Бала күнімде әкем үйдің алдындағы алаңқайға бір түп жиде ағашын, сосын үй артындағы бос жерге тағы бір түп жиде ағашын отырғызды. Екі түп жиде ағашы бір жылда гүл ашып, жеміс берді. Күз маусымы келісімен, екі ағашта қызылды-жасылды жиделер самсады.
Үй артындағы жиде ағашы дауалмен қоршалғандықтан, ауыл балаларының «мазалауына» жолыққан жоқ. Жидеге сілекейі шұбырған балалар жиде ағашының тікенінен қорықса да, жемісі үшін қамыс сырықпен қағып, жиде бұтағын сілкілеп, әбден берекесін қашырды. Аула іші жиде ағашының жапырақтарына, сынған ұсақ бұтақтарына толды.
Бірнеше күнге жетпей-ақ, үйдің алдындағы жиде ағашындағы жемістен түк қалмады. Жапырағынан да жұрдай болды. Сырттай қарағанда жиде ағашының хал үстінде жатқан адамнан еш айырмасы жоқ еді. Артқы ауладағы жиде жеміске толып, нарттай қызарып, ағашты сілкіп қалсаң болғаны, жидесі жерге сау етіп төгіліп тұрды.
Келесі жылы көктемде есік алдындағы жиде ағашы қайтадан бүрлей бастады. Мен оның қуарып қалмағанына қатты қуандым. Екі жиде ағашы да бірдей гүл ашып, бірге жеміс берді. Екі ағашқа назар салып жүріп, байқағаным: Есік алдындағы таяқтан көз ашпаған жиде ағашының жемісі артқы ауладағы таяқтан аман жиде ағашының жемісінен бір есе көп екен. Ал әкем маған мынадай өмір тәжірибесін айтты.
Жиде ағашында ғажайып мінез бар. Оның бұтақтарын қаншалық сықпыртып ұрсаң, келесі жылы ол сонша мол жеміс береді. Ал ұзын бәмбүк сырығымен жиде ағашын қағу бұтақтағы жемістерді алу үшін істетіледі. Бұтақта жеміс болмаса оны таяқпен қағудың да қажеті жоқ.
Өмірде таланттылар да осы сияқты. Олар елден ерек болғандықтан, бақталастыққа жолығады және кейбіреулер оған бәле жабады. Тіпті, белгісіз қысым мен соққыға ұшырайды. Шынайы таланттылар бейне жиде ағашы тәрізді сыртқы ортаның әсеріне қарамастан, келер жылы дәмді әрі қып-қызыл жемісін тіпті де көп береді.
Ал кішкентайынан рахатты ортада өскендердің көбісінің бойындағы жасырын қабілет көміліп, ауыздықталып қалатыны бар. Машақаты ауыр ортада есею адам бойындағы жалынды жігерді барынша тасқындатады. Ашынышты жері, жиде ағашын мақсатты және мақсатсыз төпештейтіндер. Олар сол ағаштағы жиде жемісінің келер жылы бұрынғыдан да мол болатынын түсінгендіктен төпештемейді ғой.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com