Екі құрбы не үшін ренжіседі?

Екі құрбы не үшін ренжіседі?

Достық деген — барша адамға ортақ, ең ұлы сезімдердің бірі. Ол адам баласын жауапкершілікке, қоғаммен қарым-қатынаста болуға, көмектесуге үйретеді. Адал дос бола білетін жандарды барлығы да ерекше бағалайды. Алайда достық бар жерде реніштің де қатар жүретіндігін айта кетуіміз керек. Ұрсысу - жаман немесе жақсы қасиет емес, бар болғаны қалыпты құбылыс. Психолог мамандардың айтуынша, достарымызға ішіміздегі сырымызды айту арқылы күйзелістен арыла аламыз.

Қыздар не үшін ренжіседі? Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Өкінішке орай, көп адам қыздар достығын жоққа шығарады. Алайда, құрбымызды жоғалтып алу қаупі төніп тұрған болса, арада достық бар болды емес пе?

Үшінші адам артық

Әдетте, екі құрбы бір-бірін жақсы түсініп, үнемі көрісіп тұрады. Бірге қыдырып, ертеңгі күні не киетіндіктерін бірге ақылдасады. Дәл осындай сәттерден үшінші құрбы құр қалады да, нәтижесінде екеуіне ренжиді. Мұнымен қатар, достықтың мынадай түрі бар. Алғашында екі құрбының бірі жаңа қызбен танысып, сырын көбірек айтады. Және өзінің ең жақын құрбысын ұмытып кетеді. Сатқындықтың бір түрі десек те болады.

Көреалмаушылық

Қызғаншақтық жақсылыққа апармайды. Сондықтан біржолата бұл сезімнен арылу қажет. Ал, егер арыла алмасақ, құрбымызбен ары қарай достасудың еш мәнісі болмайды.

Жігіт мәселесі

Бұл бірінің жігіті немесе ортақ досы болуы мүмкін. Ең қиыны — құрбылардың бір жігітке ғашық болуы. Одан да қиыны — жігітіңіздің құрбыңызға ұнамауы.

Өмірге деген түрлі көзқарас

Барлық қиындықты әйтеуір шешуге болады. Бірақ өмірге деген көзқарасты өзгерту мүмкін емес.

Құрбымызбен қалай татуласамыз?

Егер құрбыңыздың сізге ренжіп жүргенін білсеңіз, алдымен себебін анықтаңыз. Себебін тікелей сұрауға ұялсаңыз, есіңізге түсіруге тырысыңыз. Анықтаған соң өзіңізді құрбыңыздың орнына қойып көріңіз. Кейде екеуіңіз екі бөлек тұлға болғандықтан, жәй ғана өзімізді орнына қойып көру қиынға соғады. Қандай жағдай болмасын, оның көңілін табуға тырысыңыз. Өміріміздің ¼ бөлігін ренжісіп, қайта татуласуға арнайтындығымызды ұмытпаңыз.

Сурет: вк желісінен

Қ. Бүйенбай