Бүгінгі сәтсіздік - ертеңгі сәттіліктің бастауы

Бүгінгі сәтсіздік - ертеңгі сәттіліктің бастауы

Ой заттанады. Не ойласаңыз, сол түптің түбінде өмірде болып жатады. Біз көбіне арманым орындалды деп жатамыз. Кез келген жағдай ойда, қиялда туып, сосын барып жүзеге асады. Ал бір адам не бір оқиға туралы тек қана жаман көзқараста болу біріншіден өзіңізге кері әсерін тигізеді. Психологтардың позитивпен өмір сүру керек дейтіндері де сондықтан. Ал атам қазақ бұл турасында "Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін табар" дейді...

Жаман ойлардан, жағымсыз пікірлерден арылу үшін не істеу керек? Немесе күйзелістен қалай шығуға болады? Өмірден баз кешіп, түңіліп кеткен кездерде көмекке келетін қағидалар тізіміне көз жүгіртейік.  

1. Күйзеліске түскенде көбіне өзімізді тастап жібереміз. Тіпті кей жағдайларда өміріміз осымен біткендей күйде боламыз. Бұл кезде тек миыңыз ғана емес, денеңіз де шаршайды. Ауыр ойлар ұйықтауға мұрша бермеген кезде тәніңіз қалпынан ауытқиды. Сондықтан, өз-өзіңізге демалыс жариялаңыз.
2. Назарыңызды басқаға бұратын нәрсемен шұғылданыңыз. Көптен бері әлдебір курсқа қатысқыңыз келіп жүр ме? Өзіңізден ештеңе аямаңыз. Барып, сол курсқа жазылыңыз. 
3. Бір сәт хош иісті ваннаға түсіңіз. Бұдан кейін әлбетте өзгеретініңізге сенімдіміз. 
4. Жағымсыз ойлардан арылтатын бір нәрсе бар. Ол - махаббат. Дұрысы - баянды махаббат. Өкінішке орай, баянды махаббат бәріміздің пешенемізге жазылмаған. Сондықтан, жақындарыңызға, достарыңызға керек екеніңізді сезінуге тырысыңыз. 
5. Өзегіңізді өртеген нәрсені сыртқа шығарып тастаңыз. Жаныңызды түсінетін жан болса, сірә жақсы. Сондықтан көңіліңізді жанарыңыздан ұғатын адамның қадіріне жетуге тырысыңыз. Ал кейбіріміздің сүрінгенде сүйеу болар адамымыз жоқ. Өмір болған соң, бәрі де болады. Бұндай жағдайда хат жазыңыз! Жүрегіңізді күйзелткен жайтты қағазға тізіңіз. Немесе блог жазыңыз...

6. Өз-өзіңізге сыйлық жасаңыз. Әркімнің сыйлығы әртүрлі. Біреу үшін сыйлық қымбат дүние болса, біреу үшін сыйлық - біреуге қуаныш сыйлау...
7. Өзіңізге сеніңіз! Өзіңізді жақсы көріңіз, сүйіңіз! Қолыңыздан бәрі келетініне бек сеніп, алда талай толағай табыстарға жетем әлі деп ойлаңыз. Бүгінгі сәтсіздік - ертеңгі сәттіліктің бастауы! Жағымсыз ойлардың тұңғиығына түсіп кетуден сақтаныңыз. Нашар оқиғадан жақсы нәрсе көріп, өмірдің ақ жолақтарын сезінуге тырысыңыз... 
Барлық адам ниетінен табады. Біреуге жақсылық жасасаңыз, ол алдыңыздан міндетті түрде қайтады. Жамандық та солай... Пенде болған соң, бәріміздің кемшілігіміз болады. Біреудің кемшілігінен сабақ алған жөн.
Жақсы өмір сүру жақсы ойлардан бастау алады. Жақсы ой - жақсы сөз. Бәріміз жақсы ойлар ойлауға лайықпыз!
Сурет: sjamom.blogspot.com, sport-4-life.ru
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза