- Негізгі бет
- Психология
- Дәрігердің жары болу...
Дәрігердің жары болу үшін...
Қыздар арасында жүргізілген «Болашақ жарыңыздың мамандығы қандай болғанын қалайсыз?» тақырыбындағы сауалнамада басым көпшілігі әскери адам және дәрігер болғанын қалайтыны анықталған. Себебі олардың жалақысы жақсы, денсаулығыңа көңіл бөледі, жауапкершілігі жоғары деген еді. Ал жігіттер де көпшілігі дәрігер қызды жар еткісі келетінін айтып, себебін ата-анасының «бізді емдейді» деген қалауымен, жұмысында ер азаматтар аз болуымен, мейірімді, адал көрінетінімен байланыстырды. Алдыңғы материалда әскери адамға тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға арналған жазба жариялаған едік. Бүгінгі кезек дәрігер мамандығында. Сауалнама қатысушылары өмірлік жарының мамандығы дәрігер болудың артықшылықтары мен кемшіліктерін айтты.
Мұрат Ерғанин, 28 жас: Менің анам да, келіншегім де дәрігер. Үйіңде дәрігер болғаны жақсы. Өзің не балаларың ауырып қалса, ауруханаға бармай-ақ, үйдегі маманнан кеңес аласың. Сенім білдіресің, саған шын жаны ашиды. Ал кемшілігіне келер болсақ, қазақтар «Дәрігердің ауырғаны құрысын» дейді. Сәл бір жері ауырса асқынып кетпесін деп, бар ем-домын жасап, қауіптердің алдын алады. Жаман аурулардың атын айтып, сол дертке ұшырап қалмайын деп сақтанып жүреді. Ал бізге бәрібір ғой, қазақ болған соң жазылып кетеміз деп жүре береміз. Дәрігерлер мұндайға ат үсті қарай алмайды.
Гүлбану Қыдырбаева, 25 жас: Жолдасым да, өзім де дәрігермін. Ауырған кезде таңның атысынан күннің батысына дейін жаны ашып көмектесетін жалғыз адам – осы жолдасым. Мен үшін күйеуің дәрігер болғанының еш кемшілігі жоқ. Қыздарға қорықпай дәрігер жігітке тұрмысқа шыға беріңіздер дегім келеді.
Мұрат Рахметуллаев, 43 жас: Жұбайым аудандық ауруханада қызмет етеді. Жақсы жері өзің не балаларың ауырып қалса, дәрігерің жаныңда болады. Ал енді жаман жері күн демей, түн демей кез келген уақытта жұмысқа алып кетеді. Дәрігермен бірге шаңырақ көтергісі келетіндерге тек ақ жол деймін.
Мейрамбек Берікбай, 30 жас: Өзім реанимация дәрігерімін. Ал жұбайым бала тәрбиесімен де айналысуға көңіл бөлсін деп, жұмыс уақыты ыңғайлы болатындай, балалар дәрігері қызметіне орналасты. Отбасы мүшелерінің денсаулығына қамқор болып, аурудың алдын алады, барлық жерде тазалық сақтайды. Күні-түні жұмыста боласың, ол менің жұмысымды өте жақсы түсінеді, қиындықтарын біледі. Үйге келген кезде де айтатын тақырыбымыз бір. Ал басқа саланың адамы болса дұрыс түсінбеуі мүмкін. Осындай түсініспеушіліктер кесірінен кей отбасылар ажырасып та жатады. Жұбайың дәрігер болғанның еш кемшілігі жоқ деп есептеймін.
Айжан Әбідрашидқызы, 24 жас: Дәрігер лауазымының дәрежесі жоғары, барлығы сыйлы көзқарас танытады. Өзіңді де дәрігердің зайыбы деп құрметтеп отырады. Үйіңде дәрігер болғаны жақсы, бәріміз пендеміз ғой, ауыра қалсаң, оған денсаулығыңды сеніп тапсыра аласың, сыртқа шықпай-ақ үйіңдегі дәрігерден ем аласың. Таныстары, достары, әріптестері де дерігер болған соң, оның ортасы, айтатын әңгімелері өте қызықты. Әрі өзіңе де, таныстарыңа да көп көмегі тиеді, таныстары арқылы қабылдауына кезексіз кіруге болады не жақсылап емдейді. Жолдасыңнан өзің де жұмысында болған қызықтарды, ота жасау қалай өткенін, қандай пациенттер келгенін сұрап, жұмысына қызығып отырасың.
Егер ол әлеуеті жоғары адам болса, жұмысына адал берілсе, көп уақытын ғылым-білімді игеруге жұмсайды. менің жолдасым солай адамдарға зиянын тигізбей, мықты дәрігер болу үшін өзін күн сайын жетілдіріп, көп ізденіп, көп оқиды. Үйге кеш келсе де, бөлмеге кіріп сабағын оқып кетеді. Сондай кезде өзіңе ілтипаты жетіспей қалады. Аз көңіл бөледі. Әйел адам болған соң, бір жерге барып қыдырғың келеді. Ал ол бос уақытының барлығын кітаптарға, оқу-тоқуға арнағанды жөн санайды. Демалыс кезінде де демалмайды, кітаптан бас алмай отырады. Өзі тәжірибе жинап жүргендіктен жұмысынан тыс кезекшілікке шығып, ота жасауға көмектесуге кетіп қалады. Кейде ғана менің көңілім үшін бізбен бірге қыдырады, ол да өте-өте сирек. Мен оған үйреніп те қалдым, көнемін. Өйткені барлығын біздің болашағымыз үшін жасап жүр ғой. Көп нәрсе білгендіктен «анау бомлайды», «мынау болмайды» деген секілді тыйымдары да көп. Қалаған нәрсеңді ішіп-жей алмайсың, себебі зиян екенін айтады. Дәрігермен бас қосқысы келетін қыздарға берер кеңесім: олардың кемшілігінен артықшылығы көп. Осы айтылған минустарға, өзіңе көп көңіл бөлінбейтініне шыдай алатын болсаң, дәрігермен өмір сүрген керемет!
Жансая Оралова, 27 жас: Жолдасым да, өзім де дәрігермін. Өміріміз үй мен жұмыстың арасында ғана қарбаласпен өтіп жатыр. Ештеңе істеуге артық уақытың болмайды. Балалар да бірде ата-әжесінің, бірде нағашыларының, бірде туыстардың қолында, тіпті кейде қараусыз қалып қояды. Балалардың тамағы тоқ, көйлегі көк болуы үшін тынбай тер төгуге тура келеді. Дегенмен дәрежесі жақсы. Барлығына көнемін, көп уақытын жұмыста өткізетініне түсіністік танытамын деген қыздарға дәрігер маманына тұрмысқа шыға беріңдер деймін.
Архат Рахимов, 26 жас: Дәрігердің жары болу қиын ғой деп ойлаймын. Жас дәрігерлердің жалақысы аса көп бола бермейді. Отбасын асырау үшін кемінде үш жерде бірдей жұмыс істеуің керек. Демек аптадағы 168 сағаттың 130 сағатында жұмыста боласың, бос уақытың аз. Тап осылай 40 жыл тәжірибе жинауға тура келеді. Ал егер жас дәрігердің талабы, талпысы күшті болса, түнгі серуендер мен кинотеатрлардың, балалармен саябақта қыдырудың орнын түнгі кезекшіліктер мен шақыртулар басады, тіпті мереке кезінде де ештеңе сезінбей жұмыста жүреді. Үйге келгенде де бар босуақытын кітаптарға арнап, игерілмегенді игеріп үлгеруге тырысады. Ал олардың жары шайын қайнатып, тамағын пісіріп, үйге келу-келмеуі де белгісіз жұбайының жолына қараумен отырады. Осылай жастық шағы да өте шығады. Сонда да осының барлығына шыдап жүрген әйел заты бар, көп. Сіздерге алғысым мен құрметім шексіз! Сонда да сіздерге қызығамын!
Гүлфайруз Еңсеген, 19 жас: Меніңше, қалалық жерлерде дәрігерлер көбіне жекеменшік емханаларда жұмыс істейді. Олардың табысы да жақсы әрі тек белгілі бір уақыт аралығында жұмысын істейді де, кетеді. Ал, менің анам аудандық емхананың балалар дәрігері. Үйде жиі бола бермейді. Таңертең 8-де үйден шығып кетеді. Кешкісін кешкі асқа бір-ақ келеді. Дәрігер жетспеушілігінен, кейде тіпті, жедел жәрдем үйге келіп, анамды алып кететін. Әрине, дұрыс емес десек те, біреудің өміріне жауапты болу оңай емес. Оның қадірін ұға бермейтіндер де бар.
Дәрігер бір жерде тоқтап қалмауы тіис. Сондықтан, жыл сайын оқу курстары, арнайы жиналыстар болады. Сол уақытта анам өзге қалаларға жұмыс бабымен кетіп қалатын. Қағазбастылық деген бәле болды. Есеп жазамын деп түскі асты да ұмытып кететіні бар. Мұның бәрі жаман жаға болса, жақсы жағы: үйдегілердің бойында дәрігерге деген сенім мен құрмет бар. Ауыра қалсақ, уақытылы ем алуға жағдай жасайды. Бастысы, өз ортасында сыйлы. Дәрігердің балалары да медициналық сауатты болатын секілді.
Психолог Гүлжан Рзашева: Дәрігерлерді «ақ халатты абзал жан» деп жатамыз, алайда бұл атауға лайықтары да бар, сай еместері де болады. Сырттай қарағанда, басқа адамдардан еш айырмашылығы жоқтай көрінеді. Ал ішкі жан дүниесіне үңіліп көрсеңіз, тереңірек түсіне түсесіз. Дәрігер дәрігермен бас қосқаны дұрыс деп ойлаймын, ал басқа мамандық иесі болса, арада түсініспеушіліктер көп туындайды, бізге кеңес сұрап келушілер арасында осындай келіспеушіліктің соңы ажырасуға дейін апарғандар бар. Сол себепті жар таңдауда бар жағдайына көнемін деп ойланып барып шешім шығарған дұрыс.
Әлі өмірлік жарын кездестірмеген, жары дәрігер болуын қалайтындар бұл пікірлерге не айтады екен?
@. @assel_assanova