- Негізгі бет
- Психология
- Егер сіз гүл...
Егер сіз гүл болып жаралсаңыз...
XIX ғасырда ер адамдар жүрегін жаулаған аруға өз сүйіспеншілігін сөзсіз-ақ жеткізе білген: ғашық жігіт хабарламасын гүл тілінде кодтап, шоқ-шоқ букеттер арқылы айтқан. «Хаттың» құпия мағынасы тек сол тілді игергендерге ғана қолжетімді болды. Бүгінгі таңда гүлдер тілі өзінің өзектілігін жоғалтып, күнделікті өмірден мүлдем жоқ болғаны қандай өкінішті. Көктемдей жан ерекше өзгерістер мен сұлулыққа құштар болатын кезеңде әр әйел бір-бір гүлге ұқсап құлпыра түседі. Раушан, орхидея, пижма... Өзіңізге ұнайтын гүлді таңдап, шын мәнінде кім екеніңізді біліңіз.
Баурап алатын орхидея
Орхидеялардың бізге Қытайдан келгенін білесіз бе? Аспан асты елінде бұл гүлдер қара күштерден қорғануға және зұлым рухтарды қууға қабілетті деп саналды. Конфуций орхидеялардың иісін жақсы достардың сөздеріне теңейді және орхидеялар бар бөлмеге кіру жақсы адамдармен кездесу сияқты жағымды әсер қалдырады. Орхидеяларды ешқашан адамдығын жоғалтпайтын және ең қиын жағдайларда да дұрыс шешімдерді қалай табуға болатынын білетін дана және парасатты қыздар ұнатады.
Құштарлыққа толы раушан
Қызыл раушан бақтың нағыз ханшайымы екені жасырын емес. Оны бар әлем мойындайды. Біреуге қызыл раушан гүл шоғы тым қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Қызыл раушандар махаббат пен құмарлықты бейнелейді, олар қаншама ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпайды. Қызыл раушандарды жақсы көретіндер – өз болмысымен жақсы таныс, махаббатқа сенетін, сүюді және сүйікті болуды білетін өр һәм өзіне сенімді қыздар.
Тәкәппар гортензия
Гортензияның символикасы, мысалы, қызыл раушан немесе лотос сияқты айқын емес. Осы іспетті, бұл шар тәрізді гүлдерді ұнататын қыздардың болмысын түсіну өте қиын. Батыс Еуропаның мәдениетінде гортензия бір уақытта биіктік, асқақ болмыс және ұстамдылықпен байланысты символды білдіреді.
Арбаушы антуриум
Кейде оны «ер бақыты» деп те атайды. Бұл гүл тек шытырман оқиғаны жақсы көретін және зерігуге жол бермейтін батыл, ерекше қыздарға ұнайды. Гүл өсірушілердің айтуынша, антуриум еркек гүлі болып саналады, сондықтан ол ерлерге арналған гүл шоқтарында жиі кездеседі. Дегенмен, ерлермен тез ортақ тіл тауып, барлығының назарын аударатын сұлуларға арналған жарқын композиция.
Еркіндік сүйгіш пижма
Сыртқы түріне қарасаң, дала ромашкаларына ұқсайтын әсерлі және жарқын нәзік сары гүлдер. Оның сығындысы медицинада қолданылады. Бірақ қарапайым гүл секілді көрінісіне қарамастан, өсімдікті бақылаусыз пайдалану адамға қауіпті болуы мүмкін. Пижма бар букет өз ұстанымдарын өзгертпейтін және мақсаттарына жететін күшті ерік-жігері бар қызға ұсынылады. Ол қатал мінезіне қарамастан, армандай білетін романтик.
А. Оралқызы