Біреудің пікіріне тәуелдісіз бе?

Біреудің пікіріне тәуелдісіз бе?

Бақытты адам деп кімді айта аламыз? Үй-күйі, жұмысы, көлігі бар адамның бәрі бақытты ма? Сүйгенін тауып, қосылған жан бақытты ма?

Бақыт – кішігірім "бөлшектерден" тұратын ғаламат сезім. Соның бірі – еркіндік. Қандай еркіндік десеңіз, өзі жайлы жұрттың ойынан бос болу еркіндігі.

Тарихтағы мықты, батыл әйелдердің бірі Коко де Шанель "мен жайлы не ойласаңыз да бәрібір, себебі мен сіздер жайлы мүлде ойламаймын" деген тамаша ой айтып кеткен болатын. Біз біреудің пікіріне тәуелді болуға бейімбіз. Рас емес пе?

"Жұрт мен жайлы қандай ойда? Менің әрекетіме риза ма? Менің табыстарым үшін қызғана ма? Мені көре алмай ма?" деген ой екінің бірінде болатыны анық.

Неліктен?

Себебі біз іс-әрекетіміздің нәтижесі біреудің көңілінен шығуы керек екен деген оймен есейдік. Тәрбиеміз, мектепте алатын бағамыз, қосымша жетістіктеріміз ата-анамыздың ойындағыдай болуы тиіс деген мақсатпен өстік.

Әрине, ата-ананың көңілінен шығу үшін талпыну дұрыс емес деп айтпаймыз. Керісінше, бізді өмірге дайындайтын, жетістіктердің маңызы мен өмірде қажеттілігін үйрететін – ата-анамыздың талабы.

Алайда, баласына тым үлкен, күрделі талаптар қойып, тым биік белестерді бағындыруын қалайтын ата-ана баласының санасының да, бейсанасының да дұрыс жетіліп, дамуына кедергі етеді. Себебі, бала кезінен мақсатқа жету "тар жол, тайғақ кешу" арқылы болуына үйренген бала бейсаналы түрде есейген кезде де ауыр жолдарды таңдап, шаршап, қамығады. Ал бұл, өз алдына, оның бақытты болуына үлкен кедергі болары анық.

Баласының қателіктері үшін мінеп, түймедейді түйедей етіп, ұрсып, жазалайтын ата-аналар да бар. Ондай бала өзіне қатал, тым тұйық, жетістіктеріне қуанып, мақтана алмайтын адам болып өседі.

Кез келген адам қателесуге құқылы. Себебі қателіктер – тәжірибенің қалыптасуына әкеледі. Ал тәжірибенің өмірімізде бағасы қымбат екені бәрімізге мәлім.

Әр басқан қадамыңызға өзгелердің көзқарасын аңдуды доғарыңыз. Әйтпесе өмірден ләззат ала алмай, біреудің пікірінің жетегінде кетесіз. Өз пікірі мен қалауына бағынып, әрбір әрекетіне өзі жауап беретін адам көздеген мақсатына жетеді. Ал мақсатына жететін адам бақытты болары анық.

Іске сәт, ағайын!

Сурет: ©Григорий Борисов, Асқар Сеитов

Ұқсас жазба:

Біреудің тұзағына түсіп қалмау үшін...

Ф. Абилова