- Негізгі бет
- Психология
- Біреумен танысқыңыз келсе...
Біреумен танысқыңыз келсе
Кейде бір адамды күнде көріп, оның кім екенін білуге құмартып жүретін сәт болады. Оның таныс болып кететіні соншалық, амандасар, амандаспасымызды білмейміз. Немесе керісінше, есімін білмесек те, алыстан басымызды изеп, жымиып қоямыз. Ол кездесулер, мектепте, университет қабырғасында, қоғамдық көлікте, дүкенде жүзеге асып жатады. Бүгін бейтаныс адаммен танысқан кезде, бірден сеніміне ие болуға көмектесетін кеңестер ұсынамыз.
Олай болса, объектіңіз сізбен танысып-білісуге келісті. Сіздің тарапыңыздан алғашқы қадам жасалды. Бұл кезеңде араларыңыздағы «жіп» үзіліп кетпес үшін бірден «арқанға» айналдыруға кіріскен жөн. Қарым-қатынастарыңызды сақтап қалғыңыз келсе, ортақ қызығушылықтарыңызға байланысты әңгімелерді жиі қозғап тұрғаныңыз жөн. Мұнымен қатар материалды (тағам алып беру, сыйлықтар, ақшалай көмек) және рухани (құттықтау, қошемет сөздер, мейірімділік, кеңес) тұрғыдан ынталандырып тұрғаныңыз жөн.
Талқылауға ыңғайлы әрі қызықты тақырып таба білудің маңызы зор. Объектіңіз жетістіктерге жетіп жүрген салалар жайында әңгіме қозғауыңызға болады. Оның аз мақтанып алуына себеп те табылады. Әңгімелесушіңіздің бар қызығушылығын біліп алу шарт емес...
Әңгімелесу барысында төмендегілерді іске асырып көріңіз:
- «Детальдау», яғни айтылып жатқан әңгіменің майда бөлшектеріне деген қызығушылық. Оларды қайта-қайта сұрап, қызығып отыру;
- «Ауыстыру». Жоғарыда айтылған детальдардың біреуін іліп алып, тақырыпты жаңа арнаға бұру. Әдетте, бұл әдісті екі жақ та үнсіз қалып қалмаулары үшін пайдаланады.
- «Ойды тұжырымдау». Әңгімені тыңдаушысына сәйкес айту;
- «Қорытынды жүргізу». Бірден қарсы пікірлер айтпастан, бөгде ойларыңызды жасыра тұрыңыз (егер қарсы пікіріңіз болса әрине). Ал ортақ пікірлеріңіз болса, міндетті түрде айтыңыз;
- «Күткенін ақтау». Мысалы, «Мен сіз туралы осылай ойлаған едім. Барлығы да ойымдағыдай шықты» секілді сөздерді айтуыңызға болады.
Объектіңіздің айтқандарына оң көзқараспен қараңыз. Бір нәрселерді нақтылап айта алмаған жағдайда, оны айыптаудың қажеті жоқ. Және оның айтып жатқандарын мұқият тыңдауға тырысыңыз. Мұнымен қатар, «Сіз сөзге шебер екенсіз ғой. Әңгіменің майын тамызады екенсіз. Сіздің осы мінезіңіз қатты ұнап қалды» сынды қошеметтер айтыңыз.
Ал адамдардың бұлай жасауының себебі не? Аздап теорияға кезек берейік:
Адамның мінезі оның қажеттіліктерінің өтелуіне байланысты. Ал ол қажеттіліктер рухани және материалдық болып екіге бөлінеді. Енді бұл екі топты деңгейге бөлуімізге болады. Адам жоғары деңгейге ұмтылған сайын, төменгілерін толтыра түскісі келеді.
Әдетте қарапайым адам физиологиялық қажеттілігінің 85%-ын, қауіпсіздік қажеттілігінің 70%-ын, қарым-қатынас қажеттілігінің 50%-ын, сыйластық мәселесінің 40%-ын, шығармашылық пен өзін таныту қажеттілігінің 10%-ын ғана өтейді.
Адам мінезіне кез келген қажеттіліктің өтелмеуі әсерін толықтай тигізеді деп айтуға болмайды. Сол қажеттілік белсенді түрде көрініс тапқан кезде ғана білінеді.
Рухани әрі материалдық құндылыққа бай адам жаңа істерге ұмтылмайды. Тіпті, оңай жұмыстың өзін қиынсынады. Осы қиынсынуды – мотивациялық, ал бір іске ұмтылуды – мотивация деп айтамыз.
«Осымен доғарайық» теориясы. Теорияның атауына қарап, келесі іс-әрекеттің қандай болатындығын ойлап та қойған шығарсыздар. Енді әңгімелесушіңіздің рухани және материалдық қажеттіліктерін анықтап алыңыз. Ол үшін төмендегі тізімге назар аударыңыз:
- Саяси, философиялық және діни көзқарасы;
- Әдебиет пен өнердегі өзіне үлгі тұтатын кейіпкерлері;
- Отбасымен тату-тәтті өмір сүре ме? Ал қоғамға ортақ ережелерге көзқарасы қандай? Жастарға ше?
- Табысы бар ма? Бар болса оны қалай жұмсайды?
- Қызметтегі орнына және материалдық жағдайына риза ма?
- Алыс-жақын мақсаттары қандай, талап-тілегі, не нәрсеге көңілі толмайды;
- Және ең бастысы мінезі мен шынайы болмысының қандай екендігі.
Әрине, аталған сұрақтарға жауап алу үшін танысыңызды үстелге жайғастырып, қалам мен қағаз беріп қоюға болатын сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл әдісіңіз мүлдем жарамайды. Әсіресе, оның жалақысы туралы сұрағаныңызда, сіз туралы жаман ойға қалуы мүмкін. Әрбір кездесуге дайындықпен барып, алған ақпараттарды анализден өткізіп отырыңыз. Ақпараттарды өңдеу барысында төмендегілерді ескеріңіз:
- Біреуге деген реніші;
- Жіберіп алған мүмкіндіктерге ұмтылуы немесе қазіргі жағдайын түзетуі;
- Сенім, борыш, қамқорлық дегенге көзқарасы;
- Эгоизм, менмендік, қызғаншақтық, сараңдық;
- Өмір сүріп жатқан қоғамға сай жасалған заңдарды қаншалықты бұзатындығы;
- Сөзі мен ісінің сәйкес келмеуі.
Қорыта айтқанда, сізбен сөйлесуге ұмтылатын жандардың сізден талап ететін қажеттіліктері бар. Ол қамқорлық, ашық ой, күлімсіреу, ақша, сіздің мүмкіндіктеріңіз, достық, махаббат және т.б. болуы ғажап емес. Сол себепті достарыңызға мұқият болып, өзгелерге қиянат жасамауға тырысыңыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен, ru. harrypotter.wikia.com
Қ. Бүйенбай