- Негізгі бет
- Психология
- Бүкіл әлем сізге...
Бүкіл әлем сізге қарсы шықса не істейсіз?
Қандай да бір жетістікке жету жолында, әйтеуір, бір кедергі кездеседі. Қоршаған ортадағы адамдардан бөлек, өз ойыңыз бен күмәніңіз де сізді артқа тартуы мүмкін. Олай болса, мұнымен қалай күресу керек?
Өз-өзіне деген сенімсіздік, мотивацияның жоғалуы, таусылу: әрбір адам осындай қиыншылықтарды бастан өткереді. Және бұл қалыпты жағдай. Бұл қиыншылықтар сіздің жетістікке жетуге деген ынтаңызды арттыратынын біліңіз. Сіздің ой-идеяңызды құп көрмеген, сынап жүрген адамдар көп жағдайда өздері өзгерістерге дайын емес болады.
Сіздің үлкенді-кішілі жетістіктеріңіз, тіпті кішкентай ғана іс-әрекетіңіз өзгелерге қатты әсер етуі мүмкін. Ал бәрімізге белгілі, адамдар өзгерістен қорқады. Айналадағы адамдар сіздің бұрын қандай болсаңыз – сондай қалыпта қалғаныңызды қалайды, себебі, сәл де болса жетістікке жеткен адам өзгереді. Мұны жетістікке жеткен әрбір адам біледі, себебі, оларға бұрынғы өміріндегі жолдастарымен түсінісу, бір тақырыпта әңгіме айту қиындай түседі.
Міне, біздің айтып отырған қиындықтарымыз да дәл осында. Ал осы психологиялық қысымға көп адам шыдай алмайды. Тек бірен-саран адам ғана өзгелердің, сырт көздің қарсылықтарынан «сүрінбей» өтіп, жетістікке жете алады.
Өзімізге сұрақ қоя білейік
Екі сұрақ бұл жағдайдың анық-қанығын көрсетіп береді.
1. Егер мен жетістікке жететін болсам, менің өмірім түгелдей өзгеріп кете ме? Жетістікке жете алмаған жандар сізді көре алмай, қарым-қатынасты бұзады деп ойлайсыз ба? Шын мәнінде, егер айналаңыздағы адамдар сіз армандаған, алға мақсат етіп қойған нәтижеңізге риза болмаса, ол үшін өзіңізді кінәлаудың реті жоқ. Өмір ағын су секілді, ал кейбір жолдастар өмірдің кейбір сәттеріндегі серігіңіздің рөлін атқарды. Ал жаңа деңгейде дәл осындай тағы да жолдастарыңыз болады, оған күмәнданбаңыз.
Осыны түсінген адам бастапқыда өзін жалғыз сезініп, жолдастарының бәрі теріс айналған екен деп ойлайды. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ уақыт өте келе сіз ортаңызға түскеніңізді және бұл орта сізге ұнайтынын сезінесіз.
2. Мен бұл жетістікке өзім шын қызыққандықтан жеткім келе ме, әлде өзгенің көзінде өз абыройымды асырғым келе ме?
Іштей осы сұраққа нақтылы жауап бергеніңіз жөн. Сіздің қатарластарыңыздың қызығушылығы, арманы, алға қойған мақсаты дәл сіздікіндей болуы шарт емес, осы үшін де сіз оларды қиып кетуіңіз керек болады.
Ал егер өзгенің көзінде жоғары көрініп, абыройыңыздың артуы үшін жетістік қуаласаңыз – дос-жарандарыңыздың ақыл-кеңесіне құлақ түргеніңіз абзал. Сырт көз - сыншы деп бекер айтылмаса керек. Олар егер сіздің абырой қуалағаныңызды іштей болса да сезсе, артық іс-әрекетке барып, мойындатуыңыздың қажеті шамалы. Себебі олар сізді сол ынтаңыз үшін сылай түседі.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: stihi.ru
А. Құлтай