- Негізгі бет
- Психология
- Біреу сізге балағаттайтын...
Біреу сізге балағаттайтын сөз айтса, қалай жауап қайтарасыз?
Сізге жамандық жасаған адамның егізіне айналудың қажеті жоқ. Сізді дұрыс жолдан адастыруына да мүмкіндік бермеңіз.
Марк Аврелий
Сізге біреу әдейі немесе байқаусызда балағаттайтын сөздер айтты делік. Көңіліңізге тиді ме? Неге? Оның бұл сөздеріне не себепті жауап қайтармадыңыз? Әлде өзіңіз кінәлісіз бе? Психологиялық шабуылдарға төтеп беруді білмейсіз бе? Балағаттау дегеніміздің өзі не? Олай болса, бірінші, Уикипедиядағы анықтамаға назар салайық: «Балағат cөз (Боқтау, Боқтық cөз) - күнделікті тіршілікте қолдануға қатаң тыйым салынатын жаман сөз. Мұндай әдептен тыс жағымсыз сөздің жат көрінетіндігі соншалықты, оны адамның үлкен дәретінің атымен атайды. Мұндай сөз орамдарын дәстүрлі ортада шару сөз, боғауыз сөз, әбес сөз деп те атайды. Біреуге боғауыз сөз немесе балағаттау ащы, зәрлі, тұрпайы сөздермен қатар, ұятты іске және адам денесінің ұятты жерлеріне қатысты сөздермен де жеткізіледі. Халық балағат сөзді зиянды әсері бар деп есептейді. Дәстүрлі ортада орныққан әлеуметтік қатынастардың қағидаларына сәйкес балағат сөздің де өзіндік «тәртібі» қалыптасқан. Яғни балағат сөз бағытталған адамның жас және жыныстық ерекшелігі ескеріледі».
Ескі жау атысқанға жақсы. Бірақ, атысу қажет пе? Біреу сізді әдейі балағаттамақшы болған кезде, ол мұны не үшін жасап жатқандығы туралы ойлаңыз. «НЕГЕ?» деген сұрақ қойыңыз. Мүмкін өзінің дәрежесінің сізден жоғары екендігін көрсеткісі келген шығар... Бұл жағдайда оған тек жанашырлықпен қарауыңыз керек. Ол осы қылығымен өзін ғана сендіре алады. Мүмкін сіздің көңіліңізге тиетін сөздер арқылы жыныңызға тигісі келген шығар? Не үшін? Болмаса өзге біреудің өшін сізден алып жатқан болар? Себебі қандай болмасын, әрдайым не себепті балағаттап жатқандығын анықтап алыңыз. Оны білген соң ғана іс-әрекетіңізді жүзеге асыра аласыз. Бізді ренжітпейді, біз тек ренжіп қалуымыз мүмкін. Яғни кей сөзді көңілге алсақ, кейбіріне мүлдем мән бермейміз. Оның да түсіндіруге тұрарлық себебі бар. Көрші халық орыстың атақты жазушысы Лев Толстой: «Барлығы ойымызға байланысты. Ой – барлық істің бастауы. Әрдайым ойымызды жинақтай алуға тиіспіз. Ең басты кемелділік – ойды түзеу», - дейді. Егер сізді балағаттаған адамға бірден ашулансаңыз, қарсыласыңыз жеңістің мерей тойын тойлайтын болады. Оған мұндай мүмкіндікті беріп қойғыңыз келе ме? Ендеше дұрыс жауап қайтаруды үйренейік.
1) Ақымақтың өзі ғана ақымақ. Бұл сөздер таныс па? Бір-бірімен қатты ұрсысып жатқан адамдар туралы осылай деуге болады. Бір адам тәрбие мен ұстамдылықты шетке ысырып қойып ұрысты бастайды, екіншісі оның ырқына көніп ұрысты қостайды. Екеуіне де жанашырлықпен қарауымыз керек.
2) Кейде тіпті өзімізге бағытталған «жаман сөздерге» позитивті жауап қайтарып та үлгермей қаламыз. Ол жаман сөздер жүрекке ине секілді қадалады. Дұрыс жауап беруді білмесек те, артынша кек сақтап, ренжуді білеміз. Енді сәл кідіріп, осы ситуацияны сырттан бақылап көріңіз. Күлкілі әрі ақымақтардың ісі. Асыл өмірімізді не нәрсеге құртып жүрміз? Ашуланып тұрған адам өзгені ренжіткенін бірден ұмытып кетеді, ал ренжіген жанның жайы басқа. Бір сәтке терезенің алдына барып, даладағы бір затты бақылап, терең демалыңыз. Назарыңызды басқа затқа аударған соң, жүйкеңіз тынышталды. Бірақ, болған жайды әлі ұмытқан жоқсыз... Тоқтаңыз! Жаман ойларды шетке ысырыңыз! Лимон қосылған шәй ішіңіз. Комедиялық фильм көріңіз. Позитивті толқынға ілесіңіз.
3) Ал өзіңізді ренжіткен адаммен енді қалай сөйлесесіз? Егер ол жақын адамыңыз болса, оған барлығын ашып айтыңыз. Өзіңізді ренжіткенін де жасырмаңыз. Артынша міндетті түрде жеңілдеп қаласыз. Ал егер бұл бастығыңыз болса, жағдай қиын. Оныменен қандай жағдай болмасын сөйлесуіңізге тура келеді. Сөйлесу үшін де арнайы тәсіл ойлап тапқаныңыз жөн. Психолог мамандар «Бастықтарыңызды үлкендердің мазасын алып, үнемі төбелесіп, жылағанды жақсы көретін ерке бала секілді елестетіңіз» дейді. Оны тынышталдырып, маңдайынан сипап қою қажет. Нәтижесі тамаша!
4) Бұдан өзге «аквариум» әдісі бар. Көпшілік жиналған жерде байбалам салып, барлығына ұрысып жатқан адамды аквариумдегі балықпен теңестіріп көріңіз. Аузының жыбырлағанын көргенмен, оның дауысын естімейміз.
5) Қазақ атам «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Мұның өзі де жақсы тәсіл. Бірақ, үлкен ұстамдылық пен сыпайылықты талап етеді. Яғни, балағаттап тұрған адамға сыпайы жауап қайтару. Немесе жәй ғана: «Не деген тәрбие көрмеген дөрекі адамсыз» деп айту. Бұл оттың үстіне суық суды құйып жібергенмен бірдей. Қандай жағдай болмасын, оның кідіріп қалуын пайдаланып, «ұрыс алаңынан» кетіп қалуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Ең жаманы – ұрысып тұрған адамға балағаттайтын сөздермен жауап қайтару. Дәл осылай жауап қайтару арқылы екеуіңіз ағайындыларға айналып, оның дәрежесіне түсесіз. Әрине, осылайша ашуыңызды тарқатып алуға болады. Әсіресе, дауысыңызды екі октаваға жоғарылатсаңыз.
6) Жаман көңіл-күйді сумен ағызып жіберу арқылы, өзіңізді босата аласыз. Кран суын ағызып, ойыңыздағы барлық сөздерді соған айтыңыз да, суық сумен бетіңізді шәйіңіз. Осылайша ақылдырақ шешім қабылдайсыз. Ал қарсыласыңыз өзінің кім екендігін көрсетті. Оны осы күйінде қабылдау немесе қарым-қатынастарыңызды үзу тек сіздің ғана қолыңызда. Ал біз сізге күніңіз сәтті өтсін дейміз!
Ал сіз не істейсіз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: mirtesen.ru
Қ. Бүйенбай