Өтірік айтып, сен әрдайым өзіңді ыңғайсыз жағдайға қалдырасың. Өйткені, өтірік айтқан соң шындықты жасыру үшін біраз күш салу қажет болады. Әрине, кейде зиянсыз өтірік шындыққа жақсы балама бола алады. Бірақ қай кезде өтірік айтып, ал қай кезде шындық айту керектігінің арасындағы шекараны бұзбаған дұрыс.
Кез келген қарым-қатынастың басты құрамдасы шындық болуы керек, сол себепті сен әрдайым жақын достарыңмен шынайы болуың қажет. Егер досың саған сене алмаса, қалайша жақын дос деп қабылдайды? Олармен сыйластықта болу үшін мына жағдайларда өтірік айтпа.
Құрбыңның жігітімен бұрын жүрсең, жүрмедім деп өтірік айтпа
Егер құрбың сенің бұрын жүрген, сырласқан немесе жай дос болған жігітіңмен кездесе бастаса, бірден ештеңені жасырмай айт. Егер ыңғайсыз жағдайға қалмас үшін шындықты жасырып қалсаң, ол бәрібір бұл ақпаратты басқалардан естиді және сенің шындықты жасырғаныңда бір гәп бар деп күмәнданады. Мұны басқалардан емес, сенің аузыңнан естігеніне риза болатынына сенімдіміз.
Би кешіне не үшін бармайтының жайлы өтірік сылтаулар
Егер барғың келмесе, жай ғана барғың келмейтінін айт. Ол үшін күрделі сылтаулар ойлап табудың қажеті жоқ, өйткені ұсталып қалуың да мүмкін. Егер шаршағандықтан қыдырғың келмей тұрса, фильмді ұнатпағаннан киноға барғың келмей тұрса, қалай бар – солай айтқаның жөн. Шынайы болу әлдеқайда жеңіл, өйткені әшкереленіп қалам деп алаңдамайсың. «Ауырып тұрмын» деп, басқа жақта жүрсең, бұл достарыңның көңіліне тиюі мүмкін.
Біреумен кездесіп отырып, ешкіммен кездеспегендей кейіп таныту
Құрбың сені қыдырып қайтуға шақырды делік, бірақ сен басқа құрбыңмен кездесіп отырсың және ол құрбыңның келгенін қаламайсың. Бұл қалыпты жағдай және оны жасырудың қажеті жоқ. Жай ғана шындықты айт. Немесе оның орнына басқа құрбыңмен кездескің келсе де шынайы бол. Өйткені, ол сенің өтірік айтқаныңды білсе, ыңғайсыз жағдайда қаласың.
Киімдері жараспаса, жарасып тұр деп өтірік айту
Егер құрбың сатып алғысы келетін көйлегінің оған жарасатын, не жараспайтынын білу үшін сенен пікір сұраса, әрдайым шындықты айт. Әрине, дөрекі түрде емес. Жай ғана «Бәлкім, мынаны киіп көрерсің? Мынау саған көбірек жарасатын сияқты» десең болады. Құрбың сенің өтірік пейіліңді білу үшін емес, шынайы пікіріңді білу үшін сұрайды. Сондықтан, оны алдама!
Ашуланып тұрып, бәрі жақсы деп өтірік айту
Егер құрбың сенің ашуыңа тиетін және ренжітетін қылық танытса, бірден айтқаның жөн. «Не істесе де өзі білсін» деп, іштен тынуға болмайды. Бұл мәселені шешпейді және бейсаналы деңгейде құрбыңа деген өкпе тудырады.
Оның жігітін жек көрсең де, ол туралы тек жақсы пікір айту
Бірақ егер оны жек көруге дәйегің болса ғана. Егер оны құрбыңа жақсы қарамағаны үшін жек көрсең, мұны жұмсақ пікірмен жеткіз. Құрбың бұдан да жақсы қарым-қатынасқа лайық деп санасаң, оның жігітін өтірік мақтаудың қажеті жоқ. Ол сенің шынайы пікіріңді білуге лайық. Бірақ егер ол сенің талғамыңа сай емес болғандықтан ғана жек көрсең, бұл пікіріңді жасырғаның жөн болар. Егер ол жігітін жақсы көрсе және сенің оны жек көруге еш себебің болмаса, құрбыңның тек ренішін тудырасың.
Жігітінің жаман әрекеттерін көрмегендей, білмегендей кейіп таныту
Жігітін құрбыңның көзіне шөп салу кезінде ұстап алдың делік. Сен оған айту керек екеніңді білесің, бірақ құрбыңның жүрегін жаралаймын ба деп қорқасың. Бірақ мұндай ақпаратты жасыруға болмайды. Әйтпесе, сен адал дос емессің! Егер құрбыңның жігіті оның сыртынан жаман әрекеттерге барып жүрсе, мұны оған айтуың керек – егер ол саған сенбесе, бұл оның өз мәселесі, ең бастысы сен қолыңнан келгеннің бәрін жасадың.
Қисынсыз әрекеттеріне қолдау білдіру
Егер құрбың өзіне зиянды әрекеттерге бармақ болса (мысалы, бұрынғы ғашығына қайта телефон соғуы), мұны жақсы идея деп қолдама. Шындықты айт. Кейде достар білгіміз келмейтін хабарды шынайы жеткізетінімен де құнды. Дос болу – бар жағынан әрдайым қолдау ғана емес, кейде жай ғана көмектесу. Әрдайым шынайы болыңыз!
Сурет: vk.com, voxpopuli.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина