Әр қызметкер жыл бойы жазғы демалысын аңсап, асығыспен күтеді. Біреулер жылы жағажайға көптен күткен арман демалысына аттанса, басқалары туған ауылдарына тынығуға барады. Демалыста қайда барсаңыз да, ол кезде жұмысты еске алғыңыз келмейтіні түсінікті-ақ.
Демалыс кезінде жұмыстан келген хабарламалар, қоңыраулар көңіліңізді бұзып, алаңдатады. Демалыс алдындағы соңғы күндерді жағажайды аңсаумен өткізбей, жұмыста тындыру керек шаруаларды қолға алыңыз.
Әріптестеріңізбен сөйлесіңіз
Жалпы демалыс маусымы басталмас бұрын, кімнің қашан демалысқа шығатынын жүйелеп, келісіп алыңыз. Демалыс алмас бұрын әріптестеріңізбен сөйлесіп, оларға ескерткеніңіз дұрыс. Сіз жоқта жұмысыңызды кім орындайтындығы, олардың қандай қиындықтар мен сұрақтармен кездесуі жайлы айтып, дайындаңыз. Осылайша өзіңіз демалып жүргенде жұмысыңыз үшін уайымдамайтын боласыз.
Жобаларыңызды аяқтаңыз
Демалыс алдындағы жобаларды соңына дейін аяқтап кетуге тырысыңыз. Ал соңғы жұмыс күнінде барлық клиенттеріңізге, сізбен жұмыс жасайтын басқа компаниялардың менеджерлеріне телефон соғып, уақытша жұмыста болмайтындығыңыз жайлы ескертіңіз. Сіз жоқта олар кімнің көмегіне жүгіне алатынын айтып қойған дұрыс. Демалыста жүргенде жұмыс бабымен шалынған қоңыраулар санын осылай азайта аласыз.
Қарыздарыңызды қайтарып кетіңіз
Бір әріптесіңізге ақша, басқасына шай қалташасын қарызсыз ба? Бұндай қарыздарды қайтарып, асханамен де есептесіп кеткен жөн. Жылы жағажайда жатқанда ойыңыз "қарыз едім-ау" деп бөлінбейді.
Жұмыс орныңызды тазалап кетіңіз
Күнделікті отыратын жұмыс орныңыздан қоқыс пен қажет емес қағаздарды лақтырып, жеке заттарды тығып кетіңіз. Демалыста қажет болатын заттарыңызды кеңседе ұмытпай, өзіңізбен бірге ала жүріңіз. Сіз жоқта орныңызда басқа қызметкер отыра алады, сол себепті компьютеріңізден жеке файлдарды өшіріп, қоғамдық желіліердегі парақшаңыздан шығып, кілт сөздерін өшіріңіз.
Жұмысқа қайтуға алдын ала дайындалыңыз
Әдетте демалыстан келген адамға жұмыс қарқынына қайта ілесу өте қиын. Сол себепті жұмысқа қайтқанда жасау керек шаруалар тізімін құрастырып, бастыларын белгілеңіз. Демалыстан келгенде жобаңызға қарап, үйреншікті жұмыс қарқынына оңайлықпен ораласыз.
Демалысыңыз керемет өтсін!
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: liveinternet.ru, vk.com