- Негізгі бет
- Психология
- Дежавю дегенді қалай...
Дежавю дегенді қалай түсінесіз?
Болып жатқан оқиғаны бұрын-соңды басыңыздан өткеріп немесе түсіңізде көрген секілді күй кешіп көрдіңіз бе? Ал мұны ғылымда "дежавю" деп атайтынын білесіз бе? Бұл туралы білмесеңіз, кезекті материалымызда осы құбылысты бірге талдайық.
Дежавю – басыңыздан бұрын-соңды өткендей сезілетін құбылыс. Басқаша айтқанда, дәл қазір болып жатқан ситуацияға осыдан біраз уақыт бұрын тап болғандай күй кешу. Дежавюді болашағымды еске түсіруім деп білемін.
Дежавю кезінде бірнеше секундтан кейін не болатынын білесің. Әдетте бұл сезім 5-10 секундқа созылады. Мен дежавюді басымнан жүздеген рет өткіздім. Сол сәтте қарсы алдымда тұрған адамның не айтатынына дейін біліп тұратынмын.
Менің көзқарасым келесі бір ойға ұласады. Шын мәнінде ешқандай да уақыт жоқ: яғни өткен шақты еске түсіре алғанда неге болашақты дәл солай есімізге түсіре алмаймыз? Дежавю болып жатқан кезде өткен шақ пен келер шақтың түйіскенін жақсы түсінемін.
Дежавюді бір іс-әрекеттің қайталануымен шатастырудың қажеті жоқ. Бұл - жәй ғана еске түсіру. Ал нағыз дежавю еш уақытта өмірде болмаған оқиғаны жаңғырту. Мысалы, мен жаңа қалаға келіп, осы жерде болғандай күй кешсем бұл нағыз дежавю болады.
Мұны таңғажайып құбылыстардың қатарына жатқызуға бола ма? Менің ойымша, жоқ. Бұл - барлық адамның басынан кем дегенде бір рет, сана деңгейінде өтетін құбылыс. Біздің өткен шақ, осы шақ, келер шақ деп жүргендеріміз бір нүктеге келіп тоғысады. Формальді түрде мұны көріпкелдікпен байланыстыруға болады. Бірақ оқиғаны небары бірнеше секунд бұрын ғана білеміз. Осыншама аз уақыт ішінде ситуацияны өзімізге пайдасы тиетіндей етіп бұрмалау мүмкін емес.
Ол сезімді өзіміз шақыра аламыз ба? Мен тырысып көрген жоқпын, бірақ қолымнан келетін еді деп те айта алмаймын. Егер болашақты бірнеше күн бұрын көру қасиетін дамытсам, бұл мен үшін өте пайдалы болар еді.
Мен үшін дежавю күнделікті өмірге пайдасы тие қоймайтын, қарапайым ғана құбылыс. Ешқандай пайдасыздығына қарамастан, оны басымнан өткеру қатты ұнайды. Дежавю кезінде өмірімде маңызды оқиға болып жатқандай күй кешемін. Ол маған «Сен жәй ғана аздап жолдан адастың, бірақ түзу жолға түсіп те үлгердің. Құттықтаймыз! Енді қалыпты өмірге орал...» деп айтқысы келетін сияқты.
Сіз дежавю сезімін басыңыздан өткергенсіз бе?
Авторы: Erin Pavlina
Аударған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Инкар Абдраштың жеке парақшасынан алынды
Қ. Бүйенбай