Ең соңғы бір жыл

Ең соңғы бір жыл

Ананың ұлылығы жайлы бұл әңгіме көзге еріксіз жас алдырады...

***

1953 жыл еді. Енді ғана 33 жасқа келген жас келіншек болса да, ол 10 баласын босанды. Туыттан кейін оң жаң омырауында бұлтиған қатты бірдеңенің пайда бола бастағанын сезсе де, қуаныш құшағында жүріп, бұл жайлы дәрігерге тіс жарып айтқан жоқ. Тек күйеуіне «Мүмкін, жеңіл ғана тері қабынуы шығар, ештеңе етпес, үйге барған соң, сауығып кетермін» деді жайбырақат қана.

Арада бес күн өткеннен кейін, күйеуі Иван мен әйелі жаңа туылған нәрестелерін бауырына басып, шат-шадыман отбасына оралды. Момақан 9 баласы жамырай келіп, кішкентай бауырларын тамашалап, мәре-сәре болды. Ол бәз-баяғысынша ошарлы отбасын асырап, бұл күндері тізесінен төмен салданып қалған күйеуін күтумен тіршілік етіп жатты. Ұзақ жылдық сал ауруы науқасына шалдыққан күйеуінің әл-дәрмені күн сайын төмендеп бара жатқан еді.

Келесі жылы ерлі-зайыптылар үшін өте машақатты жыл болды. Күйеуінің ауруы барған сайын асқынып, апта бойы сары жамбас болып, төсектен түсуден қалды. Қолдарындағы азын-аулақ тиын-тебен де сарқылуға таяу. Ол ол ма?! Берекенің бал қаймағы ұйыған ерлі-зайыптыны алда ауыр бақытсыздық күтіп тұр еді. Туыттан кейін, қатерлі омырау ісігіне шалдыққан келіншек, бір омырауын кестіріп тастаған соң да қам-қайғысыз өмір сүріп жатқан еді. Ал қазір шипагер қатерлі ісіктің қанға өтіп, тұла бойға жайылғанын, ұзағанда бір жылдық қана ғұмыры қалғанын айтпасқа амалсыз қалған еді.

Шипагердің бұл сөзі басына қасіреттің қара бұлтын торлатса да, тумысында жанпида келіншек бұған бола бәрінен баз кешіп, торыққан жоқ. Қатігез тағдырдың тәлкегіне мойынсал болмады. Оның көкейінде «Балаларымды қайтуым керек?» деген жалғыз уайым жанына батты. Сал боп жатқан әкеден қайыр жоқ. Шиттей балаларын жетімдер үйіне өткізуді ойласа болды, жүрегі мұздап сала беретін. Ол жер бетіндегі ізгі ниетті адамдардың көптігіне сенетін. Ойлай-ойлай, ақыры дәм-тұзы таусылған соңғы минутқа дейін балаларына жаңа да жайлы баспана тауып беруге бекіді.

Әйелінің бұл байламына күйеуі де еріксіз мақұл болды. Кейінгі бірнеше апта бойы ол басына түскен мән-жайды ес кіріп қалған әр баласына еміс-еміс түсіндірумен болды. Ол балаларына:

- Аналарыңды мейірімді Тәңір жұмаққа шақырып жатыр. Енді сендерге қарайласа алмайтын болдым. Әйтсе де, бәріңе мейірлі жаңа шеше тауып беремін. Ол да дәл мен секілді сендерге күйінетін болады, - дейтін еді.

Сүп-сүйкімді он баланы елге асырап бермекші болған хабар лезде дүйім жұртқа тарады. Газеттер арт-артынан хабарлама басып жатты. Не керек?! Бала асырап алу ниеті бар ерлі-зайыптылар тұс-тұстан келіп, есік бермеді. Қанша дегенмен бала бауыр ет емес пе?! Қалайша оп-оңай көлденең көк аттыға жетелетіп жіберсің?! Ол аса мұқияттылықпен бағалау кестесін жасап шықты да, балаларының болашақ өгей ата-аналарын сараптай бастады. Бағалау кестесінде мынадай мазмұндар жазылған еді:

  1. Балаларымның әпеке-сіңілі, аға-інілерімен қарым-қатынас жасап тұруына қол ұшын бере аласыз ба?
  2. Тұрақты табысыңыз бар ма?
  3. Отбасының береке-бірлігі қандай?
  4. Олардың ер жеткенге дейінгі оқуына кепілдік ете аласыз ба? т.б.

Іздеп келген ерлі-зайыптылардың қайтарған жауаптары толымды болғанымен, ол бәрібір де баланы бірден қолына ұстата салған жоқ. Әуелі бірнеше күн бірге тұрып сынап көруге ғана рұқсат етті. Балалары қайтып келген соң, ол барған жерінің жағдайын мұқият сұрап отырды. 3 жасар ұлына өгей шешесінің мінезі ұнамайтын болып шықты. Себебі, әлгі әйел үйінде оның тырс етіп дыбыс шығаруына жол қоймайды екен. Ойын баласы бұған қалай шыдасын?!

2

Өз үйі өлең төсегінен алғаш аттанған кенже ұлы Стивен болды. Оны асырап алған көрші аудандағы өрімдей жас жұбайлар еді. Әлгілер кішкентай Стивенді бауырына басқан сол сәт оның жүрегі езіліп тұрды. Балалары сол кезде жүрек сыздатар айрылысу сәтінің келіп жеткенін жан-тәнімен сезінсе де, көздеріне тығылған жасты іркіп қалды. Себебі, бұдан бұрын ең үлкен әпекелерінің басшылығында ашылған отбасы жиналысында шешелерінің санаулы ғұмырында көңілді болуы үшін ешқашан жыламау, көзге жас алмау жөнінде талқылаған болатын.

Іштей мейірімсіз аурудың жан төзгісіз азабын арқалап жүрсе де, балаларымен бірге ойнап-күліп, оларға сурет сызуды, ойыншық ойнауды үйретіп, көкке шығарып, жеміс-жидек тергізіп жүрді.

Келесі кезек бес жасар Линдаға келді. Оның өгей әкесі химиялық зерттеу иниститутында профессор болатын. Жұбайы екеуінің бұдан бұрын да Ричат есімді бір асыранды баласы бар еді. Енді Линда оның қарындасы боп кетуі керек. Мереке қарсаңы, Линда әке-шешесіне, әпке, аға-бауырларына қош айтты. Ол тек ескі үстел шырағы мен аяз атаның ойыншық мүсінін ғана естелік үшін өзімен бірге ала кетті.

Осы штаттағы көрші ауданындағы егіншілік алаңы қожайыны Арвол Джонсон жұбайы екеуі бұдан бұрын да елдің алты баласын асырап өсірген болатын. Дегенмен олар тағы бір бала асырап алуды армандап жүретін еді. Джонсон мен әйелі оның табалдырығын аттасымен-ақ кімді асырап алу жөнінде әбден бастары қатты. Балалар бірінен-бірі өткен ақылды, зеректігі адамды бірден баурайтын. Дегенмен, кішкентай қыз Болиннің елгезек, елпектігі қонақтардың назарын қатты аударды. Ақыры Джонсон мен жұбайы Болинді асырап алу байламына келді. Салт бойынша, Болин олардың егіншілік алаңында үш апта тұрды. Болиннің назарын егіншілік алаңындағы кішкентай ала бұзау аударды. Үйіне қайтып келген соң, шешесі жылы жүзбен «Ол араға қайтып барғың келе ме?» деп сұрағанда, кішкентай Болин дамылсыз басын изей берді.

Сөйтіп, Джонсон мен жұбайы Болинді біржола асырап алды. Арада бір жыл өткеннен кейін басқалар оны көргенде ол шешесі бастап берген үстел жапқышты енді ғана тоқып болған еді. Ол «Мына үстел жапқышты үйден кетерімде шешем берген еді. Шешем маған барған жерімде үйдегідей ақылды болуды тапсырған» дейтін.

Джористі жасамыс ерлі-зайыптылар асырап алды. Ол кісілердің 3 баласы әлдеқашан бөлек отау болып, өз алдына кеткен еді. Джористің өгей әкесінің айтуынша, олардың тағы бір қыздары болған екен. Бірақ шетінеп кетіпті. Мүмкін пайғамбар жасына келсе де, өздерінің жанында бір баласының болуын армандайтын шығар.

Қылышын сүйретіп қыс та жетті. Оның бес баласына әлі баспана шыға қойған жоқ. Науқасы күн санап асқынып бара жатса да, асырап алушыларға деген баяғы өлшемін өзгерткен жоқ. Келушілердің арасында бір жұп жас жұбай қанша ауқатты болса да, «Оқудың маңызы шамалы» деп жауап бергендігі үшін оларды кері қайтарды. Су жаңа жеңіл автокөлікпен келген тағы бір қалталы ерлі-зайыптылар Олунды асырап алмақшы болды. Бірақ олар алдағы жерде Олунның туыстарымен қарым-қатынасын үзуін, қойған есімін өзгертуін талап еткен сәтте-ақ, оларды мүлде тойтарып тастады. Сонда да балаларына «Алаңсыз болыңдар! Сендерге әлі-ақ жайлы баспана тауып беремін» дегеннен жазбады.

Көп өтпей, тағы бір шағын қалашықтан келген саудагер Ришат Томас пен жұбайы екеуі Жонияны асырап алуға келді. Жония оның тұла бойы тұңғышы еді. Оның ақылдылығы мен іскерлігінде шек жоқ. Қаршадайынан әке-шешесінің ауыртпалығын бөлісіп, соңынан бауыры мен сіңлілерін ертіп, ата-анасымен бірге талай тауқіметті күндерді бастан өткізген еді. Ол Томастың отбасында алаңсыз өмір кешіре бастады. Шешесі сырқаттанып қалған тұста бір жыл оқуын ақсатып алса да, күн-түн демей қажырлықпен үйреніп, өз қатарластарының маңдай алды боп жүрді. Ал Томас пен жұбайы асыранды қыздарының ақылдылығына тәнті болғаны сонша, тұс-тұсқа шапқылап жүріп, оның бауырларына да баспана іздесті. Соның арқасында Ферния, кішкентай Иван және Каар үшеуі небәрі бір апта ішінде Томастың ағайын-дос, туыс-туғандарының отбасына мүше болып келді. Арада бірнеше күн өткенде, өрімдей жас бастауыш мектеп директоры мен оның жұбайы Олунды үйлеріне жетелеп кетті.

Ақыры, ең соңғы болып алты жасар Франик қалды. Оның талма ауруы бар еді. Ол келушілерге қанша насихаттаса да, онысынан ештеңе өнбеді. Әрине, мұндай ауыртпалықты кім үстіне ала қойсын. Ең соңғы аптада ол Франикті амалсыз мүгедек балалар шипаханасына табыстады.

3

Жазғұтұрым болғанда, ол өзінің ажалының жақындап келгенін жан-тәнімен сезінді. Көкейін тескен жалғыз арманы балаларын бір көріп, мауқын басу болатын. Ақыры шипагер мен күйеуінің қарсылығына қарамастан, сумкасын көтеріп, жолға шықты. Ол ең соңғы арманынан кешіккісі келмеді. Сағынышын басқысы, көңілін жұбатқысы келді. 9 баласының жаңа баспанасын өз көзімен көріп, көңілі орныққан соң, бұл сапардан қуанып қайтты. Өгей ата-аналар оны іші-бауыры елжіреп, балаларын қимай жүр деп аяса да, ол еш уайымын сездірместен, емен-жарқын әңгімелесіп, көңілді қайтты.

Осы сапардан соң, бір жұма өтпестен ол бақи дүниеге аттанып кетті. Бұл 1954 жылдың 15 маусымы еді.

Жерлеу салтын өткізген күні күн қапырық ыстық болды. Мәйіт бетегелі жасыл алаңқайға жерленді. Оның тоғыз баласы мен асырап алған ата-аналары қабірді қоршап тұрды. Тек күйеуі Иван ғана аулақта жападан жалғыз мүгедектер арбасында отырды. Бұл тым қайғылы көрініс еді. Ол басын көтеріп, соңғы рет бауыр еті балаларына алыстан көз салды да, қаңырап қалған қара қосына қарай бұрылды...

Сол жазда Олунды асырап алған жұбайлар Калифорния штатына көшетін болды. Көшуден бұрын, олар Олунды аға-бауыр, әпке-қарындастарының үйіне ертіп апарып, жағалай қоштастырды. Ең соңында, мүгедектер шипаханасындағы Франик Олунның қолын қысып тұрып:«Менің қалайша сендер секілді жаңа шешем болмайды?» ауыр күрсініп.

Иә, бұл сұраққа ешкім де жауап бере алмас еді. Олунның әке-шешесі үйіне қайтып келген соң, жаңағы сөз естерінен кетпей мүлде құлазып кетті. Олар үстел басында асқа отырған кезде де нәр татқан жоқ. Ақыры үнсіз тыныштықты оның шешесі бұзды: «Франик ақылды бала емес пе?! Талма деген мидың тітіркенуінен пайда болатын ауру. Кім-кімнің де мұндай ауруға душар болуы әбден мүмкін ғой. Өз баламыз мұндай ауруға душар болмайды деп кеуде қаға алмаймыз ғой! Біз оған жақсы қарай аламыз». Ол осыларды айтқанда көзі жасаурап кетті. Күйеуінің де айтпағы сол еді. Отбасын лезде шаттық кернеді. Сөйтіп олар Франикті де асырап алды. Сонымен бір үйдегі төрт жан шат-шадыман Калифорния штатына аттанып кетті. Күтімі жақсы, көңіл-күйі орнықты болған соң, Франиктің талма ауруы бірте-бірте жазылуға бет алды.

4

Арада аттай зулап жиырма жыл өтіпті. Бұл күндері сол бір аяулы ананың үрім-бұтағы ержетіп, ел санатына қосылып, АҚШ-тың түкпір-түкпірінде жүр. Иван жыл құрғатпай әйелінің зиратына барып тұрды. Зират басындағы жалғыз түп ағаштың түбінде отырып, ол әйелі туралы, өткен өмірі туралы ұзақ-ұзақ ойға берілетін. Жанын жегідей жеге мұң қазір біржола қатып қалған. Ол әйеліне берген уәдесінде тұрып, балаларын іздеп барған жоқ.

1966 жылы Иван бір басқосуда болды. Бір әйел төрт жасар қызын ертіп, оның жанына отырған болатын. Иван жирен шашты сүйкімді қызға қарап, өз балаларын есіне алды.

- Сүйкімдісін-ай, өзінің, - деді шын мейірленіп.

- Оның аты – Сели,-деді жас келіншек, - Сіздің жиеніңіз болады.

Бір сәт меңірейіп тұрып қалған Иванның көзінен ыстық жас парлап қоя берді...

Арада бірнеше күн өткен соң, Джорис кішкентай қызын жетелеп әкесін көруге келді.

- Біз қай жерде қоштассақ, сол жерде бас қосатын боламыз, - деді Джорис.

Олар ержете келе, әкесі Иванды тауып алды. Олар әкесін шын балалық мейірмен түсіне білді. Әкесі өздері үшін үлкен құрбандық бергенін, оның еңбегі аналарынан еш кем соқпайтынын жақсы білді.

1979 жылы Иван да бұл дүниеге қам-қайғысыз қош айтты. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек