"Бүгін сенің туған күнің, ой пәлі - ай!"

Сәби күніңізде туған күніңізді қалай сарылып күтетініңізді бір сәт еске түсіріп көріңізші... Не киемін? Кімді шақырамын? Қандай сыйлық алады екенмін? Шіркін, тәттілерге әбден тоятын болдым-ау! Санамызды осы сынды небір ғажап ойлар билеп алушы еді ғой... Айлар өтеді, жылдар өтеді. Біріміз бой жетеміз, енді біріміз ер жетеміз. Неге екені белгісіз, бала күндегі сол бірі қобалжу толы тәтті сезімдер де, балалық қуаныш та жоғалып кетеді екен.

Жә, жарар, көңіл-күйді түсіріп қайтеміз!? Одан да туған күннің тарихы, дәстүрлері, ырым-тыйымдары туралы әңгіме қозғап, ой дамытайық. Сіздің туған күніңізді атап өтер күн алыс емес шығар...

Тарих және туған күн

Туған күнді тойлау дәстүрінің  қашан және қалай пайда болғандығы туралы нақты деректер жоқ. Десе де, есте жоқ ерте замандардан бері адамзат баласы жыл сайын адамның өмір есігін ашқан сағатында оны айналшықтап жүретін теріс күштер болады, олар адамаға жан-жақтан қарғыс айтады деп сенген. Және сол қарғысты қайтаратын тірі адамдардың ақ тілегі деп тапқан да, осы күні дастархан жайып, өзінің ет жақындарын жинап ыстық ықыласты баталарды тыңдайтын болыпты. Ал туған күннің ең басты дәстүрі – туған күн иесіне сыйлық беру – інжіл заманынан бері келе жатыр.

Туған күн және торт

Туған күндегі торт – бұл тәтті өмірдің басталуының, тілектердің орындалуының нышаны. Торт бетіне қойылған шырақты үрлеудің де өзіндік сырлары бар. Бұл дәстүр тіленген тілектер түтінмен бірге көктегі періштелерге барады деген сенімнен туған. Шырақты өшірмес бұрын, ішіңізден ең игі тілектеріңізді айтуыңызды талап етеді. Бұл дәстүрді өзіңіз де орындап көрген боларсыз. Және тілеген тілегіңізді тірі жанның білмеуі де шарт. Тағы бірі ереже – торттағы шырақтарды бір ғана талпыныста үрлеп өшіру керек. Әйтпегенде, ең жақын досыңыздан көмек сұраңыз, ол жан келешекте тілектеріңіздің орындалуына көмектесетін болады.

 Түс және туған күн

 

Тағы бір дәстүр – туған күн қарсаңында болатын түс. Иә, кәдімгі түс! Бұл түс – бір жылғы өміріңіздің көрінісі болуы әбден мүмкін. Түс сізге бағдаршы және қателіктерден қорғаушы, өзгерістерге дайындаушы болуы да ғажап емес. Сондықтан, түсіңізге мән беріп, бұлыңғыр түс болса, анықтауға, талқылауға тырысыңыз. Адамдар көбіне марқұм болып кеткен жақындарын көріп жатады. Олардың түсіңізде айтқан сөздеріне де құлақ түріңіз.

Қырық жас және туған күн

Қырық жастың төңірегінде алып-қашпа әңгімелер көп. Мәселен, біздің қазекеңдер қырық жасты қайтыс болған кісінің қырқымен байланыстырып, атап өтуге тыйым салып жатады. Қырыққа толған туған күнін атап өткен жағдайда, бәле-жалаға ұрыну қаупі бар деп сенген. Алайда «дәстүр не демейді, ешек не жемейді» дейтіндер қырық жасты дүбірлетіп жасап шығып-ақ бақытты өмір кешіп жатыр. 

Туған күн және ырымдар

Туған күнге өткір заттар мен бөлме өсімдігін сыйлауға болмайды. Сондай-ақ, бет орамал, айна, тарақ тарту етуге де тыйым салынады.

• Туған күніңізде бос әмиянды қабыл алмаңыз. Әйтпегенде, осы жылы қаржылық қиындықтарға ұшырау қаупі бар, бес теңге болса да әмиянға салынуы керек.

• Дастарханға он үш адам отырмайды. Он төртіншіні міндетті түрде іздеңіз.

• Туған күндегі жаңбыр, қар  – жақсылықтың нышаны. Әсіресе, таңертең күн шығып тұрып, арты жаңбырға ұласса тіптен жақсы.

• Осы жылдың қалай өтуі туған күнді қалай атап өткеніңізге байланысты. Егер, бұл күні айналаңызда жақсы достарыңыз болып, керектеріңізді сыйлаған болса, келер жылы да әр қадамыңыз қуаныш пен сәттіліктерге толы болмақ. Ал егер бұл күні көңіл-күйіңіз құлазып, жалғыз қалып жылаумен болсаңыз жыл бойы барлық қиындықты өзіңіз арқалайтын боласыз.

Назарларыңызға ұсынған ырым-тыйымдарға сену де, сенбеу де өз құзырыңызда! Бастысы, туған күніңізде өзіңізді ең сүйікті сезініп, ақ тілектерге малынып, жүзіңіз бал-бұл жанып жүрсе болған. Өйткені, бұл сіздің күніңіз емес пе?!

 Суреттер:antipedagogika.com,kvprivet.wordpress.com,babyblog.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева