- Негізгі бет
- Психология
- Демалыстан кейінгі жұмыс...
Демалыстан кейінгі жұмыс
Мамырдың ұзақ мерекелік демалыстары да аяқталды. Бірнеше күн демалыстан кейін жұмыс пен күнделікті өмірдің асыққан қарқынына қайта ұласу жиі жағдайда қиын болады. Жұмысқа әрең келіп, шаршап отырсаңыз, біздің кеңестерімізді оқи отырыңыздар.
"Жұмысқа шыққым келмейді"
Ұзақ демалыстан кейін жұмысқа шығу әркім үшін де қиын. Шындығына келсек, мерекеден кейінгі бір-екі күнде-ақ өзіңізге келіп, күнделікті өмірдің тәртібіне қайта үйреніп кетуге болады. Бастысы осы бір-екі күнде өзіңізді қолға алып, жұмысқа уақытында келіп-кетіп, тапсырмаларды орындап жүру.
"Жұмысқа мүлдем шыққым келмейді"
Жұмысқа мүлдем шыққыңыз келмей, өзіңізді қинап барсаңыз, бұл сұраққа басқа қырынан қараңыз. Мүмкін сізге өз жұмысыңыз ұнамайтын болар? Қазірде көңілге қонымды, ақшасы да жақсы жұмысты табу өте қиын. Егер сіз жаныңызға жақын іспен айналыспай, ақша табумен ғана болсаңыз, не жұмыстағы әріптестеріңізді, бастығыңызды ұнатпасаңыз, бұндай жұмысқа шыққыңыз келмеуі заңды. Қызметті ауыстырып, ұнайтын іспен айналысатын кез келген шығар?
"Жұмысқа тезірек шықсам ғой..."
Иә, арамызда осылай ойлайтын жандар табылады екен. Демалыстан шаршап, соңын күтіп жүргендер аз емес. Олар жұмыстарын сағынып, аңсап жүреді. Жұмысқа келген бойда, өзін жақсы сезінеді. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс? Мамандардың айтуынша, бұндай адамдар өз демалысын дұрыс ұйымдастыра алмайды, былайша айтқанда дем ала алмайды. Бос уақытты жұмыстан басқа немен өткізуін білмейді. Сіз де осындай жандардың қатарынан болсаңыз, өзіңіздің жұмыстан басқа қызығушылықтарыңыз жайлы ойланыңыз. Ұзақ демалыстарда түске дейін ұйықтағаннан басқа, ауылға барып келуге, үйде кішігірім жөндеу жұмыстарын жасауға болады. Туыстарға қонаққа, тауға демалуға да баруға болады. Жұмысқа асықпай, келесіде демалысты өз пайдаңызға жаратыңыз.
Жұмысымды сағындым!
Демалыста істейтін іс таппай, жұмысын аңсап жүретіндер де бар. Олар үй шаруаларын жасап, демалып та үлгерді. Олар ұзақ ұйықтай да, көп демала да алмайды. Олар жұмыстарын сүйетіні соншалықты, артық демалыс күнін зая кеткен уақыт деп біледі. Өзіңізді осы мінездеме арқылы танысаңыз, мәселенің түбіне қарап көріңіз. Жұмыс пен қызметке неліктен соншалықты көп уақыт пен көңіл бөлесіз? Жиі жағдайда бұндай адамдар не жалғыздықтан, не басқа қиыншылықтардан пана іздеп, басымен жұмысқа кіреді. Бұндай қарқынмен жұмыс істейтіндер денсаулығы мен жүйке жүйесіне үлкен зақым тигізеді.
Сонымен, жұмысқа дұрыс кірісу үшін:
- Бірінші күні барынша жеңіл тапсырмалардан бастаңыз.
- Ұйқыңызды қандырып, жақсылап тамақтаныңыз.
- Алдағы жазғы демалыс жайлы ойланып, оны жоспарлаңыз, армандаңыз.
- Демалыстардан кейінгі бірінші аптада жұмыс ауыстыру, жұмыстан шығу жайлы шешім қабылдамаңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: supersadovnik.ru
С. А