- Негізгі бет
- Психология
- Ер адамдар неге...
Ер адамдар неге көзге шөп салады? Сексолог пікірі
Ер адамның әйеліне адалдық болмауының әртүрлі себептері болуы мүмкін. Алайда 6 жылдық тәжірибесі бар және ай сайын шамамен 500-ге жуық әйелге консультация жүргізетін сексолог және психолог Айгүл Әділова Massaget.kz тілшісіне еркектің әйелінің көзіне шөп салуының жиі кездесетін себептерін атап берді.
Сексолог Айгүл Әділова тоқал алу да көзге шөп салудың бір түрі екенін және ол қазір жиі кездесетінін айтты.
"Қазіргі таңда көзге шөп салудың ерекше түрі бар. Ол - тоқал алу. Жеке Қазақстан және қазақ менталитетіне қатысты айтатын болсақ, біз қазақтар мұсылмандық ел болғандықтан, патриархаттық қоғам деп саналамыз. Ата-бабамызда тоқал алу ежелден бар үрдіс болғандықтан, ол ер адамдарымыздың қанында бар деп айта аламыз . Полигамия деген еркектің қанында бар нәрсе. Полигамия - еркектің бірнеше әйелінің болуы", - дейді Айгүл Әділова.
Маман ер адамның көзге шөп салуына әйелдің де кінәсі болуы мүмкін екенін айтты.
"Ал психологиялық тұрғыда еркек неге көзге шөп салады? Бірге 3 жыл өмір сүргеннен кейін ерлі зайыптылардың жыныстық қатынасқа түсуі бәсеңдейді. Оған қоса, әйелдің күйі де жағдайды ушықтырып жібереді. Мен бұл жерде әйелдің үш күйіне тоқтала кеткім келіп тұр. Біріншісі, ішкі бәсекелестік. Яғни, ол әйелді ата-анасы кішкентай кезінен бастап ұл сияқты өсірді. Ол есейген кезде еркекпен бәсекелесіп жүреді. Мұндай әйелдер жұмысбасты (мансапқұмар) болуы мүмкін немесе үйдегі барлық шаруаны өз мойнына ала береді. Оның ішінде "мен еркектен кем емеспін" деген ішкі күресі бар. Екінші күй - қыз күйі немесе инфантильдік. Мұндай әйел ренжігіш және өзінің эмоцияларына жауап бере алмайды. Өмірінде болып жатқан жағдайлардың бәріне күйеуін кінәлайды, күйеуі оған көңіл бөлмейтіндей, жақсы көрмейтіндей көрінеді. Сондай-ақ, мысалы, инстаграмнан көріп алады да, ол маған айфон алып бермеді, шетелге апармады деп ренжіп жүреді. Өзінің эмоцияларына жауапкершілікпен қарамайтын әйелдердің де жолдастары жұбының көзіне жиі шөп салады. Үшінші күй - патшайым. Бұл өте тәкаппар әйел болуы мүмкін. Сондай-ақ патшайым күйінде әдетте әйел еркектің анасының рөліне өтіп кетеді. Еркекті күйеуі ретінде емес, өзінің баласы ретінде қабылдап, оған "гиперопека" жасайды. Мұндай әйел ер адамды қоздырмайды", - деді сексолог.
Маман тағы бір жиі кездесетін себепке ерлі-зайыптылардың жыныстық темпераментінің әртүрлілігін жатқызды.
А. Жапатова"Жыныстық темперамент адамдарда үшке бөлінеді: жоғары, орташа және төмен. Менің тәжірибемде жиі кездесетін жағдай: еркектің жыныстық темпераменті - жоғары, ал әйелдікі - төмен және керісінше. Бірінші жағдайда, еркек жыныстық қатынаста өте көп болғысы келеді және бола алады, бірақ әйелі оның қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Сондықтан бұл еркек қажеттілігін сырттан іздейді. Екінші жағдайда, ер адамның жыныстық темпераменті төмен. Оның импотенциясы болуы мүмкін, ода тестостерон деңгейі төмен болуы мүмкін немесе физиологиялық ерекшелігіне қарай жыныстық қатынаста әлсіз болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол өзінің жыныстық әлсіздігін әйелінен деп ойлайды. Сондай-ақ бұл еркек өмірде де ешқандай жетістікке жетпеген болуы мүмкін. Мұндай еркектер жиі көзге шөп салады. Себебі ол жаңа әйел ауыстырған сайын өзін қажетті сезінеді. Оған қоса, адам болмайтын, тыйым салынған нәрсе жасағанда адреналин көтеріледі. Адреналин көтерілгені үшін тестостерон да көтеріледі. Бұл тек негізгі себептері ғана. Жағдайға байланысты ер адамның көзге шөп салуының себебі әртүрлі болады", - деп қорытындылады Айгүл Әділова.