Демалыс күндер жақындаған сайын оқу не жұмыстан шаршаған халықтың көңілі көтеріліп, ұзақ күткен демалысты қалай өткізетінін ойлап, армандай бастайды. Бірақ жиі жағдайда демалыстарымыз бірсарынды, үй жинау, киім жуу, ұйықтаумен өтеді. Ал сіздің демалысыңыздың сапалы өтуі келер аптадағы көңіл-күйіңіздің басты факторы екендігін білесіз бе? Келер апта сәтті болу үшін, демалыста жиі орын алатын қателіктерден аулақ болайық.
Бірінші қателік: Түске дейін ұйықтау
Әрине демалысты бәріміз ұйқымызды қандырамыз деп асыға күтеміз. Алайда түске дейін ұйықтаудың нәтижесінде сіздің күн тәртібіңіз бұзылып, дүйсенбі күні таңмен әрең тұратын боласыз. Күн тәртібінің тұрақсыздығы ағзаға жалпы нашар әсер етіп, апта бойы ұйқыңыз қанбай, шаршағандық байқайсыз. Сондықтан демалыс күндері де ертерек жатып, ертерек оянған абзал.
Екінші қателік: Жұмыс поштасын тексеру
Кейбір қызметкерлер демалыста да жұмыс поштасын тексеріп, алдағы аптаға ертерек дайындалуды дұрыс санайды. Бірақ демалыстың аты демалыс, бұл күндері сабақ пен жұмысты ұмытқан дұрыс. Сондай-ақ, поштасын жиі тексере беретін адамдардың жұмысы нәтижелі болмайтындығын мамандар дәлелдеген.
Үшінші қателік: Тым көп тамақ жеу
Жұмыс күндері қарапайым тамақ жеп, демалыста мүмкіндігіңізше көп тамақтану – үлкен қателік. Әрине демалыста тәтті бәліш не ерекше тағам әзірлеген жөн, алайда тоңазытқышты екі күнде босату дұрыс емес. Бұл апта басында асқазанның ауыруына әкеліп, бірнеше күн мазалауы мүмкін.
Төртінші қателік: Күні бойы үй жинау
Апта бойы ыдысты, кір киімді жумай, үйді жинамай, сенбі мен жексенбіге сеніп жүресіз бе? Бірақ демалыс уақытын үй шаруаларына емес, достармен кино, театрға баруға, кездесулерге құртқыңыз келмей ме? Ендеше үй шаруаларын демалысқа қалдырмай, уақыт бола қалған кезде тындырып тастауға тырысайық. Осылайша демалысыңызда талай бос уақыт пайда болып, оны жаныңыз қалаған іске құрта аласыз.
Бесінші қателік: Жұмыс жайлы ойлану
Демалыста, әсіресе жексенбінің кешінде, жұмыс пен сабақ жайлы ойлар өзінен-өзі келе бастайды. Олар бір кешімізді мазасыз өткізудің себебі болуы мүмкін. Сондықтан жұмысты еске түсірген сәтте, дүйсенбіге, немесе келесі аптаға жоспар құрып, бұл ойларды тезірек жазып алып, ұмытыңыз.
Алтыншы қателік: Демалысты пайдасыз өткізу
Теледидар қарау, компьютер ойындарын ойнау сынды бос істер пайдасыз екені түсінікті. Дүйсенбі күні демалысыңызға риза болу үшін, бұл күндері пайдалы, жаныңызға жақын істермен айналысыңыз. Белсенді спортпен шұғылданыңыз, көптен көрмеген туыстарыңызға қонаққа барыңыз, сүйікті кітабыңызды қайта оқыңыз.
Демалыс сәтті өтсін!
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: zooclub.ru