Біз қайда асығамыз?

Біз қайда асығамыз?

Заманауи адамның өмірі зымырап бара жатқан көлік секілді. Қанша жылдам жүгірсек те, еш нәрсеге үлгермейміз. Артынша күш-жігеріміз біткен кезде «Осы біздер қайда асығамыз? Мәре сызығы қай жерде екен?» деген сұрақ қоямыз. Осылай өмір сүруіміздің қаншалықты пайдасы бар? Осы сұрақтың жауабын бірге талдайық.

Бенджамин Франклиннің «Уақыт – ақша» деген сөздері есіңізде ме? Осы күндері ол өміріміздің ең басты қанатты сөзіне, тіпті, ұстанымына айналған сияқты. Біз өзінің шартын айтып отыратын супер белсенді, әрі қатал қоғамда өмір сүреміз. Нақтырақ айтқанда, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін адам ғана болашақта үлкен жетістікке жетеді деген стереотип қалыптасқан. Мысалы, бүгінгінің әйелі адал жар, сүйікті ана, мінсіз үй күтушісі, мансап жолындағы табысты әйел болуы тиіс. Осының барлығымен бір уақытта айналыса жүріп өзінің нәзіктігін жоғалтпауы керек...


Онда тұрған не бар? Айналада барлығы қызық болып тұрған кезде бір минутты да жоғалтпай меңгеріп алған жөн емес пе деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ осылардың барлығына қол жеткізгенде сәл аялдап, рахатын сезіне алмайтын қасиетіміз бар. Қолымызды тигізе салып, ары қарай жүгіріп кетеміз. Оның не жақсы, не жаман екенін мүлдем түсінбейміз. Жеке басымыздың табыстылығы неде екенін түсінбестен, табысты болуға ұмтыламыз.

Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Ал көбісі оны ойдағыдай сүріп үлгермейді. Алдына мақсат қойып, тек соған жету үшін ғана өмір сүреді. Оған жеткен жағдайда қанат белгісін қойып, жетістіктер тізіміне қосады. Жетпеген жағдайда өмірдегі сәтсіздікке ұрындым деп түсінеді. Тойдың болғанынан, боладысы қызық демекші, жетістікке жету жолы - ең қызықты сәттердің бірі.


Өмірдің дәмі мен рахатын сезіну үшін әркім өзінің темпін таңдауы тиіс. Оның барлығына бірдей ортақ болуы мүмкін емес. Біз біреудің немесе бір нәрсенің артынан жүгіруге міндетті емеспіз. Баламыздың балалық шағын, бимен айналысу, жұмыс ауыстыру мүмкіндігінен айырылып қалсақ не болатынын ойлап көріңізші. Әркімнің өз арманы бар.

Ал өзіңіздің ісіңіз қайда екенін түсіну үшін жан-жағыңызға жақысылап үңіліңіз. Әрине, барлығымыз әр түрліміз. Арамызда мінезіне, болмысына байланысты асықпаса жүре алмайтын адамдар бар. Олар жылдамдықты ауадай қажетсінеді. Ал егер жылдамдықты тек біреуден асып түсу үшін, немесе стереотиптердің негізінде пайдалансақ, ол үлкен қателік болады.


Әркім өз жолын өзі ғана таңдайды. Ал сіздің уақыт пен жылдамдыққа, адам мен заманға, қалыптасып қалған стереотиптерге байланысты ойыңыз қандай? Өмірді қалай сүруді жөн көресіз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: вк желісінен

Қ. Бүйенбай