- Негізгі бет
- Психология
- Біз неге өсек...
Біз неге өсек айтқанды ұнатамыз?
Біз әңгіме арасында міндетті түрде өзімізден басқа бір адамды болса да, талқылаймыз. Жұмыста, сабақта, кез келген жерде әңгіме жүреді.
Мұның себебі неде? Неге біздің әңгімеміз өзге (тіпті кейде мүлде танымайтын) адам туралы болады?
Осы сұрақ төңірегінде психологтар ізденіп көріпті. Олардың айтуынша, адам баласы өзге біреудің ісінен хабардар болып жүрмесе, жабайыланып, қоғамнан бөлектеніп қалады екен. Демек, өсек айту біздің болмысымызға тән болғаны.
Тағы да тереңдей түссек, өсек айту арқылы қарым-қатынас жасау біздің өмір сүруімізге ауадай қажет деген тоқтамға келуге болады.
Сондықтан да, біз өсектен қаша алмаймыз. Дегенмен «өсекші»деген атқа қалмаудың жолдары бар.
Сіз біреу жайлы айтайын деп жатқан кезде мына сөздерді қолданыңыз: «Менің ойымша», «Менің пікірімше», «сияқты»... Әрі сөзіңізді он ойланғаныңыз жөн. Біреудің сізге сеніп айтқан құпиясын ашқалы жатқан жоқсыз ба? «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, сіз досыңыздың құпиясын біреуге байқамай айтып қалғанның өзінде, ол міндетті түрде досыңызға жетіп, ендігіде сізге ешкім сенбейтін болады.
Сонымен қатар, ештеңеге нақты сенімді болмай тұрып, негативті болжам жасаудан аулақ болу керек. Ал айтқыңыз кеп бара жатса, тіліңізді тістеп, біреу туралы жаман ойыңызды сыртқа шығармай, сақтап қалыңыз. Бұл сіздің ата-анадан алған тәрбиеңізден хабар береді.
Мынадай қызықты әрі қиын жағдай кез келген адамның басында болады деуге болады. Танысыңыз Айгүл мен екінші бір танысыңыз Гүлжан екеуі бір-бірімен ренжісіп қалды. Айгүл сізге келіп, Гүлжанның қандай арам ойлы адам екенін айтып, мұңын шақты. Ертеңіне Гүлжан сізге келіп, Айгүлдің өзіне істеген сатқындықтарын айтып, жылады. Осы жағдайда, не істеу керек?
Үнсіз, бейтарап қалыңыз. Екеуінің де айтқан сөздерін мұқият тыңдасаңыз да, ситуацияға баға беруден аулақ болыңыз. Оларды керісінше татуластыруға тырысқаныңыз жөн. Ал «таныстарыма бей-жай қарай алмаймын» десеңіз, Айгүлге Гүлжанның, Гүлжанға Айгүлдің жақсы жақтарын айтыңыз. Шын мәнінде, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс жасағаны сізге беймәлім. Сондықтан, кез келген жағдайда қосыла өсектеп кетпей, кісілік келбетіңізді сақтағаныңыз жөн дер едік.
Өсек ешкімді жақсылыққа бастап апарған емес. Иә, өзіміз туралы өсек естіген кезде, жанымыз ауырып, өсек жеткізген кісіні емес, сіз жайында нашар әңгіме айтқан адамды жек көріп қаламыз. Дегенмен адамдар әрқашан өзінен бір саты биік тұрған адам жайлы әңгімелеуге құмар. Мәселен өзіміз атақты адамдар жайлы, жұлдыздар туралы айтқанды жақсы көреміз. Сіз жайлы айтылған өсек қоғамдағы орныңызды да айқындап береді.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: azattyq.org
Р. Роза