- Негізгі бет
- Психология
- Дауысыңды дұрыс сал!...
Дауысыңды дұрыс сал!
Адамдарға әсер еткіңіз келе ме? Оған не кедергі? Сырт келбетіңіз? Сөйлеу мәнеріңіз? Бұның бәрінен бұрын сізді жақсы не жаман қырыңыздан дауысыңыз көрсете алады.
Дауыс ырғағы, оның тоналдығы, жіңішке-жуандығы және тағы да көптеген факторлар басқалардың сіздің дауысыңызды қалай қабылдауына әсер етеді. Бір ауыз сөзбен басқаларды көндіргіңіз келсе, мына кеңестерді біліп жүріңіздер.
- Бұл менің дауысым ба? Сіз түскен бейнебаянда өз дауысыңызды танымайтын кездер болды ма? Ендеше өз дауысыңызға үйренетін кез келді. Сол қолыңыздан "құлақшын" жасап, құлаққа жақындатыңыз, оң қолыңыздан "микрофон" жасап, ауызға тақаңыз. Дыбыс режисерлері сияқты дыбысты тексеріңіз, санаңыз, дауысыңызды өзгертіңіз, сөздердің дыбысталуы мен айтылуымен ойнаңыз. Жаттығуды күнделікті 5-10 минут қайталаңыз. Осылайша басқалар сіздің дауысыңызды қалай еститінін түсініп, өз дауысыңызды сыртынан естігендей боласыз. Кейін дауысыңызды көпшілікке жағымдырақ болатындай өзгерте аласыз.
- Бет жаттығуларын жасаңыз. Бұл жаттығулардың мақсаты - тамағыңызды босатып, бар жұмысты ерінге жүктеңіз. Түрлі дыбыстарды айтқанда ерініңізді дөңгелетіп, шошайтып, тартып, жайыңыз. Осы жаттығуларды жиі жасау арқылы маңызды кездесулерде аузыңыз "кәсіби әңгімеден" шаршамайды, мимен жіберілген тапсырмалар дыбыс шығару жолдарымен бірден орындалады. Нәтижесінде сіз әдемі, тиянақты, қатесіз сөйлейсіз.
- Дыбыс ойындары. 5-10 минут бойы дауысты шығарып, бір мәтін оқыңыз. Бірақ ондағы дауыссыз дыбыстарды қалдырып кетіп отырыңыз. Мысалға "Дауысыңды дұрыс сал" сөйлемі "а-ы-ы-ы-ұ-ы-а" болады. Көп жағдайда дауыссыз дыбыстар дауыстылардың дыбысталуын өзгертеді. Сондықтан осындай жаттығулар дыбысты түсінуде маңызды болмақ. Сондай-ақ тек дауыссыздарды оқысаңыз да болады. Әр әріптің дыбысталуын түсінсеңіз, сіздің дауыс ырғағыңыз да жақсы жаққа өзгереді.
- Дыбыс арқылы эмоционалды демалыңыз. Қолдарыңызды ұстап кеудеге қойыңыз. Сізді мазалайтын не толғандырған жағдайды, ызаңыз келетін адамды не керісінше сүйген жаныңызды еске алыңыз. Қолыңызды қыса отырып, кез келген сөздер айтыңыз. Айтылған әр сөзбен бірге эмоцияларыңыз да шығады деп ойлаңыз. Жаттығу арқасында айтқан сөздеріңіз шынайы, табиғи, жүректен шыққан болып естіледі.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com
С. А