- Негізгі бет
- Психология
- Ең жақын құрбылар...
Ең жақын құрбылар ұстануы тиіс 10 ереже
Өміріңдегі ең маңыздың адамдардың бірі – ең жақын құрбың. Ол әрдайым мұңыңды тыңдап, жүйелі ақылын айтады, қуанышыңа ортақтасып, шаттығыңмен бөліседі. Егер құрбыңмен араларыңды суытып алмауды қаласаң, мына 10 ережені ұстануға тырыс.
1. Құпияға берік бол
Жалпы жақын құрбы сырлы құпияларыңмен бөлісу үшін керек қой. Егер бір-біріңе сеніп, ең құпия деген сырларыңды айта алатын болсаңдар, онда бұл әңгіме тек екеуіңнің араларыңда қалатынына 100% сенімді болуың қажет. Құпияға берік болу да ұзаққа жалғасатын достықтың кепілі.
2. Шынайы бол
Құрбыңа не ойлайтыныңды шын айтуға міндеттісің және оны ешқашан алдама. Егер оған шаш үлгісі жараспайтын болса, немесе таңдаған жігіті ақылсыз екеніне сенімді болсаң – шыныңды айт. Уақыт өте келе ол саған керісінше разы болады. Иә, әлбетте, кейде өтірік айтуға тура келетін төтенше жағдайлар болады. Және сен жақын құрбысы болсаң, қандай жағдайда өтірік айтуды білетін боласың деген ойдамыз.
3. Қиын сәттерде жанынан табыл
Егер құрбың өміріндегі ең қиын сәттерді басынан өткеріп жатып, қолдау іздеп саған хабарласса, онда кідірмей, үйіне барып, мұңын тыңдауға асық. Және сенің басыңа бұлт төнгенде ол дәл солай істеуі тиіс. Жалпы шұғыл көмек қажет болғанда бір-біріңді қолдауға асығыңдар.
4. Құрбың үшін жан беруге даяр бол
Қандайда бір кикілжіңдерде сені қолдап, сен үшін сөз сөйлейтін құрбың болғаны қандай жақсы? Ол сен үшін жанын беруге даяр және айыптаушыларға ойындағысын батыл айтады. Сондықтан егер құрбыңды біреулер ренжітіп жатса, ал сен үндемей тұрсаң, бұл құрбыңның көңіліне кірбің ұялатуы мүмкін.
5. Сараң болма
Құрбыңа сүйікті көйлегің мен ерін жылтырағыңды беруге аяйсың ба? Бұл бекер! Құрбылар, туыс әпкелер сияқты бәрімен бөлісуі керек. Әрине, құрбыңды толықтай киіммен қамтамасыз етуге міндетті емессің және киіміңді бүлдіріп бергеніне немесе қайтарып беруге ұмытып кеткеніне ренжіп жүру де жақсы емес. Дегенмен, бөлісу, бере тұру және сараң болмау өте маңызды.
6. Құрбыңның бастамаларын қолда
Егер құрбың қандайда бір істі қолға алмақ болса, әрдайым қолдайтыныңды білдір. Бірақ егер бұл ақылсыз идея болса, шындықты айтудан тайсалма.
7. Жігіт үшін құрбыңды тастама
Иә, кереметтей азаматты жолықтырған соң бар уақытыңды соған арнағың келетіні белгілі. Дегенмен, құрбыңды да ұмытпауға тырыс. Бұрынғыдай көп уақыт әңгіме айтып, шүйіркелеспесеңдер де, оның өміріңде әлі де орны маңызды екенін байқатып қой.
8. Оның жігітіне көз салма
Құрбыңның бұрынғы, қазіргі және тіпті болашақ жігітіне көз салушы болма. Өйткені ол сенің жақын құрбыңның ұнатқан жігіттері және «Олар бәрібір айрылысып кетті ғой» деген алданыш жүрмейді. Жігітке бола жақын құрбыңмен қарым-қатынас үзудің қажеті жоқ.
9. Құрбыңның ұсыныстарына көн
Көнгіштік қасиет кез келген қарым-қатынаста өте маңызды. Кейде ұнатпаған дүниені жасауға тура келеді. Мысалы, құрбың ұсынған фильмді қарау, кафеге бірге бару және т.б. Алайда мейірімділігіңді басынып алмауын қадағала.
10. Кешірімді бол
Достықтың мәңгілік сақтап тұру үшін кешірімді болу маңызды. Көйлегін кие тұруға бермесе де, сенімен кездесудің орнына жігітімен кетіп қалса да, киім саған жараспайтынын айтпаса да, кешіре біл. Алайда барлығы адамның өзіне келіп тіреледі. Егер ол кешіруге лайық болса және достығың бәрінен қымбат болса бәрін кешіруге болады.
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina