
Еске салу туралы. Ер адамдар ұсақ-түйек нәрселерді ұмытуға әуес. Мәселен, сіз туыстарыңыздың туған күн кешіне баруыңыз керек, ер адам жұмыста жүріп ұмытып кетуі әбден мүмкін. Ал сіз оның әр қадамын бағып отырып, қателігін тапқан бойда бетіне басып отыратын дұшпан секілді «айттым ғой, біліп едім ұмытып кететініңді» деп емес, оның серіктесі, жолдасы ретінде түсінуге, көмектесуге тырысып, уақыт арасында ешбір мінеусіз, жай есіне салып тұрыңыз. Сіздің мақсатыңыз – бақытты әйел, бақытты отбасы болу емес пе?
Сіздің тілегіңізді орындағанда қуаныш пен алғысыңызды білдіріңіз. Ер адам үшін оның әрбір істеген ісіне баға қажет. Бұл оны ары қарай итермелейтін «стимул». Сізге гүл шоғын сыйлады ма? Сіз қуанышыңызды білдіріп, ең әдемі гүл шоғы екенін айтыңыз. Мақтауға сараң болмаңыз. Кейбір қыздардың ойынша, егер ер адамды мақтасақ, ол «бәрі жақсы» деп ойлап, басқа ешқандай әрекет жасамайды. Бұл қате пікір. Мақтау мен бағалау ер адамдар үшін жанармай секілді, ол ары қарай сізді қуанту үшін талпынады.
Бұл кеңестерді жазып, сақтап қойыңыздар, арулар!
Дайындаған: Фариза Әбілова
Сурет: vk.com