- Негізгі бет
- Психология
- Бір әкенің тәрбиесін...
Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды...
Қазақ "Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды" деп жайдан жай айтпаса керек. Әке – асқар тау. "Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер". Алғаш дүниеге келіп, ес білген сәттен бастап баланың нағыз қамқоршысы әке. Қамшыұстарды тәрбиелеу әкенің басты міндеті. Әке болу бар да, әке бола білу бар. Бұл екеуі екі бөлек. Бала бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы әке арқылы қалыптасады. Сөзіміздің негізгі түйіні мына бір тағылымды оқиғада жатыр.
Мейірім мен махаббатқа қанығып, еркелікке бой алдыра бастаған баласының болашағына алаңдаған әке жанына шақырып алып:
– Балам, бүгіннен бастап саған бір тиын бермеуге бел байладым. Маған өз маңдай теріңмен тапқан табысыңды алып келетін бол. Әйтпегенде, шара қолданамын – деп тапсырма береді. Ақ саусақ бала ары жүріп, бері жүріп мардымды жұмыс таба алмай анасына келеді. Анасы тығып азын-аулақ қаражат беріп, әкесіне табыстауға кеңес береді. Бала қуанып, әкесіне келеді. Әке ақшаны алды да жанып тұрған отқа тастай салды.
– Жоқ, сен мұны өз еңбегіңмен тапқан жоқсың! – деп қабағын шытты. Бала шімірікпестен жөніне кете барады. Келесі жолы жары мен баласының қарым-қатынасына алаңдаған анасы тағы да жанашырлық танытып ақша береді. Әкесі оны да бүлк етпестен отқа тастай салды. Бала бұл жолы да теріс бұрылып кетіп қалады.
Арада біраз уақыт өтеді, баласының бейғамдығына әкенің қаһары ояна бастайды, қалтасында қаражаты таусылып, әбігерге түседі. Ақыры қара жұмыс болса да істеуге бел буып, көрші ауылға кетеді. Бірнеше күннен кейін алғашқы табысын алып, кеудесіне қуанышы сыймай әкесіне келеді. Әке тағы да ақшаны алып отқа тастайды. Сонда бала шыдай алмай оттағы ақшаны өз қолымен суырып алады. Әке жымиып:
– Еее, балам! Міне, сен мұны өзіңнің адал еңбегіңмен таптың! – деп басынан сипаған екен.