Бұған дейін біз сіздерге аз уақытта емтиханға қалай дайындалу керектігін баяндаған болатынбыз. Ұсынылған әдістеріміз жақсы көрсеткіштер көрсетуге ықпал етеді деп сенеміз. Емтихан тапсыруда, сонымен қатар, психологиялық дайындық та көп рөл атқарады. Емтиханға басқа көзқараспен қарайтын болсақ, жауаптарды жаттаудың, емтихан тапсырудың тіпті де қиын емес екенін байқаймыз.
1. Дұрыс мотивация таңда
Бірдеңені қиналып оқу, «тапсырам да ұмытамын» деген принциппен емтиханға дайындалу шынымен қиын. Ал егер қандай да бір ережені не үшін жаттап жатқандығыңды сараласаң, ақпарат өзі басқа қона бастайды. Мысалы, бұрыс етістіктерді апайдың айқайын естімес үшін емес, болашақта ҚБТУ-да оқу үшін жаттап жатқандығыңа өз-өзіңді сендір.
2. Түсінуге тырыс
Сөйлем, не ережелерді үтір, нүктесіне дейін жаттап алып, бірақ оның нақты мағынасын түсінбеу – ең сәтсіз әдіс. Сондықтан бәрін жаттап алу керек деген мақсаттан арылып, түсініп жаттауға тырыс. Өйткені, бірдеңені түсінсең, оны мұғалімге баяндап беру де қиынға соқпайды.
3. Ассоциация ойынын ойна
Мәніне жеткізбейтін бір ақпаратты жаттау мен түсіну қиынға соқса, бай қиялыңды іске қосып, ассоциация әдісін пайдалан. Мысалы, парабола котангенспен кездессін, ал көсемшелі тіркестер бастауышқа қырындасын. Осындай қызықты оқиғалар арқылы ережелер мен формулаларды тез жаттап, емтиханды үздік тапсыруға көмектеседі.
4. Барлық қорды пайдалан
Тек ми арқылы есте сақтауға болады десең қателесесің. Көру (оқу және қайталау), қозғалыс (графиктер мен схемалар сызу), сөйлеу және есту (сұрақтарға дауыстап жауап беру) арқылы да біраз ақпаратты жаттауға мүмкіндік бар.
5. Сызбалар жаса
Қандай да бір параграфты түсініп, жаттап алу үшін оның құрылымын есте сақтау жеткілікті. Ал оның құрылымын жаттау үшін оны алдымен анықтап алу керек. Қысқаша айтқанда, жауаптарыңның қысқаша тезистерін жазып отыр.
6. Сағат бойынша оқы
Ғалымдар есте сақтаудың мына бір тәсілін дәлелдеп шыққан екен: егер қандай да бір ақпаратты жаттап алу керек болса, бір оқып шыққан соң материалды тағы үш-төрт рет қайталау керек, ал кейін тағы 15-20 минуттан соң және 8-9 сағаттан соң.
Сөз соңында...
Емтиханға дайындық кезінде сынақ кітапшам жаман бағаларға толатын болды деген секілді жағымсыз ойлардан аулақ бол. Керісінше, өз қиялыңда позитивті және жарқын бейнелерді елестет. Бәрі жақсы өтетіндігіне, жолың болып, барлық жауаптарды еске түсіре алатындығыңа, жауабыңды лайықты бағалайтынына және нәтижесінде өзіңе және бағаңа риза болатындығыңа сенімді бол. Тек қана позитивті ой ойлау эмоционалды күйзелісті тарқатып, жаман ойлардан аулақ болуға көмектеседі. Ал бұның саған еш пайдасы жоқ: біріншіден, бұл дайындыққа еш септігін тигізбейді және бәрібір жаман баға алатын болсам не үшін дайындаламын деп тура жолдан тайдыруы мүмкін. Ертеңгі болатын емтиханның сұрақтарын бүгін ғана көріп тұрсаң да тек оң ойларды ойлауға тырысу керек.
Сурет: ru.wikihow.com
Дайындаған: Анар Мұстафина