Ең бақытты балалар Нидерланд елінде өмір сүреді

Жер бетіндегі ең бақытты балалалар Нидерланд елінде өмір сүреді екен. Екінші орында – Исландия. Осы бестіктің құрамына экономикасы төмен мемлекеттер де кірді. Олар – Грекия, Испания, Ұлыбритания.

Ағылшын балалары бақытты ма?

«Бақыт деген – отбасыңмен бірге қыдыру, жаңа жерлерді көру» дейді британиялық бүлдіршіндер. Ал табысты аз табатын ата-аналары бұл сұраққа бастысы оларды ақшамен қамтамасыз ете білу деп жауап қайырды. Ұлыбританиядағы 8-15 жас аралығындағы тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы төмен әрбір 11-ші бала ақшаның жоқтығынан өздерін бақытсыз сезінеді. Ал ONS ұйымының анықтауынша, осы елдегі әлеуметтік тұрмысы төмен әрбір 10-шы бала психикалық ауытқуға ұшыраған.

Тесса Ливингстон атты психолог ВВС арнасына арнап «Осы заманның балалары» деген бағдарлама түсіруде. Бұл жоба 20 жыл уақытқа созылады. Сол 20 ішінде түсірілім тобы 25 баланың өмірін бақылайды. Ол балалар 2000 жылы дүниеге келген. Мұнымен қатар 8 жасар балалардың 48 сағатын толығымен бақылап, неше рет күліп, неше рет жылағанын бақылайтын бағдарлама дүниеге келді.

«Басқа мемлекеттердің балаларына қарағанда, британдық оқушылардың білім жүйесі өте күрделі. Емтихандар барысында күйзеліске бой алдырып жатуы қалыпты жағдай», - дейді Тесса Ливинстон.


Ұлыбританиядағы әйелдердің 80%-ы балалары есеймесе де, жұмыс істеуге мәжбүр. Сол себепті олар балаларын түрлі танымдық ұйымдарға береді. Ал күнделікті өмірде отбасымен бірге өткізетін күндері тым аз. Олар бір-бірін көргенде, қандай сезімде болады? Ата-аналары балаларына уақыт бөліп, міндетті түрде сөйлесетіндіктерін айтады. Алайда ол әңгімелердің «бас киіміңді ки, беті-қолыңды жу» деген секілді ескертулермен шектелетіндігі анық.

Осы зерттеулердің аясында британдық балалардың ¼ бөлігі ата-аналарымен аптасына кем дегенде 2 рет отырып маңызды тақырыптарды талқылайтындарын, әңгімелескенге қарағанда, дүкендерге бірге көбірек баратындықтарын айтқан. Орта есеппен 10 жастағы ұлыбританиялық бала 400 брендтің атын жатқа біледі. Оларға қымбат ойыншықтар мен бағалы телефондардың маңызы зор. Бұл олардың қоғамдағы дәрежелерінің көрсеткіші.

Ричард Уилкинсон мен Кейт Пикетт «Теңдік ең жақсы теңсіздік» атты кітабында бақыттың ақша және өзге де қажет құндылықтардың өтелуімен тікелей байланысты екендігін айтады. Кедей адамдар бай адамдарға қарағанда, жасық келеді, олар өз мүмкіндіктерін пайдаланбайды. Ал бай ата-аналар балаларына қымбат, ешкімде жоқ ойыншықтарды сатып алуды міндет санайды.

Голландықтардың бақытты балалық шағы


UNICEF балалар қорының анықтауынша, ең бақытты балалалар Голландияда да тұрады екен.

1. Бақытты ата-аналар

Ең бірінші кезекте ата-аналары бақытты болса, балалары да бақытты. Мұны түсіну үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Бұл – бір.


2. Голландиялық аналар күйзеліске төтеп бере алады. Дұрысы оларда күйзелетіндей себеп жоқ.

Екіншіден, голландиялық аналар күйзелмейді. Бұл жайында психолог әрі журналист Эллен де Бруин «Голландиялық әйелдер күйзеліске төтеп бере алады» деген кітап жазған. Бұл кітапта себебі анық түсіндірілген. Автордың айтуынша, Нидерланд елінде адамдардың таңдау еркі өздерінде. Олар болашақ жарларын өздері таңдап, өз сезімдерін ашық түрде көрсете алады. Нидерланд – бейбіт мемлекет. Голландиялық әйелдер мінсіздікке ұмтылмайды, қонақ күтіп, әуре болмайды, сұлу болу үшін сұлулық салонына барып, артық ақша құртпайды. Олар «сұлуынан жылуы» деген ұстанымды игеріп, тек өздеріне ыңғайлы, велосипед теуіп жүргенде кигенге қолайлы киімдерді киеді. Шақырылмаған қонақтарды үйге кіргізбейді. Және ер адамдармен тең дәрежеде өмір сүреді. Табыстың кілті жеке өмір мен жұмысты үйлестіре білу. Нидерландтық әйелдердің 68%-ы аптасында көп дегенде 25 сағат жұмыс істейді. Мұнымен қатар ерлері де әйелдеріне еліктеп, жұмысқа аптасына 4 күн арнайды. Қалған бос уақыттарын отбасымен бірге өткізуге жұмсайды. Балалары да осы әрекеттері үшін әкелерін барынша сыйлайды. Ер адамдар балаларына өздерінің қажет екендіктерін жақсы түсінеді.

3. Күйзеліске түсірмейтін, үй тапсырмасын бермейтін мектептер

Мектеп жасындағы балалар күйзеліске тап болмайды. Оқуларын аяқтап, үйге келген соң ойындар ойнайды. Бастауыш сыныптарда үй тапсырмасы берілмейді деуге болады. Олар үшін мектепте білім алу рахат сезімін сыйлауы тиіс. 12 жасқа келген балалар арнайы тест тапсырып, ары қарай қандай мектепке баратындықтарын анықтайды. Ал ЖОО-ға түсу үшін өзге мемлекеттегідей қатаң бақылаулар жүргізілмейді.

4. Таң шоколад жеуден басталады 

Бақыттың кішкене құпиясы – дұрыс тамақтану. Голландықтар балаларына таңғы асқа нанға май жағып, үстіне шоколад ұнтақтарын сеуіп береді. Олардың тамақтары айтарлықтай аса дәмді емес. Алайда олар қалағанын жейді.

Мұнымен қатар нанның үстіне ірімшік пен шұжық қойып жейді. Голландтық балалардың мөлшерді жақсы есептейтіндіктерін де айта кеткеніміз жөн. Олардың алдына шоколадты кәмпиттер мен тәттілерді көп қылып қойсаңыз, оның бәрін жемей біреуінен ғана ауыз тиеді.


5. Қамқор әжелер

Күндіз голландтықтардың саябағынан немересімен серуендеп жүрген әжейлерді міндетті түрде көруге болады. Олар немерелерінің тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Көп жастар алдыңғы буынның осындай көмегінің арқасында жеке өмірлері мен жұмыстарын үйлестіріп, ретке келтіріп отырады. 

6. Мемлекеттен көмек

Халқының бақытты өмір сүруі үшін мемлекет басындағылар да аянбай еңбек етеді. Балаларды тәрбиелеп шығу үшін тозбайтын жүйке мен көп ақшаның қажет екендігін барлығы түсінеді. Мысалы, 2012 жылы туылған бала 18 жасқа толу үшін ата-анасы орта есеппен 241 080 доллар ақша жұмсайды. Бұл әрине, өте көп ақша. Әрбір жаңа туылған сәби үшін ақша төлеп қана қоймай, жас аналарға арнап, арнайы демалыс ұйымдастырады.

7. Бала мен ата-ана арасындағы сыйластық

Бір қызығы отбасындағы кенже ұлдың өзі жасының кішілігіне қарамастан жеке пікірін білдіре алады. Ал ата-аналары өз кезегінде балаларының әрбір ұсынысын тыңдап, олармен санасып отырады. 

Ал біздің еліміздің балалары бақытты ма?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: letidor.ru