- Негізгі бет
- Психология
- Дүкендермен ауырсаңыз......
Дүкендермен ауырсаңыз...
Егер сіз айналаңыздағы құрбыларыңызға қарағанда едәуір үлкен көлемде жалақы алып, айдың соңы болмай жатып көк тиынсыз қалсаңыз...
Егер сіздің сүйіктіңіз немесе ата-анаңыз жөн-жосықсыз жұмсалған қаржы туралы жиі ескерту айтатын болса...
Егер дүкеннен алған бес затыңыздың бірін ғана қолданып, қалғандары сансыз сөрелер мен шкафтардан мұңайып, сығалап тұратын болса...
Егер құрбыларыңыздың "Сенесің бе, мен бүгін жеңілдікпен күштіііі сөмке сатып алдым!" деген қоңырауы сізді дүкенге жүгіртетін болса...
Егер дүкенге қарай ағылып бара жатқан аяқтарыңызды игера алмайтын болсаңыз...
Сіз - аурусыз! Және сізге дереу емделу керек. Жо-жоқ! Күйгелектікке салынудың қажеті жоқ. Дертіңіз аса қауіпті емес, десе де Стэнфорд университетінің психиаторлары бұл дерттің алкоголизм немесе шылымқорлық сынды қатерге айналып кету қаупін айтып отыр. Тарихта бұдан өз өміріне балта шапқандардың қатары аз емес. Айтпақшы, аурыңыздың аты - шопоголизм.
Сізге ештеңе қажет болмаса да аяқтар неге дүкенге қарай асығады? Сізді зәбірлейтін не нәрсе? Және шопоголизмнен қалай құтылуға болады? Бүгінгі кеңестеріміз сіз үшін!
1. Себебін анықтаңыз
Ең алдымен сіздің "шопоголик" атануыңыздың себебін анықтайық. Бәлкім, сіздің күнделікті өміріңізге көз қуантатын бояулар, көңілді сәттер жетіспейтін болар. Өйткені, нәзік жандылар зерігудің, көңіл қанағатсыздығының шипасын дүкендерден іздейді. Егер сіздің өміріңіз дәл осындай күңгірт, іш пыстырарлық болса басқа қызық табуға тырысыңыз. Әдетте ақша жетпей қалатын идеяларыңызды іске асырыңыз. Бимен, спортпен айналысыңыз, арнайы курстарға жазылыңыз немесе сұлулық салонына бас сұғыңыз.
2. Алғашқы қадамдар
Шылымқорлардың темекімен күресінен үлгі алыңыз. Яғни, дүкендерге баруды бірден тоқтатып тастамаңыз. Күйзеліске душар болуыңыз мүмкін. Бастапқы кезде қалтаңызға ақша алмай жүріп, көріп қайтуыңызға болады. Егер сатып алуға деген құлшынысыңыз асау болып, ақылыңыз басу айтып миыңыз ашыса, жақын адамдарыңызбен сөйлесіңіз, кеңесіңіз.
3. Жалғыздықпен дос болыңыз
Шопоголизммен күресті бастағанда құрбыларыңызбен, жақындарыңызбен бірге дүкен аралаудың қажеті жоқ. олардың сізге айтқан:" Мынау саған құйып қойғандай екен!", "Ала салсаншы, өкінбейсің, аса қымбат емес қой" сынды комплименттері сізді орға түсіруі мүмкін.
4. Олар маған керек емес!
Жеңілдіктерге арналған купондар мен дисконтты карталардан құтылыңыз. Қоқысқа тастаудың қажеті жоқ, достарыңызға беріңіз, егер шынымен керегіңіз шығып жатса, қайта сұрап алуға болады.
5. Бәрі де есеппен
Дүкенге бармас бұрын тізім құрыңыз және сол жоспармен жүруге тырысыңыз. Және үйде тізімдегі дүниелердің бағасын шамалап, соған шақ келердей ғана қаржы алып шығыңыз. Артық ақша керек емес. Супермаркеттерге барғанда "Біздің бөлімге бас сұғыңыз..." сынды хабарландыруларды естімес үшін, құлағыңызда плейр болсын.
4. Айналаңызға қуаныш сыйлаңыз
Біреуге қуаныш сыйлаудан артық не бар дейсіз!? Бөлмеңізде тұрған шкафтар мен сөрелерге бір қараңызшы. Андағы дүниенің сізге не қажеті бар. Ішінен өзіңізге керек еместерін таңдап алып, жора-жолдастарыңызға немесе жағдайы төмен отбасыларға үлестіріп беріңіз. Осылайша бір оқпен екі қоянды атып аласыз: ауыр жүктен құтыласыз және біреуді сыйлықпен қуантасыз. Жақсы ой емес пе? Сізге шынжүректен айтылған "рақметті" ешбір дертті, ешбір құмарлық алмастыра алмайды.
Аяулы, нәзік жандылар! Сүйіңіздер және сүйікті бола біліңіздер! Ортаңызға мейірім шуағын шашыңыз! Сонда ғана саны бар, сапасы жоқ дүниелерге деген махаббатыңыз өшіп, мәнді өмірге ие боласыз!
Суреттер:vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева