Психолог ғалымдар адам мінезін зерттеп, зерделеуден талмайды. Жай зерттеп қана қоймай, бір-біріне ұқсастықтарын тауып, қорытынды түйін шығарады. Сондай кезекті тұжырымдардың бірі адамдардың қандай шоколад таңдайтынына байланысты жасалған.
Қара шоколад таңдайтындар өз құнын жақсы біледі. Олардың ішкі рухы биік болуымен қатар, туа сала басқаларды соңынан ертіп, ұйымдастыруға, басқаруға шебер. Агрессивті күйге жиі түседі, өзгелерге өктемдік көрсетеді. Болашағына аса сеніммен қарап, дәл өзі қалаған адам болатынына еш күмән келтірмейді. Жай ғана тәтті қиялға беріліп, ауадан қамал жасау ұғымын мүлде түсіне алмайды. Іс-әрекет пен нәтиже көрсету ұғымы нағыз осы адамдарға арналған. Олар бір түзудің бойымен ғана жүреді, өте әділ әрі қатал. Мұндай бастық ең жалқау да керітартпа ұжымның өзін аяғынан тік тұрғызып, нағыз шебер мамандарға айналдырады.
Сүтті (молочный) шоколадты көбіне әйел адамдар таңдайды. Бұл нәзік, қылықты жандардың таңдауы. Келешегіне күдікпен қарап, өткенін сағынышпен еске алып отырады. Олар жауапкершілігі мол жиналысты, маңызды кездесуді саябақтағы не кафедегі достармен, туыстармен бас қосу рәсіміне қуана-қуана айырбастай салады. Олар арманшыл, еркелей күлімсіреп қояды, басқаларды сабырлы көзқарасымен-ақ тыныштандырады. Оның құшағының өзі ерекше мейірімге, жылуға толы.
Ақ шоколадты таңдайтындар өмірді өзгерте алатынына аса сеніммен қарайды. Олар туа бітті күрескер, бітімшіл жандар. Кикілжіңді жек көреді, ұрыстардан бойын аулақ салады. Ақ шоколадты таңдайтын ер адамдар бір көріп ғашық болуға сенетін және отбасының шаңырағын биік ұстауды ойлайтын азамат боп келеді. Өзіне қатысы жоқ істер болса да, әділетсіздікке қарап тұра алмайды. Адал дос, қамқор жар болады.
Жаңғақты шоколад өз мақсатына сенімді әрі батыл түрде қадам басатындардың таңдауы. Жолында кездескен қиындықтардың барлығын батылмен шешеді. Өз армандары мен идеялары арқылы өзгелерді соңынан оңай ертеді.
Ішінде жұмсақ салындысы бар шоколад романтик, шығармашылық адамдарының талғамына сай. Олар көпшіл, ашық, жиі күліп, маңайына нұр шашып жүреді. Орындалмас армандарға, тіпті Аяз Атаның барына сеніп жүреді. Крем салындысы бар шоколад жақсы көретіндер қамқор да елгезек. Олар отбасының ұйып, берекесі кіріп отырғанын бәрінен маңызды санайды. Кофе салындысы қосылған шоколадты ұнатсаңыз, дүниеге кең қырынан қарайсыз. Бұл адамдар үшін барлығы бірден бола салуы тиіс, шыдамсыз.
Көңілді, бейқам адамдар шоколад дражесін жақсы көреді. Олар еш мәселеге бас қатырмайды. Барлық сұрақты оңай да тез шешеді. Оның жанында жүрсеңіз іш пыспайды. Тіпті кейде қай кезде қалжыңдап, қай кезде шынын айтып отырғанын ажырату қиын.
Басқаларына қарағанда қайсысын көбірек жақсы көресіз?