Мүгедек бала - бір ғана отбасының емес, қоғамның мәселесі. Мүгедектік отбасына да, баланың өзіне де қиындық тудырады. Әсіресе, туа бітті ақаулармен дүниеге келетін нәрестелер өте көп. Мұндай аурулардың алдын алуға бола ма? Неліктен мүгедек балалар көбейіп кетті? Жалпы елімізде мүгедек балалардың саны қанша?
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы жаңа туған нәрестелерден бастап 17 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жалпы саны - 98 254. Ал 2010 жылы 49 349 мүгедек бала тіркелген болатын. Диаграммадан көріп тұрғаныңыздай, мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жылдан жылға артуда.
"Жалпы мүгедектік құрылымында негізінен 29% - жүйке жүйесі аурулары, 26,4% - туа біткен даму ақаулары, деформациялар және хромосомалық ауытқулар, 17,5% - психикалық бұзылулар және мінез-құлық бұзылыстары құрайды", - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылы маусым айында өткен Үкімет отырысында.
Мүгедек балалардың көбейіп кеткенін статистикаға қарамай-ақ, әлеуметтік желілерге кірсеңіз де байқайсыз: баласының еміне қаражат жинап жатқан адамдар қаншама. "Дені сау ұрпақ - ел болашағы" дегенді жиі естиміз. Сондай-ақ, 2022 жыл - Балалар жылы болып белгіленді. Алайда, бұл еліміздегі мүгедек балалардың санын азайтуға септігін тигізіп жатпағандай.