- Негізгі бет
- Психология
- Ене кінәлі ме?...
Ене кінәлі ме? Психолог анасынан сепарацияланбаған адам ажырасып тынатынын айтты
Кейінгі уақытта жұлдыздардың ажырасуына қатысты көп айтылған себепті ме, барлығына ортақ мәселе болған соң ба, анадан уақытылы ажырау, яғни, психологиялық сепарация ұғымы туралы көп айтыла бастады. Осы орайда бірнеше маман пікірін алып, оның салдарын анықтауға тырыстық.
Психолог-консультант Алмагүл Манап аталған мәселеге қатысты былай дейді: "Сепарация - сен ересек позицияңды қабылдап, ата-анаңнан психо-эмоционалды түрде бөліну. Өз өміріне қатысты шешімдерді "әкем не дейді", "шешем не дейді" деп ойламай, өз жауапкершілігіңмен қабылдау. Ал физикалық сепарация кәмелет жасқа толғанда ата-атаңнан бөлек шығу формасында жүзеге асады. Қаржылық сепарацияның да маңызы зор, ата-анамен тұрған себепті тапқан-таянғанын анасына беретіндер бар.
Толық сепарацияланбаған адам үйленсе, мәселе шиелінісе түседі. Себебі, өзінің отбасылық проблемаларын отағасы ретінде шешуге тырысу орнына анасына жалтақтап, оның ыңғайына келетін шешім қабылдауға алып келеді. Әдетте өз жеке шекарасын қорғай алатын ана оны өз баласына да үйретеді. Оны ұққан адам баласының ісіне араласпай, еркіндік береді. Қазақтарда "Менің енем осылай жасаған, мен де саған соын көрсетемін" деген түсінік бар. Ол залалын тигізеді. Ажырасуға себеп болуы мүмкін".
Практик-психолог Саягүл Жолмағанбетова:
"Сепарация ата-ана мен балалар қатысатын екі жақты процесс. Баланың міндеті - ата-анадан ажырау, ата-ананың міндеті - балаларын босату. Бірақ кейде балалар ата-анадан ажырағысы келмейді, кейде ата-ана саналы және бейсаналы түрде баланы босатуға қарсы.Сау сепарация жүрмесе, салдары өмірді қиындатады. Ондай адамның өзін бағалауы төмен болады. Ол өз тәжірибесіне, ойына емес, үнемі өзгенің пікірне сүйенеді. Адам өзге адамдардың бағалауына мұқтаж, үнемі солардың мақұлдауын күтеді, конформизмге жақын. Адам өзі қалаған, өзіне керек нәрсені жасамайды.
Шектен тыс мәпелеу де адамға еркіндік бермейді. Адам дәрменсіз болады: ол өздігінен шешім қабылдай алмайды, өзіне сенімсіз, өз күшіне күмәнданып, бірдеңе өзгерте алатынына сенбейді.
Сепарацияның дұрыс аяқталмауы жеке өмірде де көп қиындық тудырады. Ата-ананың жұбайлардың өміріне килігуі ең күшті деген сезімнің өзіне зардабын тигізеді. Жеке шекарасы болмаған адам сау қарым-қатынас құра алмайды. Адам жұбының өмірімен сүріп кетеді, өзінің қызығушылығы, өз өмірі болмағандықтан өзін ұмытады. Сепарацияның дұрыс болмауы адамдардың өз қатынастарында ата-ана құрған сценарийді қайталауына әкеледі. Мысалы ажырасу, көзге шөп салу, тұрмыстағы зорлық-зомбылық" дейді.
Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев Тимур Балымбетовке берген сұхбатында:
"Үйленген кезде отбасы бөлек шығуы керек. Бұл біздің салтымыз. Сол үшін үйленген жігітті "отау иесі" деп атайды. Бөлек тұру арқылы тұлға болып қалыптасады. Жауапкершілікке үйренеді. Ал баласына қандай ата-ана жабысады. Ерлі-зайыпты бола алмағандар. Күйеуіне әйелі, әйеліне күйеуі қызық болмаса, қызығы тек бала болады", -дейді.
Әнші Say Mo өзінің ажырасуы туралы айтқан кезде осы мәселе себеп болғанын айтады: "Анасы баланы дүниеге әкелген кезде кіндігі қиылып одан ажырайтын болса, 18-ге толып үлкен өмірге аяқ басқанда да соны жасауы керек. Егер олай жасамаса, баласын шамадан тыс махаббатымен тұншықтырады. Бұны әркім білуі тиіс".
А. Оралқызы