Біреудің жан жарысың...

Достық адам талғамайды. Сіздің досыңыз – балабақшадағы сәби, мектептегі оқушы, жасы үлкен қария, тіпті әйелі бар еркек те болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ достықта да шекара бар екендігін ұмытпаған боларсыз. Иә, шекара! Мәселен, жоғарыда атап өткеніміздей әйелі бар жігітпен достық қарым-қатынасыңызды алып қарайық.

Сіздің жеке пікіріңіздің қандай екендігінің маңызы жоқ, «әйел мен еркектің арасында достық болмайды!» Және жұрттың бәрі де дәл осылай ойлайды. Сіздің ниетіңіз сүттен ақ, судан таза болып, жаңа құрылған отбасына титтей де болмасын зияныңыз жоқ болса да, сізге сенушілер тым аз болады.

Жігіттің ойында да бөтен ой жоқ. Ол сізді дәл бұрынғыдай сыйлайды, еркелетеді, әзілдеседі. Тіпті, жарына әрдайым сізді үлгі етумен болады, ескі қызықтарыңызды айтудан еш жалықпайды.

Әйелі ше? Әйелінің санасын: «Ескі дос деген не тағы? Кім ол? Қалайша екеуінің арасында махаббат жоқ? Болмады деген сөз енді болады дегенді білдірмей ме?» деген тұманды ойлар толықтай билеп алған. Сондықтан болар, жас отбасының сізді қонаққа шақыруы да сиреп барады.

Сіз бәрін жақсы түсінесіз. Бірақ, досыңызды қимайсыз. Екеуіңіз қаншама жылдар бойы ыстық пен суықты бірге көрдіңіздер, ол сізге әке, сіз оған шеше болып қамқор болдыңыздар. Бір-бірлеріңіздің алғашқы махаббаттарыңызды білесіздер, алғашқы көз жастарыңызды бірге бөлістіңіздер. Енді міне, айдаладағы біреу пайда болып, досыңызды сізден әкетіп барады. Не істеймін дейсіз бе? Кеңестеріміз сіз үшін!

Алғашқысы және маңыздысы: әйелінің рөлі сізден басымырақ! Сіз де мұны түсініп, оны мойындайтындығыңызды әйелге білдіріңіз. Баяғыдай кез келген уақытта телефон шалып, әңгіме-дүкен құруға шақыратын, есіңізге түскенде үйіне кіріп шыға салатын әдеттеріңізді доғарыңыз. Әрине, мүлде доғарудың қажеті жоқ. Телефон шалсаңыз, алдымен әйелімен сөйлесіңіз, содан кейін досыңызды шақыруын сұрағаныңыз дұрыс болмақ.

Жаныңыз қиналып, демеу іздеп тұрсаңыз да, досыңызды әйелінен жасырып шақырып, қателікке жол беріп алмаңыз. Кейіннен сізбен кеткенін біліп қоятын болса, келіншекті ешқашан сендіре алмайсыздар. Досыңыз: «Жаным, сені қызғанып, ренжитін болар деп айтпап едім...» дегендерді айтып ақталуын-ақталады. Бірақ әйел ешқашан нанбайды. Міне, содан бар бәле басталады да кетеді.

Екеуіңіз оңаша қалған сәтте досыңызға әйелін жамандауға мұрсат бермеңіз. Егер ол шерін ақтарғысы келсе, қосылып өсектеуші болмаңыз. Сіз де әйелсіз және өзге әйелдің кемшіліктерін талқылау сіздің шаруаңыз емес! Соңында отбасы жанжалының себепкері атанып, жалғыз қаласыз. Ал олар татуласпай қайда барады дейсіз?

Досыңызды жұбайынсыз мерекелік кештерге шақыруға болады дегенді біржола ұмытыңыз. Келіншегі ұсынысты қабылдамаса, онда басқа шаруа. Бірақ екеуін бірге шақыру керек. «Ол біздің ортамызға жат!», «Онымен не сөйлесерімді елестете алмаймын» деген сынды улы ойлардан арылыңыз. Сіздер өздеріңіз әзіл әңгімелер айтып, өткен күндеріңізден сыр шертіп отырғанда оның бір бұрышта іші пысып, әңгімелеріңізге қосыла алмай, мұңайып отыруына жол бермеңіз. Жігіттің досысыз ба? Жұбайымен де достық қатынас орнатуға тырысқаныңыз жөн. Әйтпегенде, келесі жолы әйел келмейді. Жо-жоқ, қуанбаңыз! Екінші рет досыңыз жалғыз келгенімен, үшінші рет мүлде келмейтіндігін біліңіз.

Бұрынғыдай еркін бет сүйісіп, құшақтасып, құраласып жүре беретін әдеттеріңізді аздап азайтқаныңыз абзал.

Сіздің көзқарасыңыз бойынша, оның әйелі талғамсыз киініп, боянатын, есірік, ақылсыз болса, бұл туралы ел-жұртқа айта берудің қажеті жоқ. Өсек деген желден де тез тарайды. Мұндай алып-қашпа әңгімелерді құлағына құйып алған досыңыздың жұбайы: «Бұл қалай болғаны, сен басыңа шығарып ұстайтын досың бетіме күліп жүріп, артымнан әңгіме таратыпты...» дері анық. Дәл осындай өкпе-наздар жиі айтыла бастайды. Сіз досыңыздың: «Иә, сен неге талғамсыз киінесің? Анау алған қызыл бәтеңкең не? Сен есерсоқсың! Ол менің туған әпкем сияқты, ол айтса, рас айтады...» деп айтатындығына сенімдісіз бе?

Әй, қайдам...

Сондықтан сыни көзқарастарыңызды тежеп үйренгеніңіз бәріңіз үшін тиімді болмақ. Досыңыз ғашық болған екен, яғни оның бойында да жақсы қасиеттер бар деген сөз. Соларды іздеңіз. Бұрынғыдай қиындықтарыңызды бөлісу үшін түн ішінде ұшып келетін досыңыздың енді өз аққуы бар екенін мойындаңыз.

Ештеңе де қорқынышты емес. Досыңыз үйленіп, үй болып жатса, сіздің оған деген құқығыңыз жоғалады деген сөз емес. Сіз сол құқықтарыңызды іске асыру құқығын жоғалтасыз деген сөз. Қалай болғанда да, әйел мен әйел арасындағы достық ғажап нәрсе емес пе? Кім білсін, сіз өмір бойы қол ұстасып жүретін жаңа құрбы тапқан да боларсыз...

  Суреттер:sugrob.com,vk.com,neboley.com.ua

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева