Бір минут

Бенджамин бір жас жігіттің кеңес сұраған телефонын қабылдайды. Соңында ол табысқа жетуді аңсайтынын, өзіне жөн сілтеуге мұқтаж екендігін айтады. Ол әлгі жаспен уәделесіп, кезігетін уақыт пен орынды белгілеп қояды.

Уәделі уақытта жас жігіттің келуін күтіп отырған Бенджамин есігін айқара ашып тастайды. Бірақ есік алдына келген жас жігітті көз алдындағы жағдай әңгі-тәңкі етеді. Бенджаминнің үйінің әптер-тәптері шығып жатыр екен.

Жас жігіттің тіл қатуын күтпестен, Бенджамин оған сәлемдесе жөнеледі: «Үйінің сұрқын көрдің ғой, қорыс-қопасы шығып жатыр. Сыртта бір минут күте тұрсаң болғаны. Мен жиып жіберейін. Содан соң кір». Сөйлеп жүріп Бенджамин есікті ақырын жауып қояды.

Айтқанындай-ақ бір минутқа жетер-жетпес уақытта Бенджамин есікті қайта ашып, жас жігітті ыстық ықыласпен үйге бастайды. Бұл кезде жас жігіттің көз алдында баcқаша көрініс келді. Үйдің ішіндегі бар дүние орын-орнына қойылған, тіпті, екі стақанға жаңа ғана құйылған қызыл арақтың иісі бұрқырап тұр екен.

Бірақ әлгі жас жігітке өмір, қызмет жөнінде жауабын таба алмай жүрген күдікті ойларының бірін де айтқызбастан, Бенджамин аса ілтипатты түрде: «Стақанды көтеріп жіберейік! Сосын қайтуыңа болады!» деді.

Жас жігіт қолындағы стақанды ұстаған күйі қысылған, әрі өкінішті әлпетпен былай деді: «Бірақ, мен... Мен сізден әлі тәлім алған жоқпын ғой...».

«Осылар... жетпеді ме? – Бенджамин күлімсірей үй-ішін шолып өтті, - Сен кіргеннен бері де бір минут болды».

«Бір минут... бір минут... – жігіт әлде неге ойлана қалды, - Мен түсіндім, сіз маған бір минут уақытта қаншама істерді өзгертуге болатын ақиқатты ұғындырдыңыз».

Бенджамин де ризашылықпен күліп қойды. Жас жігіт рюмкадағы қызыл арақты қағып салды да, Бенджаминге алғысын жаудырып, қуанышы қойынына сыймай келген жағына кетті.

Шындығында, өмірдегі әрбір минутты меңгере білсең, бүкіл өмірді де меңгере білгенің.

 

Бір минутта не тындыруға болады деп қалмаңыз, назар аударыңыз:

Бір минут өзіңізге де, өзгеге де, тұрмысыңызға да қуаныш сыйлай аласыз.

Бір минутта атырапқа көз салып, жайнаған гүлдерді тамашалап, көк шалғыннан, сылдыраған мөлдір бұлақтан ләззат табасыз.

Бір минут жұмсап жым-жырт тыныштыққа құлақ түресіз немесе шырқата ән саласыз.

Бір минут уақытта жаңа бір дос та таба алсыз.

Бір минутта жауапкершіліктің ауырлығын, біреудің күтудің мазасыздығын, екіұдай болудың тақсіретін, үмітсізденген шарасыдықты, жалғыздықтың қасіретін, сәтсіздіктің азабын, жеңістің шаттығын... сезінесіз.

Бір минутта біреуді жігерлендіресіз, енді біреудің сүлкінін түсіресіз, бір минутта кейде тұрмысты қайтадан бастауды талдайсыз.

Бір минут мұқият жан ашыр жандарыңызға, дос-жарандарыңызға, ұстазыңызға қарасаңыз, оларға бақыт дегеннің не екенін ұғындыра аласыз. Қысқа ғана бір минут кейде мәңгілікпен бірдей болмақ.

Бір минут кейде түкке тұрғысыз сезіледі, алайда біз айырылысып алысқа сапар шеккен досымызбен қоштасқанда, осы бір минуттың өзі-ақ өте қымбат сезіледі. Жұмысқа келгенде кешігу-кешікпеудің шекарасы бір минут арқылы өлшенетін кезде, осы бір минутты қадірлеуге тырысамыз. Тағдырдың мәңгілік сапар алдындағы адамдарға тағы бір минут уақыт беруін тілейміз.

Бір минут ішінде біреуге сүйіспеншілік бағыштай аласыз, ортақ ләззатқа, кешірімге ие боласыз, ойыңыздағыны іздейсіз, күтесіз, сенімге ие болып, жеңіске де жете аласыз...

Қысқа ғана бір минутта, тіпті, бір жан иесін құтқаруға да болады.

Бір минут уақытта сізге «Иә» деп, енді біреу «Болмайды» десе, соның өзі-ақ сіздің тұтас өміріңізді өзгертуге жетіп асары хақ.

Бір минут қас-қағымдай сезілгенімен, алайда тұрмысымызға өшпес із қалдыруы ғажап емес.

Мынадай сөз бар: «Әр минутты ең соңғы бір минут деп қарау керек» деген. Егер жұрт әдетте осы сөзді естеріне берік сақтаса, тұрмысты қастерлеуді үйренген болар еді.

Әрбір минутты қастерлеу дегеніміз тіршіліктегі әр күніңізді естелікке алу деген сөз!

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: fastcocreate.com