Әйел мен еркектің қайсысы ақылдырақ екені туралы пікірталастар осы күнге дейін толастамай келеді. Бұған дейін парасат деңгейінің жынысқа ешқандай қатысы жоқ екендігі туралы ғалымдар айтқан болатын. Алайда канадалық психологтар бұл пікірге қарсы шықты.
Канададағы Батыс Онтарионың Филипп Раштон басқарған бір топ психологы ЖОО-ға қабылданып жатқан 17-18 жас аралығындағы талапкерлер арасында парасат деңгейін анықтауға арналған сауалнама ұйымдастырған. Зерттеу нәтижесіне сәйкес бойжеткендерге қарағанда бозбалалардың парасат дейгейі 3,6 балға жоғары екені анықталған. Мұны барлық IQ тестінде кездесетін жалпы фактор көрсетіп отыр.
«Сауалнама барысында телефон нөмірінің соңғы 4 цифрін айтып, оны кері бағытта айтып шығуды ұсындық. Тапсырманы жылдам әрі дұрыс орындау үшін көп еңбек қажет, - дейді Раштон.
Психологтар ерлердің парасаттылық деңгейі ақпаратты жылдам өңдейтін ми қыртысының үлкендігімен байланысты екенін айтады. Ер адамның миы әйелдікіне қарағанда 100 грамм ауыр болады екен.
Уильямбургтегі Уильям мен Мэри колледжінің психологы американдық Брюс Бракен осы жағдайда ғалымдардың зерттеуі дұрыс екенін айтып отыр. Алайда зерттеудің әділетті түрде жүргізілгендігіне күмән келтіреді. Ғалымдар әділетсіз әрекеттерін өздері де байқамай қалуы мүмкін екендігін де жасырмады. «Ақылды бозбалалар қоянжүректілік танытса, керісінше ең ақымақ деген бойжеткендер бағын сынап көруді жөн көрген болар. Егер зерттеу ақыл парасаты бірдей адамдар арасында жүргізілсе, көрсеткіш те түзелер еді», - дейді Брюс Бракен. Және тәжірибе барысында бозбалалар мен бойжеткендердің саны бірдей болмағандығын да айтты.
Раштон өз зерттеуінің білім саясатына айтарлықтай өзгеріс енгізу үшін жасалып отырғандығын, әйел адамдардың академиялық үлгерімінің ер адамдарға қарағанда жоғары екендігін айтты. Яғни IQ көрсеткішінің төмен болуы адамның қоғамдағы беделіне әсер ете алмайды. Оған мысал ретінде Американың бұрынғы президенті Джордж Бушты алуымызға болады. Оның интеллектісі орта деңгейге де жетпейді екен.
Ал Сіздің пікіріңіз қандай? Интеллект деңгейінің адам жынысына қатысы бар ма?
Сурет: Қарлығаш Калиева