- Негізгі бет
- Психология
- Біреу сіздің жыныңызға...
Біреу сіздің жыныңызға тисе...
Жер бетінде бірнеше миллиард адамның болғанына қарамастан, олардың сөз саптауы, іс-әрекеті, сөйлеу мәдениеті, мінезі әр түрлі. Сол мінезі әр түрлі адамдар қарым-қатынас кезінде бір-біріне ұнамсыз қылықтар көрсетуі мүмкін. Ал сол адамның бірі сіз болсаңыз ше? Уайымдамаңыз, кез келген қиын мәселенің шешімі бар. Кезекті мақаламызда біреу жыныңызға тисе, қандай әрекет жасағаныңыз дұрыс екендігін талдаймыз.
Еш нәрсені ұнатпайтын адамдар
Мұндай адамдар ашуланшақ келеді. Көп жағдайда эмоцияларын жасыра алмайды. Өзгелерге сын айтып, үлкен талаптар қояды. Көпшіліктің алдында ұялтуы мүмкін.
Не істейміз? Айыпты болсаңыз, ақталып, дөрекі сөгісіне жауап қайтармаңыз. Мұндай адамдар өзінің өтірігін жасыру үшін ашуланады. Сол себепті салмақты сөйлеуге тырысыңыз. Әдетте, ашуланшақ адамдар өзіне сенімді, байсалды жандарды ұната бермейді.
Өзгелерді тыңдамайтын адамдар
Досыңызға немесе құрбыңызға бір нәрсені түсіндіргіңіз келді делік. Айтқаныңызды ұғатын емес. Еңбегіңіз еш кетіп жатыр. Сізді тыңдап тұрған адам басын изегенмен, мүлдем басқа бір нәрсені ойлап тұр. Нәтижесінде барлығын басынан айтуыңызға тура келеді.
Не істейміз? Мұндай адамдарды таң қалдыру керек. Оған ақылға сыймайтын әрі жағымды бір нәрсе айтып көріңіз. Мысалы, біздің жалақымыз үш есе өсетін болыпты. Мұндай жаңалықтан кейін әр сөзіңізді мұқият тыңдайтыны анық. Артынша өтірік айтқан жеріңізді түзетуді ұмытпаңыз.
Үнемі кешігіп жүретін адамдар
Бұл жағдай мектеп оқушысының да, студенттің де, қызметкердің де басынан өтеді. Әдетте, кептелісте тұрып қалдым, сағатым артта қалып қойыпты сынды сылтаулар айтады.
Не істейміз? Үнемі кешігіп жүретін адамдар өздері ұнататын меркелерге ғана уақытында келеді. Келесі жолы оны екі сағат кеш уақытқа шақырыңыз. Көп нәрсені жіберіп алғандығын түсінген соң, кешікпейтін болады.
Үнемі шағымданатын адамдар
Жанына бара қалсаңыз, өмірінің келеңсіз оқиғаларын айтып, көңіл-күйді бұзады.
Не істейміз?
Егер бұл жаныңызға жақын адам болса, мұқият тыңдап, шешімін табуға көмектесіңіз. Ал бейтаныс көршіңіз немесе алыс туысқаныңыз болса, оның не үшін айтып жатқандығы туралы ойланып көріңіз. Ақылды адам өз сырын өзгеге айтпайды. Бар болғаны оған «аянышты кейіпкердің рөлін» ойнаған ұнайды. Оған қиын өтініш білдіріңіз. Көрген сайын осы әрекетіңізді қайталап отырыңыз. Бұдан кейін жоламайтын болады.
Барлығынан қорқатын адамдар
Өзіне сенімсіз адамдар барлығынан қорқады. Мысалы, біреудің поштасына хат жіберу үшін де оны 10 рет оқып тексереді. Жіберген соң да ойланып жүреді.
Не істейміз? Мұндай адамды жігерлендіруден басқа амалыңыз жоқ. Оған ашылуға мүмкіндік беріңіз. Өмірге бір-ақ рет келетіндігіне, осы өмірде бар мүмкіндікті пайдаланып кетуі тиіс екендігіне сендіріңіз.
Табысқа сенбейтін адамдар
Олар қолдарынан еш нәрсенің келмейтіндігіне әбден сеніп алған. Табысқа жетіп тұрса да, артынша қандай жамандықтың күтіп тұрғандығын ойлаумен болады.
Не істейміз? Бір қызығы пессимист адамдар өте еңбекқор келеді. Оның жоғарыдағы қорқынышын жаңа іске дайындық деп түсінген жөн. Бұл адамдар жарты сағат өтпестен жатып жақсы нәтиже көрсете бастайды. Сол себепті бұл секілді тақырыптарды талқылап өз уақытыңызды шығындамағаныңыз жөн.
Үнемі үндемей жүретін жандар
Сұр тышқан секілді көпшілікпен сөйлеспейтін адамдар болады. Бұл тіл табыса алмағандықтан емес, оны қажетсінбегендіктен деп түсінгеніңіз абзал.
Не істейміз? Арнайы жобаны ойластырудың қажеті жоқ. Екеуіңізге де қызық болатын тақырыпты қарастырып көріңіз. «Ия», «жоқ» деп қысқа ғана жауап беруге келмейтін қиын сұрақтар қойыңыз. Оны сөйлеткіңіз келгендігін емес, шын ниетіңізбен сөйлескіңіз келетінін білдіріңіз.
Ал сіз әдетте не істейсіз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет:athessmagazine.gr
Қ. Бүйенбай