- Негізгі бет
- Психология
- Бір апта –...
Бір апта – бір кітап
Әр саналы адам білім мен даналықтың қайнар көзі кітап екендігін біледі. Әрқайсымыздың "оқуым керек" деген кітаптар тізімі бар шығар. Соларды ұзаққа қалдырмай, кем дегенде бір аптада бір кітапты оқимын десеңіз, кейбір сиқырларды біліп жүріңіз.
Оқуға тиіс кітаптар тізімі күн сайын өсуде, алайда оларды оқымауға сылтау ретінде уақыттың аздығы мен шаруаның көптігін айтамыз. Бірақ бір аптада айналдырған бір кітапты оқып бітіру сіздің бос уақытыңыз бен сабақ-жұмысыңызға еш кедергі жасамайды. Бұл мәселеде сіздерге мына кеңестер көмек бола алады.
Жоспарлаңыз
Қандай кітаптар оқығыңыз келетіндігі жайлы ойланыңыз. Жоспар құрып, оқимын деген кітаптар тізімін жасаңыз. Қай кітаптарды бірінші кезекте, қайсысын кейін оқығыңыз келетіндігін де ойластырыңыз.
Кітаптарды мұқият таңдаңыз
Оқитын әдебиетті мұқият таңдау нәтижесінде сіз әдеби талғамыңызды қалыптастыра бастайсыз. Осылайша кітап әлеміне одан бетер қызығып, келесі кітапты еке есе тез оқып шығасыз. Сондықтан бірінші бұрыннан оқығыңыз келіп жүрген кітаптардан бастаңыз. Шын беріліп, қызығып оқылған кітапты қалай бітіргеніңізді байқамай қаласыз. Ал кейін кітап оқу үйреншікті уақыт өткізу, әдет болады.
50 бет ережесі
Бұл ереже бойынша алғашқы 50 бетін оқып бұл кітапқа әлі де қызықпасаңыз, оны қалдырып, басқа кітап оқуға кіріскен жөн. Себебі алғашында қызық болмаған кітапты оқу баяулап, жалығып, кітап оқуды мүлдем тастап кетуіңіз мүмкін.
Кітапты бірнеше күнге бөліңіз
Қалың кітапты бір аптада бітіріп тастау тым қорқынышты көрінетін болар. Бірақ оны аптаның 7 күніне бөлсеңіз, бір күнде 70-80 бет қана шығады. Бұл кез келген адамға қиынға соқпас. Қаласаңыз, аптаның бір күнін демалыс деп жариялап, ол күні кітаптарды оқымауға болады.
Уақыт бөле біліңіз
Кітап оқудағы басты кедергі уақыттың тапшылығы. Сондықтан күнделікті кітап оқуға бір сағат бөліңіз. Өзіңізге лайықты уақыт таңдап (түскі ас кезінде, кешкі астан кейін, ұйқыға жатарда), кітап оқуды пайдалы да қызықты әдет қылыңыз.
Жарыс ұйымдастырыңыз
Сіз сияқты кітап оқуды қолға ала алмай жүрген досыңызбен бәстесіп, жарыс ұйымдастырыңыз. Белгіленген уақытта белгіленген кітап не парақ санын оқып тастау шарт болады. Жарыста жеңілген адам жеңімпазды марапаттауы керек. Артынан оқыған кітаптарыңыз жайлы бір-бірлеріңізбен ой бөлісе аласыз. Мысалға блогшы Нұрлан Жанай ұйымдастырған фейсбуктағы Кітап Battle жарысын келтіруге болады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: pconline.com.cn
С. А