- Негізгі бет
- Психология
- Бір апта ішінде...
Бір апта ішінде көп мәліметті меңгерген тыңшы
Әйгілі тыңшы Николай Кузнецов фашистер армиясының қатарында Паул Зиберт есімді лейтенанттың лақап атымен жүрген. Николай қарсылас әскер құрамы өзін танып қоймас үшін Зиберт білетін барлық мәліметті меңгеруі тиіс болған. Ол мәліметтер – дүкендер мекен-жайы, Зиберттің өмірбаяны, оның туысқандарының толық есімі, өзінің қолғаптарын қай жерлерден сатып алатындығы, мейрамханалардың атауы, ол баруы мүмкін деген футбол матчтарының нәтижесі. Және мұның барлығын меңгеруге небары бір апта ғана уақыт берілген.
Кузнецовтың есте сақтау қабілеті мектеп шағынан өте жақсы болған. Оның өмір сүруі мен тапсырманы орындауы тікелей осымен байланысты болса керек.
Өмірлік қажеттілік есте сақтау қабілетін жақсартады екен. Енді Кузнецовтың бұған қалай қол жеткізгеніне тоқталайық. Ол, ең алдымен, өзін аталған жерлерге, расымен де, бардым деп сендірген. Жаңа бір нәрсені жаттап жатырмын деп емес, керісінше еске түсіріп жатқандай сезімде болған. Нәтижесінде тапсырманы толықтай орындап, жау тылында фашистердің сұрағына мүдірмей жауап берген.
Біз сөздерді немесе картиналарды емес, шынайы өмірде немесе ойымызда орындаған дүниелерді есте сақтаймыз. Барлығынан да өз істеріміз ұзақ уақыт бойы жадымызда қалады. Сандармен жұмыс істесек, оны есте сақтаймыз. Суретпен жұмыс істесек, суретті есте сақтаймыз.
Тәжірибелердің бірінде ұстаздар оқушыларға математика пәнінен оңай есеп беріп, ертесі оны еске түсіруді талап еткен. Нәтижесінде ешкім де дұрыс айта алмаған. Ал қиын тапсырма берген топ ертесінде барлық санды еске түсірген. Себебі олар тапсырманы ұзақ уақыт бойы орындаған. Ал есте сақтау үшін іс-әрекеттің қандай қатысы бар екенін кезекті материалдарымыздан оқитын боласыздар.
Тыңшы Николай Кузнецов секілді 1 апта ішінде көп мәліметті меңгеру мүмкін деп ойлайсыз ба?
Сурет: fonwall.ru
Қ. Бүйенбай