- Негізгі бет
- Психология
- Бозбала, болашақ жарыңыздың...
Бозбала, болашақ жарыңыздың ата-анасымен танысыңыз!
Сіздің ұзақ уақыттан бері кездесіп жүрген сүйікті қызыңыз бар... Қарым-қатынастарыңызда бәрі жақсы. Отбасын құру туралы жопарларыңыз бар болғандығымен, әлі де асықпайсыздар. Алайда, қызыңыз сізді ата-анасымен таныстырғысы келеді. Жүрексінесіз бе, ұяласыз ба, әйтеуір, бұл таныстыққа үзілді-кесілді қарсысыз. Осы тақырыпта әңгіме қозғала қалса, арты ұрыс-керіс, ренжісумен аяқталады. Доғарыңыз! Қырсықтығыңызды жалғастыра беретін болсаңыз, қызыңыздан айырылып қалу қаупі бар және бұл әрекетіңіз жігітке лайықты емес. Әрине, біздің ата-бабаларымызда мұндай дәстүрдің кең таралмағандығымен, заманауи жастар үшін бұл қалыпты оқиға. Сондықтан, уақыт созуды тоқтатып, қызыңыздың өтінішіне құлақ түріңіз.
Сонымен, көптен күткен ұлы тойдың сәті де таяп жетті. Ертең болашақ қайын жұртыңызда қонақта болмақсыз. Өзімді қалай ұстаймын? Не айтамын? Әлде жұмған аузымды ашпай отырсам ба? Санаңызды осындай сұрақтар жаулап алды. Қобалжудасыз... Кімнен кеңес сұрарыңызды білмей, басыңыз қатып отыр. Мұныңыз қалыпты жағдай. Саспаңыз, біз ұсынған кеңестер сізді тығырықтан алып шығатындығына сенімдіміз!
«Адам көркі – шүберек». Бұл рас. Және адам туралы алғашқы пікір де дәл осы киімге байланысты қалыптасады. Өйткені, кез келген киім жеке адамның талғамымен, сұлулық, сән туралы түсінігімен таңдалады емес пе? Сондықтан, ең алдымен киетін киіміңізге назар аударыңыз. Туфли, пиджак, спорттық шалбар киіп алсаңыз, қыздың ата-анасы сіз туралы не ойламақ? Және киім – қарапайым әрі таза болсын. Тіпті шұлығыңызға да ұқыптылықпен қараңыз. Мұндай таныстыққа классикалық үлгідегі киімдер жарайды. Жарасымды болуын да қадағалаңыз.
"Сыйлық қымбат емес, сүю қымбат". Айнаға да қарап үлгерген боларсыз? Енді не жетіспейді? Иә, сыйлық! Болашақ күйеу жігіттің құр қол барғаны ұят емес пе? Бұл дәстүр – сіздің аталарыңызда да болған. Анасына – гүл шоғын, әкесіне – кітап немесе қазақы бұйым, әжесіне – орамал сияқты сыйлықтар алуға болады. Бұл жағын оларға не ұнайтындығын жақсы білетін қызыңызбен ақылдасқаныңыз жөн. Құдаларға жағамын деп, тым қымбат сыйлықтар алып қойып жүрмеңіз. Бастысы – түзу ниет пен ақ көңіл. Жоқ дегенде, дәмді әрі сапалы торт ала салыңыз.
"Анасына қарап, қызын ал". Көптен күткен күн де таяп жетті. Бар тәуіріңізді киіп, қолыңызға сыйлықты алып келіп, есікті қағып сіз тұрсыз. Қобалжып жүріп, сәлемдесуді естен шығарып алып, масқара болып жүрмеңіз. Өзіңізді еркін ұстаңыз. Артық сөз сөйлеп, жетістіктеріңізді, жұмысыңызды, машинаңызды, ақшаңызды айтып мақтанудың керегі жоқ. Орнымен сөйлеңіз. Рухани байлығыңызды, ақылыңызды көрсеткеніңіз жөн. Өз отбасыңыз туралы аз-маз әңгіме қозғаңыз.
"Менің болашақ балаларымның анасының ата-анасын құрметтеймін!". Қызыңыздан оның ата-анасын қызықтыратын тақырыптарды алдын ала сұрап алыңыз. Олардың мамандықтары туралы әңгімеге алдын ала дайындалып алғаныңыз жөн. Анасымен түрік, корей сериалдары, көкөністер, асханадағы тағамдар туралы, гүлдерге қарай қарау керектігі туралы, аз-маз әңгіме қозғап қойыңыз. «Қызыңыз, сізден айнымай қалыпты, сіз секілді ақылды әрі сұлу» дегендей комплименттер айта отырыңыз. Ал, әкесімен футбол, бокс, саясат, техника тақырыбында әңгіме айтыңыз. Техникаға қатысты білмейтіндеріңізді сұрап, өзіңізді одан аздап болсын төмендетіп отырыңыз. Оның қызына деген махаббатыңызды, екеулеріңіздің ортақ жоспарларыңыздан хабардар етіңіз. Ол сонда ғана сізді мойындап, қызына қорған болатын азамат ретінде қабылдайды. Дастархан басында алдын ала дайындап қойған әзіл әңгімелерден жіберіп, қызыңызды өміріңізде көрмеген адам секілді жатырқап отырмай, еркелетіп, комплимент айта отырыңыз. Қысқасы, қалай барсыз, өзіңізді солай көрсетіңіз. Жасы үлкен кісілер жасанды қылықтарды тез байқағыш болып келеді. Сондықтан, фильмдердегі идеал күйеу баланың көшірмесін емес, өзіңіздің қолыңыздан келеді деген болашақ шынайы күйеу баланы көрсетіңіз.
Сәттілік өзіңізге және әрекетіңізге байланысты. Оларға өзіңіз қонақта отырған үйдің иелері ретінде ғана емес, сіздің болашақ балаларыңыздың анасын дүниеге әкеліп, мәпелеп өсірген ардақты жандар ретінде қарап, құрметтеңіз! Қыздың ата-анасының көңілінен шыққан болсаңыз, сүйіктіңіз кешіріммен қарап жүрген майда-шүйде кемшілікітеріңізге олар да көз жұма қарайтын болады.
"Қызымды ата-анама қалай таныстырамын?" атты материалымызды мына жерден оқыңыз.
Суреттер:knigge.ru,beautyblog.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева